Мемлекеттік бас санитарлық дәрігер Айжан Есмағамбетова әлемде коронавирус індетінің жағдайы әлі де тұрақты емес екенін айтады.
«Вирус жұқтырғандардың саны артып келеді, бүгінде әлемде індетке шалдыққан 854 663 адам болса, оның ішінде 42 046 адам қайтыс болды. Елімізде 369 науқас тіркелді. Қазақстан Республикасының тұрғындары арасында таралуын болдырмау мақсатында мен бүгін «Қазақстан Республикасы тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары туралы» қаулы шығардым, соған сәйкес инфекцияның таралуының қазіргі сипатын ескере отырып, біз елімізге келген адамдарды бақылауды жалғастырамыз. Тұтастай алғанда негізгі екпін аурудың алдын алуға бағытталған. Бүгіннен бастап шетелден келген барлық адамдар карантиндік ауруханаларда оқшауланатын болады. Нәтижелерді алғаннан кейін оң нәтижесі бар адамдар емдеу үшін жұқпалы аурулар ауруханасына, ал теріс нәтижесі бар адамдар оқшаулануға үй карантиніне жіберіледі. Бұл ереже, әдеттегідей, авиакомпания ұшқыштарына және локомотив бригадаларының мүшелеріне, темір жол көлігімен байланысты адамдарға және шетелден келетін жүктерді халықаралық автомобильмен тасымалдауды жүзеге асыратын жүргізушілерге қолданылады. ЕАЭО мен Өзбекстан Республикасынан темір жол және автомобиль өткізу пункттері арқылы келген адамдар үйде 14 күн бойы оқшаулануға жатады. Сыртқы істер министрлігінің келісімі бойынша Қазақстанға келген дипломаттар мен олардың отбасы мүшелерін үй карантинінен өткізуді, міндетті түрде тексеруді көздейтін норма енгізілді», деді ол.
Сонымен қатар Бас санитарлық дәрігер Қазақстанда коронавирус инфекциясынан қайтыс болғандарды жерлеу алгоритмі жарияланғанын тілге тиек етті.
«Алгоритмге сәйкес, мәйітті туыстарына беруге болмайды. Жақын туыстарына ғана 3 метр қашықтықта қоштасуға 30 минут уақыт беріледі. Жерлеу рәсіміне бір ғана діни қызметкер қатысады. Жерлеу рәсімі санитарлық-эпидемиялық қызмет жұмысшыларының бақылауымен және жергілікті атқарушы органның қатысуымен өтеді және эпидемияға қарсы барлық шаралар қатаң сақталады. Біздің әрқайсымыз өз денсаулығымызға, жақын адамдарымыздың денсаулығына және жалпы қоғамға жауаптымыз. Сондықтан сақтық шараларын қатаң ұстануға шақырамын», деді А.Есмағамбетова.