Білім беруді тоқтатпайды
Бұл – БҰҰ жанындағы білім, ғылым және мәдениет жұмыстарымен айналысатын ЮНЕСКО-ның бас директоры Одрэ Азуленің үндеуі. Қашықтан оқыту форматына әлемнің 167 елі көшті. ЮНЕСКО-ның есебінше, қазір 1,5 млрд бала қашықтан оқиды. Себебі қауіпті індет жер бетіне жылдам тарап жатыр. Қатер туғанда халықты, әсіресе балаларды сақтауға міндеттіміз.
Аталған халықаралық ұйым мектептерін жабуға мәжбүр болған елдердің барлығын және сол елдердегі жекеменшік ұйымдарды оқушыларға білім беруді жалғастыруға, қандай жағдай болсын, балалардың білім алуын тоқтатпауға шақырды. Дүниені дүрліктірген дерт білім саласына да едәуір қиындық әкелді. Бұған жоғарыдағы ықпалды ұйымның әлемдегі оқушылардың 87 пайызы мектепке қатынай алмай қалғанын жазғанынан анық көз жеткізуге болады. ЮНЕСКО осыған орай Білім беру бойынша жаһандық коалиция құрды.
ЮНЕСКО-ның бас директоры Одрэ Азуле:
– Біз бұған дейін ешқашан білім беру үдерісі дәл осындай кең көлемде бұзылысымен бетпе-бет келмедік. Серіктестік қарым-қатынас – алға жылжудың жалғыз жолы. Коалиция оқушылар мен мұғалімдерді ғана емес, сонымен қатар қалпына келтіру процесі кезінде де қолдау көрсететін инклюзивтілік пен теңдікке бағытталған шешімдерді іздестіру үшін үйлестірілген және инновациялық іс-қимылдарға шақыруды көздейді, – деді.
Бірлік әлемді құтқарады
Иә, О.Азуле айтқандай, серіктестік қарым-қатынас – алға жылжудың жалғыз жолы, дәл қазір тығырықтан шығудың да төте жолы. Бұл ойды тереңінен түйсінген халықаралық ұйымдар, саласы бір компаниялар, бір-біріне тығыз қарым-қатынаста алға жылжитын ұйымдар әлдеқашан бірігуді бастап кетті. Айталық, бүгінде Microsoft, GSMA, Weidong, Google, Facebook, Zoom, KPMG, Coursera секілді ірі жеке секторлар ЮНЕСКО құрған коалицияға қосылып, Khan Academy, Dubai Cares, Fundación Profuturo сынды коммерциялық емес ұйымдар мүше болған және алпауыт ВВС арнасы әлемдегі оқушылар мен студенттердің қауіпті індет туралы танымын кеңейтуге атсалысып жатыр.
Мұндай үрдіс, қауіп-қатер келгенде іскерлік пен ізгіліктің үлгісі елімізде де көрініс тапты. Мәселен, Білім және ғылым вице-министрі Рүстем Биғари, Цифрлық даму вице-министрі Дарын Тұяқов, сондай-ақ «Қазақтелеком» АҚ, «Транстелеком» АҚ, «Кар-Тел» ЖШС, «Ксеll» АҚ, «Мобайл Телеком-Сервис» ЖШС, «Astel» АҚ сияқты байланыс операторларының басшылары Ынтымақтастық туралы тиісті меморандумға қол қойды. Соның нәтижесінде енді еліміздегі төтенше жағдайға байланысты қазақстандықтарға 25 білім беру интернет-ресурсына тегін кіруге мүмкіндік бар. Аталған интернет-ресурстардың қатарында мұғалімдер мен оқушыларға, сондай-ақ ата-аналарға аса қажетті Kundelik.kz, BilimLand, I-mektep.kz пен студенттер, болашақ студенттерге, оқытушыларға керекті testcenter.kz, CollegeSmartNation, электронды ректорат nkzu.kz, univer.kstu.kz, Paragraph Bilim бар.
Сонымен қатар білім беру платформалары бар бірқатар жеке кәсіпкерлер де тегін қызмет ұсынып жатыр. Мәселен, ІТ саласының маманы Нұрлан Жанай педагог қауымға карантин кезінде қашықтан білім берудің қыр-сырын үйрететін «Онлайн педагог» марафонын бастады. Ал Bilge Center құрылтайшысы Әкім Тұрсын бастауыш сыныптарға арналған тегін сабақтар тізбегін және барлық сыныптарға Bilgen.biz атты сұрақ-жауап порталын ашқанын айтты. Бұдан бөлек Ұлттық тестілеу орталығының директоры Дидар Смағұлов та аталған орталықтың коммерциялық ұйым екеніне қарамастан төтенше жағдай кезінде талапкерлердің ҰБТ сынағын тегін тапсыра алатынын жеткізген еді.
Бірліктің бір белгісі БАҚ тарапынан болған қадамдардан да көрінді. Бұған дейін біз мұғалімдердің «Балапан» телеарнасынан қазақ тілінде, «Еларна» телеарнасынан орыс тілінде сабақ беретінін жазғанбыз. Ал жақында Қазақ радиосының да қашықтан оқытуға атсалысатыны айтылды.
Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн-брифингте:
– Соңғы тоқсанның білім бағдарламасын қамту үшін 3 мыңнан аса теле-сабақ түсіруге тиіспіз. Қазір сол теле-сабақтардың 300-ден астамы дайын. Келесі үлкен бағыт – радио. Қазақтың қара шаңырағы саналатын Қазақ радиосының үні байланысы жоқ шалғай елді-мекендерге жетіп жатқанын білеміз. Сондықтан Қазақ радиосымен жүргізілген келіссөздердің нәтижесінде кесте бойынша радио-сабақ беруді бастамақпыз, – деген болатын.
Түйткіл – техника тапшылығы
Қашықтан оқыту орта білім беру ұйымдарының тәжірибесінде бұрын болмады. Сондықтан түрлі тараптан сан қилы сауал туатыны анық. Осыған орай министрлікте ситуациялық орталық құрылды. Бұл жөнінде А.Аймағамбетов:
– Аталған орталық мектептердегі ғана емес, бұған дейін қашықтан білім беруге көшкен колледждер мен жоғары оқу орындарындағы жағдайды да күн сайын жіті бақылап отырады. Өйткені біз үшін қашықтан оқытудың қалай жүргізілгені ғана емес, білім берудің сапасы да аса маңызды, – деді.
Оның айтуынша, call-орталық 5 млн-ға жуық білім алушылардың (студенттер, оқушылар) көкейіндегі туындаған сұрақтарына жауап беруді міндетіне алады. Сондай-ақ әр облыстық білім басқармасы мен аудан, қалалық білім бөлімдері жанында әдістемелік көмек көрсететін call-орталықтары жұмысын бастайды. Министрлікте де 1450 қысқа нөмірі бойынша call-орталық бар.
Қашықтан оқытуға көшудегі ең маңызды мәселе – техника тапшылығы. Министрлік біршама уақыт бұрын бұл проблеманы мектептегі компьютерлерді оған мұқтаж оқушылар мен мұғалімдерге таратып беру арқылы шешетінін хабарлаған.
– Компьютерлерді оқушыларға таратуда елорда мен Алматы қаласы белсенділік танытып отыр. Мәселен, Алматыда аз уақыттың ішінде 10 мыңнан аса компьютер таратылды. Мектептегі техникаларды уақытша пайдалану бойынша арнайы актімен балаларының білім алуы үшін ата-аналарға тапсырып отырмыз, – деді ведомство басшысы.
Техника тапшылығының түйіні компьютерлерді таратып берумен түбегейлі тарқатылмайды. Сондықтан министрлік арнайы техникалар (компьютер, планшет, ноутбук) сатып алуды да қолға алған.
– Сатып алынатын техника тек қана компьютер емес, бұл қашықтан білім алуға көмектесетін кез келген құрылғы болуы мүмкін. Себебі елімізде компьютер толығымен жетеді деп айта алмаймыз. Сондықтан жетпеген жағдайда басқа да құрылғыларды аламыз. Қазіргі таңда 80 мыңға жуық техника сатып алуды жоспарлап отырмыз. Әрине тек оқушыларда емес, мұғалімдерімізде де техника тапшылығы бар. Сол себепті педагогтарды тиісті құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету мәселелері шешіліп жатыр, – деді А.Аймағамбетов.
Дайындық бәрінен маңызды
Осы ойға негізделген жұмыстардың алғашқысы кеше, яғни 1 сәуірде сынақ-сабақтар ұйымдастырылумен басталды. Барлық мектептердегі мұғалімдер оқушыларымен байланысқа шығып, қашықтан сынақ-сабақ берді. Ал бүгін яғни 2 сәуір күні жалпыұлттық ата-аналардың жиналысы болады. Аталған мәселеде ата-аналарға мұғалімдермен бірдей жүк түседі. Сондықтан олар қашықтан оқытуды қалай жүргізілетінін, мұндай форматтағы сабақтарды өткізудің проблемалары мен шешу жолдарын білуі керек. Министрдің мәлімдеуінше, 3 сәуірде сынып сағаттары өткізіледі. Мұнда да қашықтан оқытуды жүзеге асыру форматтары мен проблемалары талқыланады.
– Осы үш шара 6 сәуірге дайындықты пысықтау. Себебі бұрынғыдан өзгеше басталғалы отырған биылғы соңғы тоқсанға мұғалім де, ата-ана да, оқушы да, құрылғы да – бәрі сақадай сай болуы тиіс, – деді ведомство басшысы.