Қоғам • 31 Наурыз, 2020

Атыраудағы ахуал

979 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Компания көрсеткен көмек

Атырау облысындағы ірі инвестордың бірі – «Теңіз­шев­ройл» бірлескен кәсіпорны коронавируспен күрес шараларына 1,3 млрд теңге бөлді.

Компанияның Үкіметпен және қоғаммен байланыс бөлімінің бас менеджері Рзабек Артығалиевтің айтуынша, Теңіз кен орнында медициналық құрал-жабдықтармен қамтылған 300 орындық оқшаулау орны дайындалған. Қазір компания қызметкерлері дене қызуы өлшенгеннен кейін ғана жұмыс орнына жіберіледі. Ал кеңсе қызметкерлерінің 70%-ы қашықтан жұмыс істеу режіміне көшкен. Олардың жалақысы сақталады.

– Біздің компанияның есебінен бөлінген 1,3 мил­лиард теңгеге медициналық құрылғылар мен жабдықтар сатып алынып, Атырау облысының денсаулық сақтау мекемелеріне беріледі. Қазірдің өзінде құрылғылардың бір бөлігі әкелінді. Қалғаны жақында жеткізіледі. Сондай-ақ «Теңізшевройлдың» бастамасымен «Атырау – Астрахан» тас жолы бойындағы оқшаулау бекеті жабдықталды, – деді компанияның Үкіметпен және қоғаммен байланыс бөлімінің бас менеджері Рзабек Артығалиев.

Атыраудағы ахуал

 

 Қанша экспресс-тест бар?

Өңірлік коммуникациялар қызметінің мәліметіне сүйенсек, коронавирус инфекциясының бар-жоғын тексе­ретін экспресс-тест шетелдерден келгендерге, сондай-ақ жергілікті емханаларға ЖРВИ белгісімен жүгінген адам­дарға жүргізілуде.

Коронавирус белгісі анықталған адамдармен жақын қарым-қатынаста болған тұрғындарға да сынама тест жүргізіледі. Дәрігерлер тест нәтижесін 6 сағаттан кейін алады.

– Атырау қаласында тұрғындардан экспресс-тест алатын 5 вирусология тобы жұмыс істеуде. Жалпы, аймақта коронавирусты анықтауға арналған 700 тест бар. Тест  топтамалары қосымша қажет болса, тағы да тиісті мөлшерде жеткізілетін болады, – деп хабарлады облыстық денсаулық сақтау басқармасы.

Қорда – 824 тонна ұн

Атырау қалалық кәсіпкерлік және туризм бөлімінің мәліметіне қарағанда, қазір 8 наубайхана үзіліссіз жұмыс істеп тұр. Мұнда тәулігіне 40 мың бөлке нан пісіріледі.

«Дәулет Нан» ЖШС-ның нан пісіру цехы өндіріс қуатын ұлғайтуды көздеп отыр. Мұнда осы кезге дейін тәулігіне 7 мың бөлке нан пісірілген. Енді оны тәулігіне 15 мыңға дейін көбейтпек.

– Қазір нан цехында 90 адам жұмыс істейді. Жұмысшылар санын қысқартпаймыз. Керісінше, біз қосымша адамдарды жұмысқа тартып, жұмысшылар қатарын көбейтеміз, – дейді «Дәулет Нан» ЖШС өкілі Фарух Абдуллаев.

Өңірлік коммуникациялар қызметінің мәліметінше, Атырау облысында 824 тонна ұн қоры бар. Оның 520 тоннасы тұрақтандыру қорында сақтаулы. Жергілікті әкімдік төтенше жағдай кезіндегі тұрақтылықты сақтау үшін қосымша 17 мың 115 тонна ұн сатып алуды жоспарлап отыр.

 Жолаушы да, автобус та азайды

Атырау қаласындағы автобустарға мінетін жолаушылар бұрынғыдай көп емес. Тіпті бірнеше есеге азайып кетті.

«Смарт Атырау» КММ директоры Әділбек Таңқиевтің айтуынша, бұрын күніне қала ішіндегі автобус қатынасында жолаушылар ағыны 100 мыңды құраған. Ал қазір 40 мыңға дейін азайғаны байқалған.

– Төтенше жағдайдың енгізілуіне байланысты Атырау қаласында жолаушы тасымалдайтын автобустардың санын 160-тан 140 бірлікке дейін қысқартуға ұйғарым жасадық. Демалыс күндері жолаушыларды 115 автобус тасымалдайды. Рейстен оралған бойда әр автобустың салонына санитарлық тазалық жүргізіліп, дезинфекциялық ерітіндімен өңделеді. Осы мақсатта кондукторларға арнайы қолғаптар мен дезинфекциялық құралдар берілді, – деді Әділбек Таңқиев.

 Автобустар тоқтап тұр

Атырау қаласындағы автобекеттен ауданаралық, қа­лааралық, сондай-ақ халықаралық бағытқа қаты­найтын автобустар тоқтады.

Автобекет директоры Вадим Синкеевичтің айтуынша, осы кезге дейін 6 бағытқа 14 рейс жолаушы тасымалдап келген. Енді Атырау – Астрахан, Атырау – Бейнеу, Атырау – Орал, Атырау – Мақат, Атырау – Индер, Атырау – Құлсары бағытына қатынайтын автобустардың қозғалысы тоқтатылды. Соңғы рейс 28 наурызда Атыраудан Мақатқа ғана жүрген.

– Біздің автобустарымыздың сыйымдылығы – 50 адам. Төтенше жағдай енгізілгеннен бері жолаушылар саны 2-3 адамнан аспады, – дейді Вадим Синкеевич.

 

Жұмасат ҒАЗИЗ

 

Соңғы жаңалықтар