Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Орал Мұхамеджановты қабылдады, деп хабарлады Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз қызметі.
О.Мұхамеджанов Президентті Қазақстан Республикасы Парламентінің төртінші сессиясының ашылуында Елбасының сөйлеген сөзінде және “Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері” атты Қазақстан халқына Жолдауында белгіленген міндеттерді орындау жөніндегі палата депутаттарының, “Нұр Отан” ХДП фракциясының жұмысы туралы хабардар етті.
Әңгімелесу барысында сондай-ақ, еліміздің жедел индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының құқықтық базасын заңнамалық тұрғыда қамтамасыз ету жөніндегі парламентшілердің қызметі туралы әңгіме болды.
– Президент депутаттық корпустың жұмысын жоғары бағалады және бірқатар маңызды заң жобаларын жедел және сапалы әзірлеуді қамтамасыз ету жөнінде бірқатар нақты міндеттер қойды, – деді Мәжіліс Төрағасы журналистерге арналған брифингте.
* * *
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Әділет министрі Рашид Түсіпбековті қабылдады, деп хабарлады Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз қызметі.
Министр Президентті ведомствоның ағымдағы қызметі, “Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері” атты Президенттің Қазақстан халқына Жолдауында алға қойылған міндеттерді, сондай-ақ Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейінгі дамуының Стратегиялық жоспарын орындау туралы хабардар етті. Атап айтқанда, заңнамалық қызметті жетілдіру жөнінде қабылданған шаралар, тұрғындарға мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру, еліміздің қылмыстық-атқару жүйесіндегі істердің жағдайы туралы баяндады.