Аймақтар • 02 Сәуір, 2020

Петропавлдың блок-бекеттерінен бір түнде 800-ден астам көлік өтті

155 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Петропавл қаласына кіріп-шығуды шектейтін шаралары енгізілгенін бұрын жазғанбыз, соның алғашқы түнінде алты блок-бекет арқылы 800-ден астам автокөлік өткендігі есепке алынды.

Петропавлдың блок-бекеттерінен бір түнде 800-ден астам көлік өтті

Полицейлер, ветеринария және санитарлық-эпидемиологиялық қызметтер кезекшілік атқарып жатқан бекеттер өз жұмысын 1 сәуірге қараған түннен бастады. Облыс орталығына кіретін барлық азаматтарды полиция қызметкерлері тіркейді, келу себептерін анықтайды. Санитарлық дәрігерлер дене қызуын өлшеп, азаматтардың хал-жайын сұрайды. «Осындай шектеу шаралары көліктер легін азайтуға бағытталған. Коронавирустық инфекцияның таралмауының алдын алуға бағытталған мәжбүрлі шараларға адамдар түсіністікпен қарап жатыр», - деп атап өтті облыстық Полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі Марат Төлебаев.

«Барлық іс-шараларға еш қарсылығымыз жоқ, бәрін де түсінеміз. Отбасыларымыз үйде, ал біз жұмыс істеп жүрміз», - дейді жүк көліктерінің жүргізушілері.

Облыс әкімі Құмар Ақсақалов бекіткен шектеу шаралары 1 сәуірден бастап енгізілген. Петропавл қаласы мен облыс аудандары арасындағы жолаушылар тасымалы да тоқтатылды. Азаматтардың өздерінің тұрғылықты мекенжайларына оралуына 2 сәуір күнгі түнгы сағат 12-ге дейін рұқсат берілген.

 

Солтүстік Қазақстан облысы