Білім • 02 Сәуір, 2020

Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушысы Гарвард университетіне оқуға түсті

607 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматы қаласы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 12 сынып оқушысы Сұлтанәлі Нұрманұлы Гарвард университетіне оқуға түсті. Сондай-ақ зияткер Ричмонд Университеті, Дартмуд колледжі және Кореяның алдыңғы қатарлы ғылыми зерттеу және технология университетінен шақырту алып отыр.

Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушысы Гарвард университетіне оқуға түсті

ЖОО-ға түсу туралы өтінімдерінде негізгі қызықтыратын салалары ретінде Сұлтанәлі математика мен кинотану өнерін атап көрсеткен. Түлек «European Mathematical Cup» кіші лигасының 2 орын (2016), математикадан өткен «Математика без границ» Олимпиадасының күзгі халықаралық турының 1 орын (2016) және ағылшын тілінен «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы ұйымдастырған республикалық олимпиаданың 2 орын иегері. Сондай-ақ Сұлтанәлі мектептің драмалық үйірмесіне қатысып, мектеп киноклубының негізін қалаған. Үйірме тобымен бірге Францияда өткен «European Festival of Arts and Siences» фестивалінде өнер көрсеткен. Төрт жыл қатарынан француз тілін оқиды, соның арқасында Францияның оңтүстігінде орналасқан «Centre International de Valbonne» жазғы мектебіне жолдама алған.

«Математикадан және ағылшын тілінен халықаралық және республикалық олимпиадалардың жүлдегерімін. Одан бөлек, кинематографияны қатты жақсы көремін. Өзім түсірген «Admission» қысқа метражды анимациялық фильмін ерек мақтан тұтам. Оны мектептегі оқуымнан тыс айналысатын жұмысым ретінде көрсеткен болатынмын. Аздап шикі болғанына қарамастан, арманымдағы оқуға түсуге едәуір әсер етті деп ойлаймын. Жазда «Қазақфильм» киностудиясында сценарист Ерлан Төлеутайдың менторлығында болып, 3D анимацияны меңгерген болатынмын», -  деді Зияткерлік мектеп түлегі.

Айта кетейік, өткен жылы Алматы қаласы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің екі бірдей түлегі Селимжан Чалышкан мен Ақназар Қажымұрат зияткерлер арасында алғаш рет Гарвард университетінің грант иегерлері атанған болатын.