Аймақтар • 31 Наурыз, 2020

Алматы: Жаңадан індет табылған 9 адам да шетелден оралған

152 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін Алматыдағы Қоғамдық денсаулық басқармасы басшысы Тілеухан Әбілдаев мегаполистегі 31 наурыздағы сағат 14.00 кезіндегі мәліметтерге сәйкес, мегаполистегі эпидемиологиялық жағдай туралы хабардар етті.

Алматы: Жаңадан індет табылған 9 адам да шетелден оралған

Бүгінге дейін Алматыда коронавирустық инфекциясын жұқтырған 82 оқиға тіркелсе, оның ішінде 7 адам стационарда емделіп, үйіне шықты, қазіргі күні бұл адамдар үйлерінде 14 күндік карантинде жатыр. Індетінен арылғандар ішінде төрт ер адам, екі әйел және бір бала бар.

Бүгінгі күні Қалалық жұқпалы аурулар ауруханаларында барлығы 76 пациент коронавирустан емделіп жатыр, оның ішінде 2-і бала бар.

Емдеуге жатқызылғандардың бірі Алматы облысының тұрғыны. 1971 жылы туылған, ЖРВИ белгілері пайда болып, жағдайы нашарлаған әйел Алматыдағы көпбейінді клиникалық ауруханасына жүгінген. Пациенттің анализдері екі жақты, төменгі дәрежелі пневмония бар екенін көрсеткеннен кейін, COVID 2019-ға талдаулар алынды. Нәтижесі расталды. 30-ы күні Қалалық жұқпалы аурулар ауруханасына емдеуге жатқызылды.

Бүгінгі күні 66 науқастың жай-күйі – қанағаттанарлық. 1 ересек науқастың жағдайы ауыр. 9 ересек адамның денсаулығы орташа (1 облыстық).

Екі жасар баланың денсаулығы дұрысталып келеді. Бүгін соңғы талдаулары теріс нәтиже берсе, ол да ауруханадан шығады.

Жаңадан анықталған 9 адамның барлығы да шетелден оралғандар. Кеше, 30 наурызда Ыстамбұл–Алматы рейсімен бес адам ұшып келді. Алтыншы пациент 29 наурызда Минск–Алматы рейсімен және осы айдың әр күндері Дубайдан үш індет жұқтырған адам ұшып келген.

Бүгінгі күні провизорлық орталықтарда 697 адам карантинде жатыр, оның ішінде – 84 бала, екі күндік карантинде 1029 азамат және 3156 адам үй карантинінде жатыр.

 

АЛМАТЫ