Қоғам • 02 Сәуір, 2020

Ерлан Сыдықов: Анық жол, айқын жоспар – елдіктің белгісі

516 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Төтенше жағдай мен мемлекеттің дағдарысқа қарсы іс-шараларына байланысты Президент Қ.К.Тоқаевтың республика телеарналарынан жасаған мәлімдемесі аса маңызды және көкейкесті деп білеміз. Өйткені осынау жауапты кезеңде жұртшылық шынайы да білікті ақпараттың ғана емес, сенім мен әлеуеттің қуатын қажетсініп отыр.

Ерлан Сыдықов: Анық жол, айқын жоспар – елдіктің белгісі

Айта кету керек, Мемлекет басшысы мен Үкімет жаһандық қауіп – коронавирус пандемиясы елімізге жетпей тұрып, вирус індетінің алдын алуға қатысты кешенді жұмыстарды бастап та кеткен еді. Халқымызда «Жау айтып келмейді» деген бейнелі нақыл бар. Сол айтқандай, ғаламдану заманында коронавирустың алапат қиындық туғызатынын сезсек те, онымен күрестің ақыл мен білікке, бірлік пен күш-жігерге арқа сүйейтінін және оның үйлестірушісі – мемлекет екенін байыптағанбыз.

Әлемдік деңгейде тәжірибесі мол, сарабдал тұлға Елбасы да халыққа арналған 20 наурыздағы Үндеуінде: «Осындай ауыр кезеңде мен барлық қазақстандықтарды ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Үкімет тарапынан іске асырылып жатқан шұғыл шараларды қолдауға шақырамын. Мақсат – біздің азаматтарымыз бен мемлекетіміздің мүддесін қорғау» деп атап көрсетті.

Расында, коронавирусқа шалдыққан алғашқы науқас анықталған 13 наурыздан бастап әрбір күн, әрбір сағат, әрбір минут 18 миллион 400 мыңға жуықтаған Қазақстан халқы үшін зор сынақ болып тұр. Мемлекет басшысы айтқандай, «Біз дүрбелең тудыруға жол бермейміз. Дәл осы кезде халық мемлекетке қолдау көрсетуі керек. Бұл аса маңызды. Коронавирус – батпандап кіріп, мысқалдап шығатын қауіпті дерт».

Президент Қ.К.Тоқаевтың 31 наурыз күнгі халыққа арналған мәлімдемесіндегі мына тұжырым мен тоқтамдарды айрықша атағымыз келеді.

Біріншіден, мемлекетке ел сенім арттыратын жүйелі жұмыстар кешені айқындалды.

Екіншіден, экономикалық дағдарыспен және қиындықтармен күрестің нақты амалдары белгіленді.

Үшіншіден, халыққа, оның әлеуметтік жағынан аз қорғалған бөлігіне көмектесудің орайлы жолы шешілді.

Төртіншіден, тығырыққа тірелген бинестің қолтығынан демеу және жұмысссыздықтың алдын-алу шаралары жария етілді.

Бесіншіден, отандық медицинаға жан-жақты мемлекеттік қамқорлықтың тұжырымдамасы және ізашар істері шегеленді.

Алтыншыдан, халықты азықпен қамтамасыз ететін ауыл шаруашылығы жұмыстарына, әсіресе көктемгі егіс шараларына шұғыл, жүйелі көмек көрсету тапсырмалары мәлім етілді.

Жетіншіден, дағдырыстан шығу жолындағы әлем мен ел, орталық пен өңір арасындағы маңызды да қауырт іс-шаралардың жөн-жобасы ұсынылды.

Мемлекет басшысының: «Инфляцияның артуына байланысты зейнетақы, мемлекеттік жәрдемақы және атаулы әлеуметтік көмек мөлшерін 10 пайызға индексациялауды тапсырдым. Осыған орай, аталған санаттағы азаматтардың табысын арттыру үшін мемлекет тарапынан 200 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінеді», сондай-ақ: «3 миллионға жуық азаматымызға қолдау көрсетіледі. Тұрмысқа қажетті заттар мен азық-түлікті тегін алатын азаматтардың қатары көбейеді. Мұндай көмекті мүгедектер және жұмыссыз ретінде тіркелген азаматтар да иеленеді» секілді қадау-қадау дәйектері, «Шағын және орта бизнес өкілдерін биылғы 1 қазанға дейін еңбекақы төлеу қорынан ұсталатын салықтан босатуды тапсырамын», «Көктемгі егіс науқаны үшін «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы арқылы қосымша 100 миллиард теңге бөлуді тапсырамын» т.б. жіті құнттаулары осы саладағы миллиондаған азаматтарды жігерлендірді деп есептейміз.

Біз – жоғары білім саласының мамандарымыз. Сондықтан елдің әл-ауқаты мен экономикасына ғылым көзімен қарау – міндетіміз. Бұл тұрғыдан келсек те, үндеудің жүйелілігі мен ауқымдылығы дағдарыс салмағын да, соған байланысты амал-тәсілдер әлеуетін де нақты түсіндіріп тұр.

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті – 24 мыңға жуық адамнан тұратын іргелі ұжым. Мемлекет пен үкімет тапсырмасымен бүгінде қашықтан оқытуды сәтті жүргізіп жатырмыз. Мұны жүйелеген Білім және ғылым министрлігі баршамызды елдік мүдде төңірегіне топтастыра білді.

Оқытушы-ғалымдарымыз бен білім алушыларымыздың көңіл-күйі, арман-иеті Отанымыздың тілегімен үндеседі. Үндеуде шыдамдылық, төзімділік, жауапкершілік жайын ерекше айтқан Қасым-Жомарт Кемелұлының «Бұл сынақтан да сүрінбей өтіп, қиындықты бірге еңсереміз!» деген тұжырымы бізді одан сайын серпілте түседі.

Анық жол, айқын жоспар – елдіктің белгісі. Қазақстан жолы осыны айқындайды.

Ерлан Сыдықов,

Л.Н.Гумилев атындағы

Еуразия ұлттық университетінің

ректоры, академик