Парламент Мәжілісінің Төрағасы Орал Мұхамеджановтың жетекшілігімен өткен палатаның сәрсенбі күнгі пленарлық отырысында депутаттар елдегі қалыптасқан төтенше жағдайлар жөніндегі ойларын ортаға салды. Осы ретте Нұртай Сабильяновтың Премьер-Министр атына жолдаған депутаттық сауалы көпшілікті бейжай қалдырмады.
Депутаттың мәліметіне қарағанда, үстіміздегі жылдың 17 наурызында ауа райының күрт жылынып кетуінен Шығыс Қазақстан облысының бірнеше аудандарында елді мекендерді су басып, төтенше жағдай қалыптасқан. Қазіргі таңда Абай, Зайсан, Тарбағатай, Күршім, Үржар және Ұлан аудандарының 26 елді мекені табиғат апатынан айтарлықтай зардап шегіп жатыр екен. Су астында 1187 тұрғын үй, 1512 қора-жай, 323 қыстақ қалған. Сонымен қатар, 8 көпір қирап, республикалық және жергілікті маңызы бар автожолдарды су шайып кеткен. Су тасқынынан мыңдаған адам баспанасыз қалып, 8 296 ірі қара мал, 33400 қой-ешкі, 1960 жылқы малы шығын болыпты.
Нұртай Салихұлы, әсіресе, Тарбағатай ауданында өте күрделі жағдай қалыптасқанын көлденең тартты. 18-19 наурыз күндері Тарбағатай ауданына қарасты Көкжыра, Жәнтікей, Қызылкесік, Көктүбек ауылдарын топан су жайлаған. Қолайсыз ауа райы мен арнайы техниканың жетіспеуі төтенше жағдайды жою мен оның алдын алу шараларын шұғыл жүргізуге мүмкіндік бермеуде көрінеді. Осыған байланысты депутат арнайы комиссия құрып, жағдайды қалпына келтіру мәселелерін шешуді сұрады. Осы ретте депутаттар көмекті әрбір тұрғын сезінуі тиістігін атап көрсетті.
Тито Сыздықов тұрғындардан өлген малға өтемақы алу үшін оның денесін тапсыру туралы талаптың орынсыздығын айтса, Рауан Шаекин елден көмек жинағанша, Үкімет төтенше жағдайларға деп бюджетте бекітілген 37 миллиард теңгені пайдалану қажеттігіне назар аударды.
Жалпы отырыста “Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қызметі үшінші тұлғаларға зиян келтіру қаупімен байланысты объектілер иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” заң жобасы бойынша Парламент Мәжілісі мен Сенаты арасындағы келіспеушіліктерді еңсеру жөніндегі келісім комиссиясының ұсыныстары туралы мәселе қаралды. Бұл жөнінде Мәжілістің Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің мүшесі, қос палата арасындағы келісім комиссиясының төрайымы Айткүл Самақова баяндап берді.
Содан кейін “Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Армения Республикасының Үкіметі арасындағы Инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы келісімді ратификациялау туралы” заң жобасы талқыға түсіп, толықтай мақұлданды. Келісімнің мақсаты туралы Индустрия және жаңа технологиялар вице-министрінің міндетін атқарушы Ерхат Есқалиев баяндама жасады. Ал Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі Сауырбай Есжанов қосымша түсінік берді.
“Биоотын өндірісі мен айналымын мемлекеттік реттеу туралы” заң жобасы үшінші оқылымда талқыға салынды. Бұл заң жобасы жөнінде Аграрлық мәселелер комитетінің мүшесі Еркін Рамазанов түсінік берді. Биоотын өндірісін реттеуге бағытталған осы заң жобасы палатаның ұзақ сараптауынан өтті. 2009 жылғы мамырдың 27-сінде бірінші оқылымда қаралса, үстіміздегі жылғы ақпанның 3-інде екінші оқылымда талқыланып, мақұлданған болатын. Осы жолы депутаттардың жаңа ұсыныстары бойынша үшінші оқылымға әзірленіп отыр.
Заң жобасының мақсаты – биоотын өндірісін және айналымын дамыту, биоотын өндірісі кезінде мемлекеттің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелерін реттеу, сондай-ақ қоршаған ортаны қорғау. Заң жобасы бойынша қорытынды салыстырма кестеге 87 түзету енгізілген. Аграрлық мәселелер комитеті соның ішінде 14 түзету қабылданбағанын мәлімдеп отыр.
Отырыс соңында “Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне биоотын өндірісі және айналымын мемлекеттік реттеу мәселелері бойынша толықтырулар мен өзгерістер енгізу туралы” заң жобасы да үшінші оқылымда талқыға түсті.
Заң жобалары талқылана келіп, үшінші оқылымда мақұлданды.
Украиналық журналистер ЕҚЫҰ төрағалығынан үміт етіп отырған елдеріне Қазақстан тарапынан қолдау табыла ма деген сұрақтарына тұшымды жауап алып риза болып жатты. Ал Қазақстанның енді басталған төрағалығының жұмысын қалай бағалар едіңіз дегенге Константин Грищенко төрағалық өте жақсы деңгейде қызу басталып, тынымсыз жүріп жатыр, ал жыл аяғында Қазақстан осы қарқынынан жаңылмай төрағалықты жемісті атқарады деген сенімдеміз, оған қолдау көрсетуге әзірміз, деп журналистерге ықылас білдіріп, сауалдар қойғанына рахметін жеткізді.
* * *
Киевтен кешкілік ұшып шығып, Молдаваның астанасы – Кишеневке жеткен ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев ертеңгісін Молдова Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер және Еуропалық интеграция министрі Юриэ Лянкэмен кездесті. Екі әріптес Молдова мен Қазақстан арасындағы байланыстарды тереңдетудің маңызын, ЕҚЫҰ үш себетінің біріне салынған қауіпсіздік мәселесі және ұзаққа созылған кикілжіңдерді шешу, Приднестровье жайында пікір алмасып, соңынан министрліктер арасындағы ынтымақтастықты дамытуға бағытталған меморандумға қол қойды.
Жалпы, Молдова үшін Приднестровье дауы бастың жиі ұстайтын сақинасы тәрізді. 1990 жылдың 2 қыркүйегінде Молдова құрамынан өзін бөлекпіз деп жариялаған, бірақ еш жерде танылмаған Приднестровье Республикасы төңірегіндегі дау-дамай 20 жылдың ішінде сағыздай созылумен келеді. Сол себептен де, ЕҚЫҰ бұл мәселені өз назарынан шығарып көрген емес. Молдоваға сапарында Іс басындағы төраға Приднестровье орталығы – Тираспольге барып, танылмаған республика басшысы И.Смирновпен жүздесті. Бұл туралы толық есеп газетіміздің келесі нөмірінде жарияланатын болады.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.