Экономика • 02 Сәуір, 2020

42 500 теңгені алу үшін Telegram-ботпен қалай өтініш беруге болады?

2229 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Төтенше жағдай кезінде табысынан айырылғандарға Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (МӘСҚ) төлем алуға өтініш беру рәсімін жеңілдету үшін арнайы Telegram-ботты іске қосты. 

42 500 теңгені алу үшін Telegram-ботпен қалай өтініш беруге болады?

«EGov-ке («Электрондық үкімет» порталы) кіру үшін компьютері жоқ адамдар бар. Біз Telegram-боттағы жұмыстарды аяқтап және таңертеңнен бастап ұялы телефон арқылы да өтініш беруді ұсынамыз. Ол үшін қосымшаны жүктеп алу қажет, өз деректеріңізді – ТАӘ, ЖСН және банктік шотыңыздың нөмірін енгізіп, «42 500 теңге төлем» қызметін таңдап, SMS-хабарлама арқылы пароль алып, оны бекіту қажет. Яғни, біз осылайша бәрін жеңілдетеміз», деді кеше Орталық коммуникациялар қызметінде онлайн брифинг өткізген Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов.

Азаматтардан әлеуметтік төлемдер алуға өтініш берген кезде деректерді жауапкершілікпен толтыруды сұраған министр: «Ең бірінші, сізден мәліметтеріңізді дұрыс толтыруды сұраймыз. Бар болғаны үш баған: аты-жөні, ЖСН және карта шоты. Дос, таныс емес, өзіңіздің жеке шотыңызды көрсету керек. Өйткені әлеуметтік төлемді тағайындауда сіздің тегіңіз карточка иесімен салыстырылатын болады», деді.

Telegram-бот арқылы өтініш берудің жолдары мынадай:

  1. Өтініш беруші Telegram-ға кіріп, «EgovKzBot2.0» іздеп табу керек;
  2. «Төтенше жағдай кезінде 42 500 төлеу» қызметін таңдайды;
  3. Өтініш жазу үшін қажетті деректерді толтырады, өз деректерін көрсетеді. Сосын оны жібереді.
  4. Өтініш «Еңбек нарығы» ақпараттық жүйесіне келіп түседі, 1 күн ішінде деректер тексеруден өтеді (бірыңғай жиынтық төлемді төлеушілердің өтініштері тексеруден өтпейді);
  5. Ақпарат «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ-қа өтінішті өңдеу үшін «Е-Макет» ақпараттық жүйесіне 1 күн ішінде түседі;
  6. «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ жәрдемақы тағайындау және төлеу үшін МӘСҚ-ға өтініш жібереді;
  7. Telegram-ға әлеуметтік төлемнің тағайындалуы туралы жауап жіберіледі.

Төлем екінші деңгейдегі банктердегі (ЕДБ) төлем алушының шотына аударылады.

Айта кетейік, төтенше жағдай кезінде табысынан айырылғандарға МӘСҚ-тан айына 42 500 беріледі (ең төменгі жалақы), ол мына санаттағы азаматтарға тағайындалады:

  • орта, шағын және микробизнес субъектілерінің қызметкерлері;
  • жеке кәсіпкерлер (ЖК);
  • жеке практикамен айналысатын адамдар (нотариус, жеке сот орындаушысы, адвокат, кәсіби медиатор) (ЖП);
  • бірыңғай жиынтық төлемді төлеушілер (БЖТ);
  • нысанасы жұмыстарды орындау (қызметтер көрсету) болып табылатын азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар (АҚС) бойынша табыс табатын, салық агенттері олар үшін міндетті зейнетақы жарналарын төлейтін адамдар;
  • карантин енгізілген елді мекендердегі ірі бизнес субъектілерінің қызметкерлері.