Елбасы, партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың партияның кезектен тыс XІІ съезінде берген тапсырмасына сәйкес 2020 жылға дейінгі партияның жаңа бағдарламасын әзірлеу бойынша жұмыс жалғасуда.
Аталған құжаттың маңыздылығы мен өзектілігін ескере отырып, бағдарламаны дайындайтын жұмыс тобын құру туралы шешім қабылданған болатын. Орталық аппаратта партия Төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен алғашқы жиын өтті.
Жобаны дайындауға танымал ғалымдар мен әлеуметтік және гуманитарлық сала мамандарынан құралған сарапшы топ қатысуда. Сарапшылар бағдарлама жобасының құрылымы мен мазмұны бойынша ұсыныстар әзірледі.
Нұрлан Нығматулин: “Президентіміз, партиямыздың Төрағасы атап өткендей, бағдарлама қоғамдық дамудың әр түрлі бағыттарын қамтитын мақсатты, жүйелі құжат болуға тиіс”, – деп атап өтті.
Жұмыс тобының құрамына Парламент депутаттары, мемлекеттік органдар өкілдері, өңірлерден, партияның Орталық аппараты мен Парламентаризм институтының қызметкерлері, сондай-ақ танымал ғалымдар кірді.
Бағдарламаның дайындалған жобасын партиялық ұйымдарда кең әрі жан-жақты талқылау межеленіп отыр.
“Егемен-ақпарат”.