Медицина • 31 Наурыз, 2020

Қауіпті індетті бірлесіп жеңеміз

412 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

«Шеврон» компаниясы Алматыдағы инфекциялық балалар ауруханасына жасанды тыныс алу аппаратын табыстады. 

Қауіпті індетті бірлесіп жеңеміз

Коронавирус. Дүйім дүниеге таралып үлгерген індет Қазақстанды айналып өткен жоқ. Соңғы дерекке сенсек, елімізде осы ауруды жұқтырған адам саны 300-ден асып жығылды. Мақала жарық көргенге дейін бұл көрсеткіш ұлғая түсуі ғажап емес.

Коронавирустің ел көлемінде таралуына тосқауыл қою үшін президент Тоқаев төтенше жағдай жариялағаны мәлім.

«Біз біргеміз. Бұл қиындықты ел болып, қоғам болып еңсереміз» деген президент үндеуіне алғашқылардың бірі болып «Шеврон» компаниясы үн қатты.

Күні кеше «Шевронның» қаржылай қолдауымен «Аяла» қайырымдылық қорының «Өмір сыйлайық» бағдарламасы аясында Алматыдағы инфекциялық балалар ауруханасына жаңа екі жасанды тыныс алу аппараттары табысталды.

1212

Қауіпті вируспен күресте осынау құрылғының қаншалықты маңызды екенін әзір үлкен де, кіші де бағамдап үлгерген болар.

Бұдан бұрын Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов еліміздегі инфекциялық ауруханаларда 167 жасанды тыныс алу аппараты барын айтқан.  

Министр дәл қазір Қазақстанда мұндай аппараттарға тапшылық барын да жасырмаған.

«Ел көлемінде жасанды тыныс алу аппаратына деген сұраныс 927 дананы құрайды» деген-тін Біртанов.

Министр бұдан бөлек еліміздегі коронавирус жұқтырған адам саны 3,5 мыңнан асып жығыларын болжаған.

Соның алдында ғана Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев  еліміздегі мұндай құрылғылардың көпшілігі техникалық тұрғыдан ескіргенін тілге тиек етіп, оларды жаңарту үшін Швейцариядан қосымша 230 құрылғы сатып алынатынын мәлімдеген.

Демек дәл қазір Қазақстандағы инфекциялық ауруханаларға мұндай құрылғылар ауадай қажет екені айтпаса да түсінікті. Олардың осынау аласапыран аяқталғаннан кейін де сұраныста болары дау туғызбайды.

Бұл жайтқа Алматыдағы клиникалық инфекциялық балалар ауруханасына жасанды тыныс алу аппараттарын табыстар тұста «Аялы» қорының басшысы Айдан Сүлейменова  баса тоқталды.

Мамандығы дәрігер Айдан Төлеутайқызы ақ халатты жандардың жұмысы қаншалықты ауыр екенін бір кісідей біледі. Оның айтуынша «Шеврон» қордың бала денсаулығын жақсарту мен медициналық қызмет сапасын арттыруға бағытталған көшелі жобаларын көп жылдан бері үзбей қолдап келеді.

Осы арада құндылықтар туралы сөз қозғаған ол «Шевронның» аса қажет шақта көмек қолын соза білетін елгезектігін ерекше атап өтті.

«Иә, құндылықтар осылай қалыптасады. «Шеврон» компаниясының инфекциялық балалар ауруханасына әзір ауадай қажет құрылғыны табыстауы компанияның әлеуметтік жауапкершілікті жете  түсінетінін көрсетіп отыр.

Коронавирус инфекциясына байланысты қатаң карантинде отырған Қазақстан азаматтары, оның ішінде Алматы тұрғындары атынан компания басшылығына алғысымды айтамын.

Барша алматылық ата-аналар үшін бүлдіршіндерге қажетті аппараттың сыйға тартылуы ізгі амал, бұл ондаған, жүздеген баланың өмірін арашалап қалуда маңызды рөл атқаратыны айтпаса да белгілі», – деді ол.

Сөзінің жаны бар. Қазақстан нарығына 1993 жылы келген «Шевронның» қайырымдылық бағытындағы бастамалары бүгіндері дәстүрлі жобаларға айналып үлгерген. Қазақстанға келгелі бері компания қоғамдық жобаларға 500 млн. доллар инвестициялапты.

Иә, мұндай жобалардың нақты санын атап айту қиын, бір ғана Алматыда «Шевронның» қаржылай қолдауымен жылына 30-ға тарта әлеуметтік бастамалар жүзеге асады екен.

Ал «Аяла» қорының әлеуметтік жобаларына «Шеврон» компаниясы осымен 11-ші жыл қатарынан қолдау көрсетіп келеді.

Компанияның қаржылай қолдаумен бұдан бұрын Алматыдағы Перина­тал­дық орталыққа «Гипотермия» және электроэнцефалограф құрылғылары сатып алынған.

Аталған аппараттар тым ерте туылған сәбилердің өмірін аман сақтап қалуда аса маңызды. Айта кетелік осынау орталықта жыл сайын 8 мыңға жуық әйел босанады. Сәбилердің 15 пайызы тым ерте туылғандар.

Әлбетте бала өмірі ертеңін ойлайтын кез-келген мемлекет үшін басты құндылық.

Ең бастысы «Шевронның» бұл жолғы көмегі де дер кезінде көрсетілді. Жалпы құны 71 млн. теңгені құрайтын Жапонияда жасалған Humming Vue құрылғылары Алматыдағы клиникалық инфекциялық балалар ауруханасының дәрігерлері үшін коронавирусқа қарсы күресте үлкен көмек болары анық.

Әрине, бетін аулақ қылсын! Елімізде осы індетті жұқтырған сәбилер саны сирек. Дегенмен, сақтықта қорлық жоқ.   

Анығы, осынау аппараттар бүгін де, ертең де, келешекте де керекке жарайды.

Сөзімізге дәлел: былтыр бұл мекеме 100 мыңға тарта бүлдіршінді қабылдаса, солардың біразы ем-дом алу үшін емханаға жатқан.

Өткен жылы аурухананың реанимация бөлімшесіне сырқаты асқынған 500-ге тарта бүлдіршін түсіп, дәрігерлер әрбір 5-ші баланы жасанды тыныс алу аппаратына қосқан екен...

Жан сақтау бөліміне түскен балалардың 60 пайызында пневмония анықталып, тыныс алуы ауырлаған.

Жасанды тыныс алу аппаратын ауруханаға табыстау сәтінде «Шеврон» компаниясы Қоғаммен байланыс бөлімінің үйлестірушісі Жанар Қошпанова сөз алып, жан сақтау бөлімінде әрбір минут алтыннан да қымбат екенін еске салды. 

«Қазақстан үкіметі мен елдегі ірі бизнес өкілдері коронавирустың таралуына тосқауыл қойып, инфекция жұқтырған азаматтардың аяғынан тұрып кетуі үшін бір жұдырыққа жұмылуда.

Жаңа, заманауи жасанды тыныс алу аппараттары қазіргідей аласапыран шақта  ғана емес, әдепкі күндері де бала өмірін аман сақтап қалуда аса маңызды.

«Шеврон» компаниясының атынан барша қазақстандықтарға қазіргі өткінші қиындыққа қарсы тұрарлық қажыр-қайрат пен мықты денсаулық тілеймін», – деді компанияның өкілі. 

ҚҰРЫЛҒЫЛАРДЫҢ ЕРЕКШЕЛІГІ НЕДЕ?

«Шевронның» қаржылай қолдауымен  Алматыдағы клиникалық инфекциялық балалар ауруханасына табысталған аппараттардың ерекшелігі неде?  

Жапонның Humming Vue жасанды тыныс алу аппараты мұндай технологияның соңғы буынына жатады, әрі қан қысымын 13 микрон деңгейінде бақылауда ұстайды.

Бұл өз кезегінде респираторлық терапияның клиникалық тиімділігін арттырып, баланың ағзасына зақым келтірмейді.

Оларды стерильдеу (залалсыздандыру) әдісі қарапайым және әуел бастағы көрсеткіштерін қайта қалпына келтіруді қажет етпейді. Бұл өз кезегінде аппаратты кезек күтіп отырған келесі науқасқа уақыт оздырмай қолдануға мүмкіндік береді.

Аталған құрылғының жұмыс өлшемін өзгерту кезінде түрлі тыныс алу контурын ауыстырмай немесе ажыратпай-ақ науқастың тыныс алу жүйесін вентиляциялай алады.

Бұл бір ғана контурда орындалып, ол өз кезегінде науқастың ауыр гипоксияға ұшырау тәуекелінің алдын алады. 

Жапонияда жасалған заманауи аппараттарды табыстау рәсімін «Шеврон» компаниясы мен «Аяла» қайырымдылық қоры бірлесіп ұйымдастырды.