Мен үндеуді ең алдымен халықтың өмірі мен денсаулығына деген лайықты көңіл бөлу, маңызды қадам деп түсіндім. Екіншіден, үйдегі карантинде жатқан жұрттың жайын реттеу деп қабылдадым. Бұған дейін үкіметтен жалақы алып отырған мемлекеттік қызметкерлер ғана емес, жеке кәсіпкерлерге де өтемақы төлеуді қарастырып жатыр. Бұл көмек елдегі қалыпты кезеңде көрсетілмеген, дағдарыс уақытында беріліп отыр. Мұның өзі оңай шаруа емес.
Бұдан бөлек Президент үндеуде болашақтағы жұмыстарды да алдын ала бағдарлап отыр. Бірқатар ел осы дағдарыстан шығып келеді, біз де шығамыз. Бірақ маңыздысы – дағдарыстан кейінгі жұмыс. Айталық, егістік жұмыстарына айрықша көңіл бөліп, бензин бағасын 15 пайызға дейін төмендетті. Бұл – дихандар мен шаруалар үшін үлкен қолдау. Өйткені біз көктемде егінді жақсылап екпесек, күздің күні азық-түліктің бағасы бірден шарықтап шыға келеді. Ал мұндай жағдай өзі дағдарыстан шыққан халыққа одан сайын соққы болмай ма?
Елдегі осы жағдайға байланысты үндеу алдағы уақытта тағы да жарияланады деп сенемін. Себебі жоғарыда айтқанымдай, дағдарыстан кейінгі проблемаларды шешудің жолдары нақты белгіленуі керек.