Әдебиет • 31 Наурыз, 2020

Тәлкекке түскен тағдыр

1473 рет
көрсетілді
59 мин
оқу үшін

Ауылдағы майдангер қарт Мейірбек Ізтайұлы туралы әкемнің жазған осынау көлемді дүниесі 1995 жылы аудандық «Төлеби туы» газетінің бірнеше нөміріне жарияланған болатын. Бұл күнде Мейірбек атаның да, әкем Әбдіраштың да көзі жоқ. Алла тағалам о дүниелерін берсін. Дегенмен де Жеңістің 75 жылдығы қарсаңында тағдыры тәлкекке түскен майдангердің жорық жолдарын, фашистке пенде болып тұтқынға түскенін, сол жат жерде көрген қиындықтарын оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік.

Тәлкекке түскен тағдыр

Осы ағаның қиын тағдырын жұрт аузынан естісем де, өзінен білуге батпаушы едім. Оған кешегі кеңестік заман тәрбиесі де мүмкіндік бермеді ғой. Ол кезде соғысқа қатысқандар туралы жазғысы келетіндердің жаттанды сұрағы болатын: Қанша неміс өлтірдің? Қандай ордендерің бар? Ал тағдыры тәлкекке түсіп, жауға пенде болып кеткендер, яғни тұтқынға түскендер осындай сауал кезінде күмілжіп, жер шұқып қала беретін. Фашистерден көрген азабы аздай, емшегі езіліп, елім деп елпілдеп келгенде көтерілген көңілі су сепкендей басып, бұл жақтағылар да маңдайынан сипай қоймапты. «Отанын сатқан опасыз» деп, жігерін құм етіп, лағнеттің қара қамытын мойнына іліп, итжеккеннен бір-ақ шығарған жоқ па? Сондықтан да болар, Мейірбек аға екі-үш адамның басы қосылған жерде өткен күндерінен үзік-үзік айтып қалғаны болмаса, шешіліп сыр шерте бермейтін. Сол бір азапты күндерін еске алмауға тырысатын.
«Шындықты айтып шыңғыратын кез келді» дегендей, ауылымыздың қадірлі ақсақалы Мейірбек Ізтаев ағаға жолығып, сол бір кездегі өмірін әңгімелеп беруін өтінгенімде: «Шырағым, бұл аттың жалы, түйенің қомында айтыла салатын әңгіме емес. Үйге келсеңші» деді. Сонымен бір сәтті күні үйіне соқтым. Толай жеңгемнің қою күрең шайын ішіп отырып, Мейірбек аға да түйіні ағытылған жіптей шешіліп сала берді.
– Ол кезде жеті жылдық білімі барлар жерде қалмайтын. Мен де колхозда әрі хатшы, әрі кассир болып жұмыс істеп жүргенмін. Үйде анам, інім, қарындасым бар. Менің табысым айналдырған төрт жанға жеткілікті. Сөйтіп жүргенде 1941 жылы маусым айында әскерге шақырту қағаз алдым,– деп бастады әңгімесін Мекең. – Ауыл бойынша бес адамға шақырту келіпті. Олар Міркәр Сүйіндіков, Орынбасар Мамадалин, Дошан Өмірзақов, Шәріп Тоғысбаев және мен. Бәріміз көңілдіміз. Әр үй кезекпен шақырып, ойнап-күліп, 13 маусым күні аудан орталығы – Георгиевкаға келдік. Ертеңіне Леңгір арқылы Шымкентке алып келіп, пойызға отырғызды. Ол кезде қызыл вагон, Батысқа қарай тартып келеміз. Жолда жүргенімізден тұрғанымыз көп. Жолға деп үйдегілер дорба-дорба тамақ салып берген, соны жеп, ойнап-күліп жарты ай дегенде Харыков қаласына келдік. Біздің пойыздың жанына бір әскери эшалон кеп тоқтады. Бір кезде гу-гу әңгіме көбейіп кетті. Сөйтсек соғыс басталған екен. Мына әскери эшалон сол соғысқа кіруге бара жатыр. Онша қорқа қойғанымыз жоқ. «Қазір мыналар барады да, немісіңді тас-талқан етеді. Әттең, біз үлгере алмаймыз. Киім де, мылтық та алғанымыз жоқ. Алып болғанша мына әскер мен техника, қанша неміс болса да қырып салары сөзсіз» деп ойладық. 
Біздің баратын жеріміз – Житомир облысындағы Бердычев деген қала екен. Сол жерде әскери киім, қару-жарақ таратқан соң, Батысқа қарай кеттік. Алғашқы күні 80 шақырым жаяу жүрдік. Қарсы кездескен босқындарда есеп жоқ. Шығысқа қарай жаяу-жалпылап, атпен, арбамен ағылған жұрт. Япырай, бұл айбынды Қызыл армияға не болған? Босқындардың айтуынша немістер таяп кеп қалыпты. Мұндай жүріске үйренбеген солдаттар, кешке сүріне құлады. Көп адам аяқтарын күлдіретіп баса алмайды. Бәрі бірдей шұлғауын орай алмағандықтан ғой. Бірақ, оған қараған ешкім жоқ. Ертеңіне батысқа қарай тағы да жолға шықтық. Жолдың екі жағы да сыңсып пісіп тұрған бидай. Ортадағы жолда адам лық тола. Батысқа қарай біз беттесек, шығысқа қарай ағылған босқындар. Күн бесіннен ауғанда батыс жақтан қаптап самолеттер шықты. Алғаш бәріміз аңтарыла қарадық. Біреулер өзіміздікі деді. Онша бой тасалай қоймадық. Керек болса мұндай жағдайда не істеу керек екенін де білмейміз. Бір күн де солдат болып жаттықпасақ, мылтық атып көрмесек, бізден не үміт, не қайыр?!. Төбемізге жақындағанда байқасақ, немістердікі. Бомбаларын тастай бастады. Алғаш қызық көрдім бе, түскен бомбаларға қарап қалыппын. Бомбалар жерге түсіп, жарыла бастады. Босқындар мен солдаттар мидай араласып кеттік. Ию-қию біреуді біреу біліп болмайтын аласапыран басталды. Бір кезде «Бидайдың арасына тығылыңдар» деген команда болды, бет-бетімізге тарап, егін арасына жасырындық. Самолеттердің санын біле алмадым. Немістердің алғашқы қарқыны ғой, әйтеуір, көп. Қайта айналып соғып бар бомбасын тастап алған соң, жер бауырлай ұшып, пулеметтен атқылай бастады. Әркім өз басын қайда жасырарын білмей аласұрды. Пісіп тұрған егін лапылдап жана бастады. Еңбектеп оттан алыстауға тырыстым. Самолеттер істерін істеп, жүгінен жеңілдеп алған соң батысқа қарай сап түзеп кетіп қалды. Тірі қалғандарымыз орнымыздан тұрдық. Қырылған адамда есеп жоқ. Жұрт есі ауысқандай мең-зең. Бір-біріне қарамай, жақын маңдағы орманға қарай ағылып барады. Жиналғанымыз шамалы-ақ. Қаншама жан сол жерде қаза тапты. Әзірге дін аманмын. Орманға кіріп есімді жиғанда өз ауылдастарымыздан Міркәр ғана кездесті. Басқаларының өлі-тірісінен хабарсызбыз. Өлді деуге көзім көрген жоқ, тірі деуге алқаптағы сойқаннан аман қалғандардың барлығы осы орманға кірген. Міркәр екеуміз «Ойпырмай-ай, мына заман не болып кетті?» деп жылап құшақтаса көрістік.
Орман ішінде бас-аяғымызды санасақ, солдаттардан 21-ақ адам қалыппыз. Бастап келген командирлеріміздің біреуі де жоқ. Жаралылар қалды ма деп көріп келуге бомбаланған жерге баруға ешкімнің де жүрегі дауалмады. Бұрын соғыс түгілі, адам өлімін көрмеген өрімдей жас жігіттердің есі шығып кеткендей. Ойласа келе шығысқа қарай тарттық. Қазақтан үшеуміз. Бірі – мен, бірі – Міркәр, бірі – Түлкібастың жігіті (атын ұмытыппын). Орман ішімен келеміз. Жолай бір селоға тап болдық. Шетінде бір ХТЗ тракторы тұр. Міркәр барып айналып көрді де:
– Мініп кетуге жарайды, – деді
Ауылда тракторист болып жұмыс істеген Міркәр тез от алдырды да, бір арба тауып тіркеп алды. Бәрімізді арбаға отырғызып, Киев бағытына қарай тартып кеттік. Жолда кездескен селолардан трактордың майын, суын Міркәрдің өзі тауып отырды. Ондайға ылдым-жылдым пысық жігіт еді. Киевке кіре берісте бір офицер тоқтатып, жөнімізді сұраған соң: 
– Трактормен қалаға кіруге болмайды. Өздерің жаяу, орталық паркке барыңдар. Сол жерге өздеріңдей солдаттарды жиып жатыр, – деді.
Айтқан паркіне барсақ, рас екен. Тамақтандырды. Сол жерде бес тәулік тұрдық. Паркті тегін таңдамаған екен. Ағаштар жиі егілген. Самолет келгенде ағаш арасынан адамдар көзге шалына бермейді. Осы бес тәулікте кеп қосылып жатқан адамдарда сан жоқ. Бәрімізді қатарға тұрғызып қойып, әр солдатпен командирлер жеке-жеке сөйлесті. Солдаттар ішінен орыс тілін жақсы білетін, сауаттыларын бір бөліп алды да, Киевтен жеті шақырым орман ішіне алып барып, кіші командирлер даярлауға кірісті. Мен сол топқа қосылдым да, Міркәр Киевте қалып қойды. Содан кейін тағдыр маған Міркәрді көруге жазбапты. Менімен Жүнісбеков Бәйгөбек, Бәженов Смайл деген жерлес жігіттер бірге кетті. Оқу бір айға созылды. Немістер ілгерілеген сайын бізді де шегіндіріп, алыстау жерге апарып жаттықтырды. Сөйтіп біз Полтава, Харьков облыстарының жерлерін басып, Воронежге келгенде оқу да бітті. Енді бізді бөлді. Мен 76-шы дивизияға түстім. Рота командирі Қыстаубаев деген қызылордалық жігіт еді. Маған сержант атағы берілген. Бір бөлімше командирі етіп тағайындады. Ұрысқа кірістік. Алма-кезек тартыс, бірде шегініс, бірде шабуылға шығып, соғыс жүріп жатты. Қаншама жолдастардан айырылдық. Орнына қаншама адамдар келді. 
Есімде бір қалғаны... 1941 жылдың қараша айы еді. Үш бөлімше үш жерден шеп құрып жатқанбыз. Немістер шабуылға шықты. Менің бөлімшемде батальон командирінің орынбасары (атын ұмыттыппын) және рота командирі Қыстаубаев бар еді. Басшылықты комбат орынбасары өз қолына алып, бізге шегінуді бұйырды. Кейін кетіп, екінші бөлімшеге, одан кейін үшінші бөлімшеге қосылдық. Дұшпан бұл жерден де қуып шығып, бір селоға келіп жасырындық. Шегініп келе жатып қарасам, бір жертөле тұр екен. Соған кіріп кеттім. Дереу мылтығымды есікке қаратып қойып жата қалдым. Менен өзге ешкім кірмеді. Байқаймын, біздің адамдар шегініп кетіп, немістер өтіп жатыр. Амал жоқ, үнсіз жатуға тура келді. Немістер өтіп кеткен, атыс дауысы алыстау жерден шығады. Сыртқа шықсам, атып тастары сөзсіз. «Не де болса кешті күтейін. Түнге қарай бір әрекет етермін» деп жатырмын. Түс ауа атыс даусы жақындап келді де, немістер шегіне бастады. Қарсы шабуылға шыққан біздің әскерлер фашистерді селодан қайта қуып шықты. Мен де жертөледен шығып, өзіміздің шебімізге келсем, мен танитын біреуі де жоқ, бәрі бөтен. Мені штабқа шақыртып алып кетті. Барған соң бүгінгі шегінгеніміз жайлы сұрап-сұрап, «бара бер» деп босатты. Бөлімшеме қайтып келсем, менің орныма басқа командир тағайындап, маған «қатардағы солдат ретінде, соғысасың» деді. Бұйрықтың аты бұйрық. Көнбеске лаж жоқ. Кейін естісем, батальон командирінің орынбасары мен Қыстаубаевқа әскери сот болып, орынбасарды ату жазасына кесіп, Қыстаубаевқа «айыбыңды қаныңмен алғы шепте жуасың», деген үкім шығарыпты. Жоғарыдан оларға «Өл, бірақ бір адым да шегінбе» деген бұйрық берілген екен. Орынбасардың тағдыры қалай шешілгенін білмеймін. Ал, Қыстаубаев біздің қатарымызға келіп қосылды.
Волчанск деген жерде қарсы шабуылға шықтық. 1942 жылдың 8 қаңтары еді. Соғыс сондай қатты болды. Әйтеуір белгіленген межені алдық. Волчанск жау қолынан азат етілді, бірақ бұл тым қымбатқа түсті. Бүкіл полктан 13-ақ адам сапта қалыппыз. Полк кешке қарай тылдан келгендермен толықты. Мені штабқа шақыртты. Келсем, менімен бірге аға сержант Каримов деген түркімен жігіті де шақырылған екен. Екеуміз бірге кірдік. Штаб бастығы жағдайды сұрап алды да:
- Бүгін қосымша адам алдық – деді маған қарап. – Бәрі сенің жерлестерің – Қазақстаннан. Көбі орыс тілін білмейді. Соларға сен командир боласың.
- Қанша адам?
- Үш жүз.
- Мен мұнша адамға басшылық жасаған емеспін. Алып кете алмаспын, – дедім.
Содан ары-бері ақылдаса келе Каримов – командир, мен – көмекшісі болып оларды ұрыстан алыстау жерге апарып үйретуге келістік. Жерлестерімнің жатқан жеріне келсем, ешқайсысына әскери киім берілмеген, оқ-дәрінің иісін иіскемеген, алды қырықтың үстіне шығып қалған, арты жап-жас бозбала. Бәрі де Орал облысының Жымпиты ауданынан екен. Ертеңіне киім үлестіріп, жаттығуға кірісіп кеттік. Қараймын, бәрінде уыс-уыс ақша.
– Оу, бұл ақшаны не істейсіңдер?
– Қайдам, – деді егделеу біреуі. – Ағайын-туыс, жекжаттар бере беріпті. Бір керегі болар деп біз ала беріппіз.
– Бұл жерде ақшаның түкке қажеті жоқ. Сіздер үйлеріңіздің адресін маған жазып беріңіздер. Пошта арқылы кейін салып жіберемін, – дедім. Олар келісіп, ақшаны жинап, адрестерін жазып берді.
Оралдықтарды бір ай дайындықтан өткізіп, бәрін бөлімдерге таратқан соң бөлімшеме оралдым. Арада біраз күн өткенде біреу келіп: «Сені жерлестерің іздеп жүр» деді. Іздеп бардым. Барсам, бәрі бір жерде жиналып отыр екен. Ішінен егде тартқан бір кісі:
– «Ақшамызды жиып беріп, қандай қуға тап болдық» деп, күдіктенгенімізді жасырмаймыз. Бәріміз де үйімізден хат алдық, ақша қолдарына тиіпті. Азамат екенсің. Біз саған осы көптің атынан рахметімізді айтып, бата берейік деп шақырып едік, енді бауырым қолыңды жай,– деп бата берді. Қаншама қырғынды көрдім, қаншама азапты бастан өткердім. Туған жерге ораламын деп ойлаған емес едім. Мені сол тозақтан алып шыққан әлгі бата шығар деп те ойлаймын кейде, – деп, Мекең бір сәт үнсіз қалды.
– Батальон бір шағын селода тұрып, көктемге қарай қарсы шабуылға дайындала бастады. Күнде барлаушылар арғы бетке өтіп, тіл алып келеді. Бір күні мені де барлаушыларға қосты. Шағын топпен немістердің тылына өтіп, үш күн дегенде қайттық. Бір басшы, бір карта сызушы, қалғанымыз оларды қорғаушылармыз. Сол үш күн ішінде шағын топтың жартысы келіп, жартысы сол жақта қаза тапты. Қаншама сақ жүрсек те, немістермен бетпе-бет келіп қала бердік. Шегініп, қашып кетеміз. Сол кезде бір-екі адамымыз оққа ұшып қала берді. Келген соң қарасам, бас киімім мен екі жеңім шұрқ тесік. Жолдастарым көріп, жағаларын ұстады:
– Ойпырмай, сенің оқ қағарың бар екен, – деді.
1942 жылдың наурызында қарсы шабуылға шықтық. Ұрыс он екі күнге созылды. Алма-кезек жеңіп, екі жақтан да адам қаны суша ақты. Бір күні батальон солдаттары түнде демалуға келсек, арамызда Қыстаубаев жоқ. Бір орыс жігіті «Е, ол немістерге өтіп кеткен ғой» деді. «Қанына тартпағанның қары сынсын» демей ме, сол айтқандай, бұл сөзге намысым келді. Сатқын деуге қимадым. Бірақ, айтуға дәрмен жоқ, дәлелім жоқ. Кім біледі, қапалықпен жау жаққа өтіп кетуі де мүмкін-ау. Ертеңіне орман ішінде бір ағаштың түбінен Қыстаубаевты тауып алдық. Сегіз жерінен жараланыпты. Бас пен кеуде сау. Соған қарағанда жарасын таңуға шамасы келмей, қансырап өлген. Сол жерде түнде күдік келтірген орыс жігіті де бар еді. 
– Біз кім үшін соғысып жүрміз, орыс жері үшін соғысып жүрміз, – дедім ол жігіттің бетіне қарап. Мұндай сөз үшін ол кезде «Ұлтшыл» деп атып жіберуге де болатын. Бірақ ешқайсысы ештеңе деген жоқ. Бәрі үнсіз. Айтылған сөз айтылған жерде қалды. 
Қарсы шабуыл сәтсіз аяқталып, бір батальон солдаттан 19-ақ адам қалып, бізді толықтыру үшін демалысқа тылға шығарды. Біраз уақыт демалып, қатарымызды толықтырған соң Курскіге алып келді. Бұл жерде немістерге тойтарыс беру үшін екі линия болып соғысқа дайындалдық. Мен екінші линияда болдым. Мамыр айында осы жерде немістермен тағы да бетпе-бет келдік. Ұрыстың қатты болғаны соншалық, ұйымдасқан түрде шегінуге де мұрша болмады. Әскер бей-берекет бас сауғалап, бет-бетімен қашты. Бір қарасам, орман ішінде бір өзім ғана қалыппын. Есімді жиып, демімді алған соң тас жолға жақындасам, немістің мотоциклдері мен машиналары қара қоңызша қаптап, Шығысқа қарай ағылып жатыр. Немістердің тылында қалғанымды білдім де, орман ішімен Шығысқа қарай жүре бердім. Алғашқы үш күнде ешкім кездеспеді. Азғана тамағым таусылды. Үшінші күні бір өзбек жігіті кездесті. Сумкасына толтырып нан салып алған екен. Соның нанынан жеп, серіктесіп, Шығысқа қарай жүре бердік. Бір аптада өзіміз сияқтылар қосылып, ұзын-санымыз жиырмаға жетті. Бір айдай орман ішін кезумен болдық. Ол кезде орманда партизандар барын естіген емеспіз. Селоларға жақындасақ, немістер толы, жолай алмаймыз. Ашыға бастадық, қолдағы барды қанша үнемдесек те болмады. Мүлдем бөтен жер, ешкімді танымаймыз. Бір-екі рет селоға кіріп, тамақ алған болдық. Өзі аш отырғандар бізге не бере қойсын? Әйтеуір өлмес тамақ жеген боламыз. Оқ-дәрі де жоқтың қасы. Көбісі оқсыз қаруларын ауырсынып, тастап кеткен. Былайша айтқанда, қайда барсаң да, Қорқыттың көрі... Орманға кірсең – аштан өлесің, сыртқа шықсаң – неміс атады. Орманның сырын білер жергілікті адам болсақ, шөптің тамырын сорсақ та, күн көрер ме едік, бәріміз де мұндай жерде өспеген болып шықтық. Майдан шебіне жетуден күдер үзгенбіз. Оның үстіне немістің өтіп жатқан техникасы жан шошытады. Немістер бар күшін Сталинград майданына төккен сияқты. Тас жолда күндіз-түні ағылған машина. 
Басыңды ауыртып не қылайын, шырағым, атам қазақ «Дүниеде үш арсыз бар» деуші еді. «Ұйқы – арсыз, күлкі – арсыз, қу құлқын – арсыз». Сол айтқандай, қу құлқын деген арсыз бізді орманнан тас жолға айдап шықты. Бұл кезде жүруге де шамамыз келмей қалған болатын. Сонадайдан байқаған бір жеңіл машина тоқтап, ішінен үш-төрт офицер шықты. Олар қауіптеніп, дереу қаруларын оңтайлай бастады. Тәуекел, әйтеуір, бір өлім. Атса, атып тастар, ажал жетпесе, оны көрерміз. Қарсы жүре бердік. Олар да қауіп жоғын білді ме, тасадан шығып, ішінен орыс тілін білетін біреуі: 
– Қаруларыңды тастаңдар, – деді.
Онсызда әрең келе жатқандар қаруларын тастай салып, тас жолға шықтық. Олар бізді бір селоға дейін алып келді де, сол жерден қарулы күзет беріп, Харковьке қарай жаяу айдады. Сөйтіп неміске пенде болып, тұтқынға түстік. Бұл 1942 жылдың маусым айы еді. Осы қарғыс атқан күні бұл тірлігім үшін әлі алда талай азапты күндерді бастан өткерерімді сол сәтте білгенім жоқ.

* * *
Харьковке келсек біз сияқты тұтқынға түскендер көп екен. Соларға бізді де қосты. Жаздың күні ашық алаңда жатырмыз. Алдына темір тор жүргізіп тастаған. Түрменің іші қапырық. Сондықтан – сыйғанымызша ашық алаңда жатырмыз. Тәулігіне беретіні бір күрішке күйген бидай. Беті-қолды жуу деген атымен жоқ. Бір үзім нан көрмейміз. Ыстық тамақты ұмытқанбыз. Жағдайымыз өте ауыр. Тұтқындардың биттеп кеткені соншалықты, қойнына қолын тығып жіберіп, уыстап алады. Адам деген мұндай итжанды бола ма? Бұған да шыдадық. Тұтқындарды үсті-үстіне төгіп жатыр. Бір жағынан күнде бес қатарға тұрғызып қойып, санап әкетіп жатыр. Сірә, жұмысқа апаратын болу керек. Бірақ кеткендер қайтып келмейді. Таңертең сапқа тұр десе, бірін-бірі итермелеп, қалайда тізімге ілігуге тырысқан жұрт. Мына тозақтан гөрі жағдайымыз жақсы болар дейді ғой. Әзірге мен іліге алмай жатырмын. Күз болып, күн суытқан соң түрменің ішіне көшкенбіз. Түрменің аузы, мұрны тола тұтқын. Тер мен бит, ыстықтан тұншығып өліп кетердейсің. Өлмеген соң бұған да шыдайды екен адам. Күнде адамдар келіп жатыр. Ел жақтан біреу-міреу кездесіп қала ма деп, күнде сұрау саламын.
Бір күні бір эшалон тұтқынды әкеліп қасымыздағы торға қамады. Торға жақындап келіп:
– Оңтүстік Қазақстан облысы, Георгиев ауданынан кім бар? – деп айқайладым.
– Мен, – деп бір жігіт жақындап келді де: – Ойбай, Мейірбексің бе?-деді. Танымай қалдым. Сөйтсем Кеңесарық ауылындағы мектепте бірге оқыған Аманкелді деген жігіт екен. Көрген азаптан адам танымастай болып кетіпті. Кеңесарықта Қобал деген кісінің жиені еді. Өзі Қызыләскер ауылының жігіті.
- Тағы кім бар?- дедім.
- Қазір, - деп, жүгіріп кетіп біраз адамдарды ертіп келді. Георгиев ауданынан 18 жігіт екен. Іштерінде Қаратөбеден Сарыбаев Қамытбек, Мәдениден Баймахан, Қоңырбөріктен Тастемір, Ниязбек ауылынан Сабыр, одан басқа Аңқан, Мылтықбай, Тастан деген жігіттер бар. Түнде тордың астын көтеріп жіберіп, бәрі мен жаққа өтіп алды.
Желтоқсан айында бізді Полтаваға ауыстырды. Бұл жерде Николай патша салдырған ескі түрме бар екен. Соған әкеліп қамады. Киімдерімізді булап, өзімізді моншаға түсірді. Біраз күн өткен соң бөле бастады. Өңкей мұсылмандарды бөлектеп, Полтава облысындағы Миргорд деген қалаға әкелді. Бұл жерде бізге бұрынғыдан дұрыс қарады. Күніне бір мезгіл ыстық тамақ береді, 600 грамм қара нан үлестіреді. Тамағы тұзсыз, майсыз. Себебі аштықтан әбден әлсіреген адам тұзды, майлы тамақты көтере алмай, өліп кетеді екен. Жағдайымыз біршама дұрысталды. Бұл жерде бір ай тұрдық.
Бір күні немістер:
– Кім ат баға алады? – деп сұрады.
– Мен, мен, – деген дауыстар әр жерден естілді. Ертеңіне 20 адам Киев қаласына келіп, әр адам екі аттан алып қайттық. Оның ішінде мен де екі атқа ие болдым. Міндетім – екі атқа күтім жасау. Суарып, шомылдырып, шөбін, жемін салып, таңертеңнен кешке дейін тыным таппаймыз. Жұмыс болса, арбаға жегіп, жүк тасытады. Ондайда қасыңа қарулы күзет қосады. Тұтқындардың ішінде төрт қазақ жігіті офицер болған екен. Солар бір күні түнде бәріміздің басымызды қосып: «Бізді Германияға әкетеді екен» деген сыбыс бар. Ол жаққа кетсек, елге жетуге қиын болады. Жақын маңда партизандар бар екен. Бір түнде қашып, соларға қосылайық» деді. Бәріміз дұрыс деп, қашатын күнді белгіледік. Екі күннен кейін бастап жүрген төрт жігітті ұстап әкетті де, қалғанымызға күшейтілген күзет қойылды. Арамызда сатқын бар екенін білдік. Бірақ ол кім? Жұмбақ күйінде қалды. Көп кешіктірмей, эшалонға тиеп Германияға жөнелтті. Елге қайтсақ деген үміт біржолата үзілгендей. Бізбен бірге аттарымыз да кетті.
1943 жылдың қаңтар айында немістің Нойхамер деген қаласынан бір-ақ шықтық. Бұл белгілі қайраткер Мұстафа Шоқай ұйымдастырған Түркістан легионы екен. Оны кейіннен білдім. Мұнда да менің міндетім – екі атты бағу. Жұмыс болса, топталып шығып, күзетпен барып келеміз, болмаса түрменің айналасында атымызды бағып, шөбін салып, суарып жүргеніміз. Ондай күндер сирек. Күнде жұмыс табылады. Маған берілген екі аттың бірі – жанына бөтен жылқы байлатпайды. Сондықтан басқалардан бөлек байлап қоямын. Есте тағы қалғаны, бірде бір эшалон тұтқын әкелді. Ішінде ауылдан Мақан Андасов бар екен. Алғашқы аман-саулықтан кейінгі сұрағаны: «Жейтін нең бар?» болды. Қалтамда наным бар еді, соны бердім. Мақанның әлі көзі тірі, кездескенде:
– Сол кезде берген наның өмірі есімнен шықпайды, – деп отырады. «Аштықта жеген құйқаның дәмі ауыздан кетпес» деген осы да.
Біз бұл жерде 1943 жылдың ақпанынан тамыз айына дейін болдық. Тамыз айында бізді Италияға жөнелтті. Удина деген шағын қаласына алып келді. Екі атым да өзіммен бірге. Бұл жерде өзімізді еркіндеу сезіндік. Мақан Германияда қалып қойды. Маған берілген аттардың мінезі жаман екенін айтқанмын. Сондықтан бөлек, басқа аулаға байлайтынмын. Ертеңіне аттарды қарап, шөбін салып қояйын десем, үй алдында екі-үш әйел тұр екен. Маған қарап италиян тілінде: 
– Импереро итальяно, – деді.
Мен «Италияның басшысын білесің бе?» деп сұрап тұр екен деп, «Иә» дедім.
Олар шұрқырасып бірдеңелерді айтып кетті де, бір кезде «тұра тұр» дегендей белгі беріп, біреуі жас жігітті ертіп келді.
– Доброе утро! – деді ол орысшалап. Сәлемдескеннен кейін «Мына әйелдер не дейді?» деді.
– «Италияның басшысын білесің бе?» деп сұрады.
Ол күлді де:
– Жоқ, олар «италиян тілін үйренгің келе ме?» деп сұрап жатыр.
Енді мен күлдім.
– Шынында үйренгің келе ме?
– Иә...
Сонымен бұл жігітпен таныстығым басталды. Аты-жөні – Бернардо Августо. Сегіз жыл Югославияда тұрған екен. Сол жерде орыс тілін үйренген. Немістермен бір сапта тұрып соғысыпты. Кейіннен бұларды қамауға алу қаупі төнген соң, туған еліне қашып келген. Германия мен Италияның бір одақта екенін білемін. Италияда да коммунистік партия жұмыс істеп тұр, олар соғысқа қарсы үгіт жүргізіп, партизан отрядтарын ұйымдастырады. Солардың бірі Муссолиниді ұрлап кетеді. Содан кейін Гитлер Италия солдаттарына сенбей, күдіктілерді қамауға ала бастайды. Басына қауіп төнген Бернардо еліне қашып келіпті. 
Менің ат байлап жүрген үйім, оның ағасы Идона Августоның үйі болып шықты. Кейін бұл жігітпен де танысып алдым. Италия коммунистік партиясының мүшесі екен. Бернардо мені ағасының үйіне ертіп кірді де, қолыма қағаз беріп, көзге көрініп тұрған заттардың орысшасын, тұсына италиянша аталуын жаздырды да, кәдімгі сөздік жасатты. Біз мектепте латын әрпімен оқығанбыз. Оның да пайдасы тиді. Менің жазғанымды ол, оның жазғанын мен оқи аламын. Содан үйрене келе, бір ай шамасында әжептеуір әңгімелесетін дәрежеге жеттім. Неміс тілінен нан сұрап жерлігім ғана бар еді. Италиян тілі оңай соғып, тез үйреніп кеттім. Таңертең «Бон жарно» (қайырлы таң) деп кездесеміз де, кешке «Боно селе» (қайырлы кеш) деп қоштасамыз. Мүмкін үйреніп кетуіме оқытқан адамның әсері де болар.
Бұл жерде топтанып баратын жұмыс болса, бір-екі адам күзет береді де, ал жалғыз-жарым жұмсай қалса, кей-кезде күзет те бермейді. Алыс жерден қашып кете алмайды деп ойласа керек. Германиядағыға қарағанда еркіндеуміз. Түнде түгелдеп қамайды, күндіз көбінше айдаусыз жүреміз. Туған елге деген сағынышта шек жоқ. Қашып кетуге де болады. Бірақ, жолдың ұзақтығы аяққа тұсау. Жетуің екі талай. Қанша ойласақта, қашуға тәуекел ете алмаймыз.
Бірде жолда келе жатып арбаның жетек ағашындағы шынжырдың шығып кетпесі бар ма?. Көліктердің басын тарттым. Арба аттардың тірсегіне соғылып, олар үркіп, бас берместен құйындатып шаба жөнелді. Енді не істедім? Аттың басын тартсам, арба тағы тірсекке соғылды. Қала шетіне кіре бере өзімді-өзім арбадан тастадым. Бірақ, алысқа секіре алмаппын. Арбаның артқы дөңгелегіне кептеліп қалдым. Дөңгелек басып өтпей, біраз жерге сүйресе керек. Аттар жанына мал байлатпайтыны болмаса, былайша жуас еді. Тірсекке соқпаған соң аттар да тұрып қалды. Адамдар дәрігерге алып барды. Әйтеуір сынғаннан аман екен. Сыдырған, жырған жерлеріме дәрі жағып, таңып берді де бір апта жұмыстан босатты. Күндіз қайда жүрсем де еркімде. Түнде міндетті түрде келіп жатуым керек.
Осы демалыста Идона мені тауға шақырды. «Кешкі түгендеуге дейін үлгереміз» деп үгіттеді. Мен келісіп, ертеңіне ертелеп тауға кеттік. Үлкен сәскеде таудың төбесіне шықсақ, арғы жағы қалың орман, орманның арғы жағы тағы тау. Сол жерге келгенде, Идона маған:
– Әзірге жағдайларың жаман емес. Бірақ естуімізше, немістер шегініп советтер ілгерлеп келе жатқан секілді. Егер тықыр шындап таянса, немістер сендердің маңдайларыңнан сипай қоймайды. Сондай күн туса Мейірбек, сонау тауды көрдің бе? Сол таудың бауырында партизандар бар. Сол жаққа қашып құтылуға болады. Осыны есіңе сақта. Мен сені әдейі алып шықтым. Жолды жақсылап көріп ал, – деді.
1943 жылдың желтоқсан айында бізді Бадалья деген қалаға ауыстырды. Екі қаланың арасы жап-жақын. Бернардо да, Идона да келіп тұрды. Екеуі де бәрімізбен жақсы дос болып кетті. Бірде семейлік Мыңбай деген жігіт:
– Партизандарға қашайық, әрекетсіз отыра береміз бе? Мүмкін елге қайтудың сәті түсер, – деді. Бұл 1944 жылдың ақпаны болатын. Лагерьде бар-жоғы 70 мұсылман баласымыз. Бәріміз ақылдасып, қашатын күнді белгіледік. Сол күні кімнің айтып қойғанын қайдам, бәрімізді түгел жұмысқа шығарды. Бұрын да мұндай жағдай болатын. Бірақ ары кетсе үш-төрт күзетші беретін еді, бұл жолы күшейтілген күзет қойылды. 20-дан астам арбаға жүк артып, жолға шықтық. Мыңбай күңкілдеп: «Бәрібір қашып кетемін» деп жүр. Италия таулы жер. Тау арасымен келеміз. Күзет күшті. Бір кезде алдыңғы жақтан шу шығып, арбалар тоқтап қалды. Не болғанын білмекке күзетшілер алға кетті. Сөйтсек Мыңбайдың арбасы жолдан шығып кетіп, аударылып қалыпты. Бәріміз жабылып, арбаны тұрғызып, жүкті артып болып қарасақ, 20 шақты тұтқын жоқ. Жаңағы аласапыран кезде олар ағаш арасына тығылып үлгерсе керек. Оларды іздеуге адамы аз немістер ұзап шыға алмады. Қалғандарымыз ілгері тартып кеттік. 
Межелі жерге жеткенде бәрімізді бір сарайға қамап, күзет қойды. Түнде ойластық. «Ертең кері қайтамыз. Немістер енді бізді кешірмейді. 20 адамнан кейін бізді қыса түсетіні сөзсіз. Сондықтан бүгін түннен қалмай қашу керек». Осы ойымыз дұрыс дестік те, немістердің мас болуын күттік. Италияда не көп, жүзім көп. Біреуінен су сұрасаң, су орнына шарап ұсынады. Үй сайын бөшке-бөшке шарап ашытады. Немістер де үй-жайынан безіп, қай жетіскеннен жүр дейсің. Қолдары қалт етсе ішкілікке басады. Ұйықтаған болып, жым-жырт жатырмыз. Түн жарымында күзет ауысты. Келгендер қызу мас. Сарайдың саңылауынан көріп тұрмыз. Екі күзетші тағы да біраз сілтеп алып, ұйқыға кетті. Таңға дейін енді ешкім келмейді. Есікті бұзып шықтық та, тауға қарай тартып кеттік. Жолды жобалап білетін мен алға түстім. Өзгелер менің соңымда, бір адам да қалған жоқ. Сонымен таң ата таудың төбесіне шықтық. Қалың орман, орманның арғы жағынан, тау беткейінде бір село қарауытады. Одан әрі тағы тау. 
Сол жерде демалып, екі адам ілгері барып қайтпақ болдық. Қасыма серік алып орман шетіне іліге бергенімізде ағаш арасынан: «Стой, кто идет? Руки вверх» деп орысша сөйлеп, екі адам шыға келді. Қолдарында автомат. Тілге келіп партизандарды іздеп жүргенімізді айттық. Біреуіміз барып, қалған жолдастарымызды шақырып келдік. Бәрімізді селоның ортасындағы шіркеуге әкеліп, командирін шақырды. Олар жағдайымызды сұрап білген соң:
– Енді ешнәрседен қауіптенбей, демала беріңдер, – деп тамақтандырды. Паризандар күні бойы дем алады. Түнде топ-топ болып жорыққа шығады. Араларында 200-дей орыстар да бар екен. Олар да біз құсап келгендер. Елдің жағдайын солардан білдік. «Немістердің күні жақын, жақында соғыс бітеді, сонан кейін елдеріңе қайтасыңдар» деп қуантып қояды. Екі күннен кейін адасып-адасып Мыңбайлар бізге қосылды. 
Тапсырмаға біз де сұранамыз. Бірақ бізді көп жұмсамайды. Жұмсаса да қақтығысы жоқ жерге жұмсайды.
– Бұларың қалай? Біз соғысуға келдік қой, – дейміз.
– Сендер аз соғысқан жоқсыңдар, енді демалыңдар, – дейді олар. 
Сонымен 70 адам түгелдей партизан отрядында 1944 жылдың ақпанынан қыркүйегіне дейін болдық. Қыркүйекте лагерьге үш американдық келді. Бәрімізді жинап, жиналыс өткізді. Төрге төрт мемлекеттің жалауын іліп қойды. Олар: Америка, Англия, Италия, Совет одағының жалаулары еді.
– Соғыс бітті, енді елдеріңе қайтасыңдар, – деп бір күн кешке дейін тойлатты. Үлкен той болды. Сөйтсек американдықтар Италиядан немістерді қуып шыққан екен.
Ертеңіне етекке түсіп, машинаға мінгізіп, Рим қаласына алып келді. Мұнда бірнеше күн болып, жан-жақтан тұтқынға түскен совет адамдарын жинап, бәрімізді Неаполь қаласына жеткізді. Сол жерден пароходқа мінгізіп, Суэц каналы арқылы бір портқа түсірді. Тағы да машинаға мінгізіп, 80 шақырым жүріп, бір селоға келдік. Бұл Египет жері екен. Мұнда екі ай тұрдық. Жан-жақтан совет тұтқындарын жиды. Екі айда 7000 адам болыппыз. Ескі киімдерімізді тастатып, американдықтар өздерінің жаңа әскери формасын берді.
Қарашаның бірінші жұлдызында қайтадан пароходқа мінгізіп, Персия шығанағы арқылы Иран жеріне әкелді. Порттан түсірген соң пойызға отырып, Тегеранға келдік. Бұл жерде бізді совет адамдары қарсы алды. Жиналыс өткізіп, аман-сау оралуымызбен құттықтады. Тегеранда үш-төрт күндей болып, тағы да пароходпен Бакуге жеттік. 
Бұл жерде бізді қарулы күзетпен қарсы алды. Түнде Бакуге жақындап, зәкір тастап, тоқтап тұрдық. Ертеңіне күндіз әкеліп түсірді. Сөйтсек түнде түсіруге қашып кетеді деп қорықса керек. Қарулы күзет сапқа тұрғызып, вокзалға айдап келді де, эшалонға мінгізді. Ешқайда шығармайды. Солдаттардың қабақтары қату. Вагонда отырып, үйге амандығымды білдіріп хат жазған едім, енді соны поштаға сала алмай қор болдым. Болмаған соң пойыз енді қозғала бергенде жерге лақтырып тастап едім, сол хатым үйге келіпті. Сонау 1942 жылы мені өлді деген қара қағаз келген екен. Шешем байғұс әлгі хатты әркімге көрсетіп «осы рас па?» деп сұрай беріпті. Сонда Шәріп деген досым:
- Тура өз қолы, Мейірбек тірі екен, – деп, шешемді қуантыпты.
Жол бойы НКВД жұмыс істеп, бәрімізді тергеуге алды. Кейбіреулерді бөліп әкетіп жатты. Сөйтіп 1945 жылы қаңтар айында Кемерова облысынан бір-ақ шықтық. 
Американдықтардың «соғыс бітті» деген жай ғана сөз екен. Соғыс әлі бітпепті. Ер-азаматтың бәрі майданда. Орнын жас балалар мен әйелдер басқан. Бізді әкеле сала шахтаға түсірді. Өңкей әйелдер жұмыс істейді екен. Көмір қаздық. Бұл жерде қиыншылық өз алдына бір төбе. Бір жақсысы соңымызда қарулы күзет жоқ. Ай сайын жалақы береді. Төрт адам пәтер жалдап тұрдық. 
1946 жылдың қаңтар айында маған демалыс берді. Бірақ осы жерден ешқайда шығуға болмайтынын, елге қайтуға рұқсат жоқтығын тәптіштеп айтты. Елді сағынған менің бір минут та тұрғым жоқ. Жігіттер азғыра бастады: «Қаражат жинап береміз. Бір күнде болса да елді көріп кел» деп. Қашқалы тұрған киікке «тәйт» деген соң «не жорық» дегендей, өзімде зорға жүргенмін. Келісе кеттім. Сонымен менімен бірге демалысқа шыққан ақтөбелік жігіт екеуміз ауылымызға тартып кеттік. Жолдастарымыз:
– Соғыс болса тоқтады. Мүмкіндік болып, амалын тапсаң, бұл жаққа қайтып келме, – деп шығарып салды.
Пойызда әскери билетімді ұрлап кетті. Онымен бірге ақша да жоғалды. Ақшаның көбі қапшықта еді, оған да шүкіршілік еттім. Біреу документтерімді тексеріп қала ма деп зәрем жоқ. Қалтамда демалыста деген қағазым қалып қойыпты. Әйтеуір, ол да бір медет. Сонда да тығылып жүріп, итшілеп Шымкентке жеттім-ау. Пойыздан түскен бойда Леңгірге қарай жаяу тартып кеттім. Кешке қарай Наурызбай деген нағашымның үйіне келсем, Бегалы деген ағамыз сол үйде қонақтап жатыр екен. Екеуміз жылап көрісіп, сол кісіден елдің амандығын сұрадым. Ертеңіне Бегалы ағамның сары биесіне мінгесіп, ауылға жеттім.
Үш жыл әскери борышымды өтеп келемін деп едім, міне бес жыл дегенде небір азапты күндерді бастан өткеріп, туған жерге табан тіредім.
Ағайын-туған, достармен кездесіп, бір жасап қалдым. Анам байғұс бір малын сойып, ауылдастарды, туыстарды шақырып, той ырымын жасады. Ел әлі еңсе көтермеген. Көп үйдің есігі жабылып қалған. Өзіммен соғысқа аттанғандардан тірі қалған жалғыз мен екенмін. Соғыстан қайтқандардың көбі жарымжан болып қалған. Бірінің қолы, бірінің аяғы жоқ. Ел әйтеуір алдағы күннен үміткер, тырбанып еңбек етіп жатыр. Қайтатын уақыт болғанын да білмей қалдым. Енді кейін оралуым керек. Үйге нағашым Базарбай келді. Онымен оңаша әңгімелесіп:
– Нағашы, менің кейін қайтқым жоқ, – дедім.
– «Ана жақта болдың» деп сені соттаған па?
– Соттаған жоқ.
– Қашып келген жоқсың ба?
Шынымды айттым.
– Мен ауданның әскери комиссарымен келістім. Саған басқа әскери билет беретін болды. Іздеп жатса, оны көрерміз, іздемесе оны көрерміз. Әйтеуір соғыс тоқтады ғой. Арты кеңшілік болсын. Қайтпасаң, қайтпа. Енді кетсең анаңды күйіктен өлтіріп аларсың, – деді.
Қуанып қалдым. Арада екі-үш күн өткенде ертіп барып, әскери билет алып берді. Көңілім орнына түскендей. Мынандай заманда қарап жүру, ұят. Жұмысқа араласу керек. Енді қайда барам деп жүргенде Шәріп досым Кеңесарық мектебінде мұғалім еді. Сол «бізге кел» деп қолқа салды. Сүйтіп 1946 жылдың қыркүйек айынан бастап Кеңесарық мектебінде орыс тілінен сабақ бере бастадым. Келесі 1947 жылы мені аудандық оқу бөлімі Молотов атындағы мектепке ауыстырып, неміс тілінен сабақ беретін болдым. Сол жылы үйлендім. 1948 жылы наурыз айында сабақтан үйге келсем, әйелім:
– Сені милиция іздеп кетті. Ертең тағы да келетін болды, – деп жылап отыр. Кештетіп бұрыннан таныс милиция бастығының үйіне бардым. Неге іздеткенін сұрағанымда:
– Шамасы осы жақтан домалақ арыз түскен болуы керек. Кемеров облыстық прокуратурасынан іздеу қағаз келген. Соған сені шақыртып жатыр, – деді.
- Енді не істедім?
- Тілімді алсаң біраз күн бойы бой тасалай тұр, басылып кетер, – деп кеңес берді. 
Сонымен үйге қайттым. Ойым сан-саққа жүгірді. Не істеймін? Тілін алып, тасалана тұрсам ба екен? Басылып кетсе жақсы, басылмаса қаштың деп үстіңе жамап жіберсе, сорлап қалмаймын ба? Тәуекел не де болса пешенеден көрермін. Өкіметтің құрығы ұзын. Совет жерінен шалғай кетпесең, соңыңа түссе, бәрібір ұстайды. Көп болса шахтасына апарып қайтып салар деп ойладым да, ертеңіне мектепке бармай, милиционерді үйде күттім.
Ертеңіне кеш болып қалғанда үйге Иванов деген учаскелік милиция келді. «Мен сені алып кетуге келдім. Шымкентке апарып тапсыруым керек, бүгін кеш болып қалды, ертең ертелеп жүреміз», – деді ол.
– Жарайды, мен де мінетін көлік тауып алайын, – деп, екеуміз колхоз бастығына келдік. Бастық Әшім деген жігіт еді, мені қамап қояды деп ойламады ма, тез келісіп:
– Менің мініп жүрген атыммен барып кел, – деді. Ертеңіне ертелеп мені тиісті жеріне өткізіп, Иванов мініп келген атымды жетелеп жөніне кетті. Мені түрмеге қамады. Бұл 1948 жылдың 15-наурызы еді. 
Ал, енді НКВД-ның тергеуі жөнінде не айтайын. Ол туралы қазір көп жазып жүр ғой. Үш ай тергеді. Ұрып соғу, жала жабу, бәрі де болды. Халық жауы да – мен, Отанын сатқан опасыз да – мен, немістің шпионы да – мен. Әйтеуір шықпаған жан шықпады. Маусым айында Алматыға алып кетті. Мұнда да сол тергеу, ұрып соғу, атамын деп қорқыту. 1948 жылдың 25-маусымында Түркістан әскери округінің Алматы гарнизонындағы әскери-сот РСФСР-дің қылмыстық істер кодексінің 58-ші бабымен 25 жыл бас бостандығымнан айыруға, тағы 5 жыл жер аударуға, бас-аяғы 30 жылға үкім шығарды. Содан кейін этаппен Шығысқа қарай айдады. Владивостокқа дейін поезбен келіп, сол жерден пароходқа салып Магаданнан қараша айында бір-ақ шықтым. Үйге хат жазып, хабарымды бердім. Келе шахтаға түсіп, көмір қазуға кірістік. Үйден хат алдым. Әйелім аман-есен босанып, қыз туыпты. Жұпар деген қызым 1948 жылы қараша айында әкесі жоқта дүниеге келген, – деп, Мекең бір сәт ойланып қалды. 
– Шахтадағы жұмыстың ауырлығын тілімен жеткізіп бере алмаймын шырағым. Норма өте көп, көбіне орындай алмаймыз. Орындамасаң аш құрсақ болып жүргенің. Сол 1948 жылдың қарашасынан келесі жылғы маусымға дейін бірде-бір тұтқынға көрпе, матрац бермеді. Бір барактағы мың адам кешке қарай сүріне құлап, киімшең жата кетеміз. Кір, лас, бит, түрлі ауру, бәрі бар. Бір жылға толмайтын уақыттың ішінде барактағы адамның төрт жүзден астамы ауыр тұрмысты көтере алмай, өліп кетті.
Ұмытпасам, 1949 жылдың қаңтар айы болу керек. Бір аптадай тынбай боран соқты. Магадан мен шахта арасында қатынас үзілді. Жеті күн нансыз қалдық. Күніне екі мезгіл: таңертең және кешке ғана ыстық тамақ береді. Оның өзі сылдыр су. 12 сағат 400 метр тереңдіктегі шахтада жұмыс істейміз. Түсте демалыс жоқ. Тұтқындар темекі шегіп алайық деп отырады. Мен темекі шекпесем де, жандарына барып қисайып жаттым. Ұйықтап кетіппін. Түсімде ауылда жүр екенмін. Қырманнан әркімге еңбек күнге деп бидай үлестіріп жатыр екен. Маған да бір дорба бидай тиді де, оянып кеттім. Жолдастарға түсімді айтып, бүгін «нан келеді екен» дедім. 
Айтқанымдай, кешке жұмыстан келсек, әркімнің төсегіне тиесілі нанын қойып кетіпті. Лагерьде бір жақсы жері, қойған нәрсеңе ешкім тимейді. Ұрлық-қарлық, зорлық, ұрып-соғу, төбелесу атымен жоқ. Бәрі де бір ғана 58-ші статьямен сотталған саяси тұтқындар.
Тағы бір есте қалғаны, көркемөнерпаздар үйірмесі концерт көрсетті. Әртістерді бір қазақ жігіт басқарып келіпті. Барып таныстым. Семейлік екен. Абайдың туысқаны болып келеді. Қазақтың Паганині атанған, Қазақстаннан тұңғыш шыққан кәсіпқой скрипкашы Айткеш Толғанбаев осы жігіт екен. Екеуміз жақсы жолдас болып кеттік. Кейіннен 1964 жылы ауылға Айткеш өзі іздеп келді. Содан бері арамыз үзілген емес.
1951 жылға дейін көмір қаздым. Сол жылы мені құрылысқа ауыстырды. Мұнда да жұмыс жеңіл болған жоқ. Қырық градустан астам аязда да жұмыс тоқтамайды. 1953 жылы токарлық жұмысқа ауыстым. Бір ай үйренуші болып істедім. Бір күні лагерь бастығы шақырып алды. Жағдайымды, қай жерден екенімді сұрады. Сөйтсем, Шымкентте біраз уақыт облыстық әскери комиссариатта жұмыс істеген екен. 
– Екеуміз жерлес болып шықтық. Өзіңнің де көрмегенің жоқ екен. Мен саған бір жұмыс тауып берейін. Тегістеуші (шлифовщик) болып істе, үйреніп кетесің, қиын емес, – деді. Сонымен тегістеуші болып жұмыс істедім. Токарь бір затты жонып береді. Менің міндетім – соны соны станокқа салып, жалтыратып тегістеу. 
Бір баракта жеті қазақ жатамыз. Қолымыз қалт етсе, әңгіме соғамыз. Мен көбінесе соғыста көргендерімді айтамын. Сонда ішімізде үлкеніміз өскемендік Ахметжан деген ағамыз: 
– Мейірбек-ау, осының бәрін Москваға жаз. Сауатың бар. Сені сөзсіз босатады. Босатпаса нең кетті? Әрекеттене берсеңші, – дейді. Мен көнбей жүрдім. Босататынына сенбедім. Ахаң ақыры қоймай СССР Жоғарғы Советі Президиумының төрағасы К.Е. Ворошиловқа хат жаздырды.
1955 жылы қаңтар айында «Тиісті орындарға хатыңызды жібердік» деген жауап алдық. Күн санап жүрмін, қандай хабар келер екен деп... Сол жылдың 28 шілдесінде «өтем мерзімі жеті жылға қысқартылып, лагерьден босатылсын» деген қағаз келгенде сенер-сенбесімді білмей қалдым. Қуанышта шек жоқ. 
Лагерь бастығы шақырып алып:
– Құттықтаймын, енді бір апта шыда, паспорт беріп, шығарып саламыз, – деді. Айтқандай, 4-тамыз күні келсем, мен сияқты бостандыққа шыққан он шақты адамды кезекпен қабылдап жатыр екен. Кезегімді күттім. Бәрі кіріп шықты. Мені шақырмайды. «Не боп қалды тағы?» деп ішке кірсем, лагерь бастығы паспорт енді толтырып бітіп жатыр екен. Паспорт қолыма тиген соң енді Магаданға барып, есептесіп, ақша алуым керек болды. Сыртқа шықсам, алматылық ақын досым Сайрам Абдуллин кездесіп қалды. Ол бір бөлмелі пәтер жалдап тұрады екен, соныкіне келдік. Ертеңіне ол маған: «Сен үкіметтің берген ақшасына үйіңе жете алмайсың. Мына жерде Комсомолск алтын кені бар. Сол жерде біраз қазақ жігіттері жұмыс істейді. Соларға барып жәрдем сұрайын, – деді. Барған соң Сайрам жағдайды айтып еді, бәрі бірдей:
– Ойбай, бізге де сенің жолыңды берсін. Бәрімізді елмен аман-есен қауышуға жазсын. Барымызды ортаға саламыз, – деп әп-сәтте 2000 сом жиып берді. Сол жерде екі жігіт қолқа салды. «Жолыңда алдымен біздің үйге соғып, аман-есендігімізді білдіре кет» деді. Біреуі Көкшетаудан, Керей деген жігіт. Екіншісі Бейсен Танабаев, Жамбыл облысынан. Екеуіне де уәде бердім. Магаданға келсем, кеңседегілер: «Пароходтың кеткеніне екі күн болды. Енді бір айдан кейін келеді» деп отыр. Бір ай күтуге шыдамым жетер емес. 
– Самолетпен ұшсам қайтеді, – дедім. 
– Егер билетіңді әкеп көрсетсең, есеп-қисабыңды тез беріп жібереміз.
Ұшып отырып аэровокзалға келдім. Ертеңіне сағат 10-ға 1200 сомға билет алдым да, кері қарай жүгірдім. Келсем, кеңседегілер енді кеткелі жатыр екен. 
– Енді бұл жігіттің есеп-қисабын жасап бермесек болмас, – деп тез арада іске кірісті. Сөйтіп Магаданнан үйге дейін жол ақысы, тамағы деп 704 сом ақша берді. Ертеңіне Магаданнан Хабаровскіге дейін АН-24 самолетімен 8 сағат ұштым. Хабаровскіден «Владивосток-Москва» пойызына отырғанда ғана өзімді жеңіл сезінгендей болдым. Енді мен жалтақтайтын ештеңе жоқ. Алдымен достарыма берген уәдемді орындадым. Керейдің де, Бейсеннің де үйлерінде болып, олардың аманатын жеткізіп, отбасыларын қуантып қайттым. Үйге жеткенше арада бір ай уақыт өтті. 
Осы сапарым маған оң сапар болғандай. Шынында да осы күннен бастап тағдыр маған оң көзімен қараған сияқты. «Мейірбек отыз жылға кетті» дегенде анам байғұс келінін шақырып алып: «Отыз жылда кім бар, кім жоқ? Жас өміріңді қор етпе. Бағың жанып, бақытың ашылар, батамды бердім. Енді кете бер» депті.
Сонда әйелім:
– Апа, балаңызды құдай аман-есен келуге жазсын. Рас, отыз жыл аз уақыт емес, «жаман айтпай, жақсы жоқ» деген, олай-бұлай болып кетсе, артында қалған қыз да болса – жалғыз тұяқты жат етті демесін. Мына немереңізді бауырыңызға басып, алып қалыңыз. Ал, балаңыз аман-есен елге келетін болса, қызы көкелеп алдынан шықсын, - деп Жұпарды анама тастап кетіпті.
Мен келгеннен кейін соғыс тұтқындарына амнистия жарияланып, ол жақта қалғандардың тірілері елмен қауышты. Бұл да бір жақсылық. Үйленіп үй болдық. Бала-шаға сүйдік. Бұл да қуаныш, бұған да шүкіршілік. «Қартайған кәрі боз жорға ашыпты» дегендей, жасым елуге таяғанда институт бітіріп, диплом алып, көп жыл колхоздың есеп жұмысын басқардым. Енді міне, зейнеткер атанып «қарттық та бір бала» дегендей, ошақтың басында Толай жеңгеңмен шайға таласып отырысымыз мынау, – деп Мекең әңгімесін кеңкілдей күліп бітірді.

 

Әбдіраш ДӘУІТОВ

1995 жыл, мамыр айы