Коронавирус • 02 Сәуір, 2020

Туннель коронавирустан қорғайды

604 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Коронавирус инфекциясын жұқтырмаудың басты жолдарының бірі – сақтану шараларын мұқият сақтау екендігі белгілі. Осы орайда, ақтөбелік кәсіпкер Хайдар Ілиясов елімізде тұңғыш рет залалсыздандыру туннелін жасап шығарды. Оның пайдасы мен ерекшелігі неде?

Туннель коронавирустан қорғайды

Бүгінде еліміздің барлық қалаларында залалсыздандыру жұмыстары жүргізіліп келеді. Жөн-ақ. Мұндай жағдайда пандемияның таралу қаупі туннель дейді. Жаңашыл жан ойлап тапқан құралдың атқаратын қызметі бұдан да асып түседі. Яғни, арнайы құрастырылған туннельдің ішімен жүріп өткендер бойына дезинфекциялық сұйықтықты сіңіріп, залалсызданып шығады. Содан соң қауіпті вирустан сақтану иммунитеті пайда болады екен.

– Маған бұл ой елімізде коронавирус инфекциясы басталған кезде келіп еді. Осындай қиын кезеңде ел-жұртыма бір пайдамды тигізбек оймен күніне жүз ойланып, мың толғанып осы залалсыздандыру туннелін жасап шығаруға тырыстым. Оған отандық өнімдер пайдаланылды. Қазіргі кезде ел тұрғындарына ауадай қажет құралдың сынақтан ойдағыдай өткені мен үшін бір мерей, – дейді бұл жөнінде газет тілшісіне елімізде баламасы жоқ жаңа жабдықтың иесі Хайдар Ілиясов.

Айрықша туннельдің ішімен жүріп өтіп, оның жарақтандырылуына оң баға берген Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин мұндай туннельді Ақтөбе қаласындағы өзге орындарға да орнату керектігіне тоқталды.

Соған сәйкес жоба иесі оны таяу күндерде облыс орталығындағы сауда үйлері мен аурухана ғимараттарының жанына орнатуды ойластыруда. Оның алға қойған мақсаты – кем дегенде жүз залалсыздандыру туннелін шұғыл құрастыру болып отыр. Бұл ретте ол өз өнімінің кем-кетігін күннен-күнге жетілдіре түсуді жөн көреді. Кәсіпкердің айтуынша, қазірдің өзінде оған облыс аудандарынан  және Атырау мен Алматы облыстарынан тапсырыстар түсіпті.

Хайдар Ілиясов өзінің залалсыздандыру құрылғысын туркия мамандырының тәжірибесіне суйене отырып жасаған.

Ақтөбе