Білім • 02 Сәуір, 2020

Қарағанды облысының мектептері қашықтан оқытуды бастайды

270 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Коронавирусқа қатысты мәжбүрлі түрде каникулға кеткен мектеп оқушыларына «тықыр» таянды. Енді, олар төртінші тоқсан басталысымен қашықтан оқи бастайды.

Қарағанды облысының мектептері қашықтан оқытуды бастайды

Жалпы, оқытудың мұндай тың тәсіліне көшуге Қарағанды облысындағы мектептердің қаншалықты деңгейде дайын екендігін аталған ведомствоның басшысы Есенғазы Иманғалиев айтып берді.

– Сәуірдің 6-нан бастап  облыстағы білім беру мекемелері қашықтан оқытуға көшеді. Бұл іс-шара 155 095 оқушысы бар қалалық 208 мектепті және 38 519 бала білім алатын ауылдық жерлердегі 168 мектепті қамтиды. Сабақтар Google Classroom, Daryn, online.kz, Edupage.org, Moodle және Zoom платформаларында өтеді, – деп мәлімдеді ол.

Айта кететін бір жайт, облыстың  ауылдық жерлердегі 131 мектебі  оқытуды дәстүрлі түрде жалғастыра береді. Бұлар өңірдің шалғай аудандарындағы білім ошақтары. Мұнда  оқушылар саны 80 баладан кем және олар екі ауысымда оқитын болады. Мектептерде кабинеттік жүйе тоқтатылады және ғимараттардың өз ішінде санитарлық тазалық тәртібі қатаң түрде күшейтіледі.

Қашықтан оқыту үшін ең алдымен интернет және гаджеттер мен компьютерлердің керек екендігі белгілі. Сол себепті, қазіргі таңда өңірде барлық мұғалімдер мен оқушыларды қажетті құралдармен, сондай-ақ интернетке үздіксіз қолжетімділікпен қамтамасыз ету жолындағы жұмыстар қолға алынып жатыр.

Мысалы, қазір жергілікті атқарушы билік компьютерлер мен планшеттер сатып алуға 377 млн теңге бөлді. Бұл қаражатқа облыстың сегіз аймағы үшін 2 409 компьютер мен планшет сатып алу жоспарда бар.

Жалпы алғанда, бүгінгі күнде облыс мұғалімдерінің 92,5 %-ы қашықтан сабақ жүргізуге әзір. Сонымен бірге өңірдегі оқушылардың 95,1% компьютерлермен және гаджеттермен қамтамасыз етілген.

Қазір облыстағы ұялы байланыс операторларымен қашықтан оқыту кезеңінде желіге қосылу проблемалары бар оқушыларға тегін негізде мобильді интернет қызметін ұсыну туралы келіссөздер жүргізілуде. Негізінде өңірдің барлық интернет-провайдерлерімен арада нөл және минусқа жеткен баланста да пайдаланушыларды қызметтен ажыратпау жөнінде уағдаластық бар.

Қуанарлық бір жайтты айта кету керек: облыстық цифрландыру басқармасының басшысы Рустам Байжанов желіге түсетін жүктемеге қарамастан, қашықтан оқытуға көшуге байланысты интернет іркіліссіз жұмыс істейтін болады деп сендірді.