Астана қаласында еліміз кикбоксингінің 20 жылдық мерекесіне орайластырылып ұйымдастырылған ел Кубогы өз мәресіне жетті. 25-28 наурыз аралығында өтіп, Қазақстанның 13 облысы мен Астана, Алматы қалаларының 200-ден астам үздік кикбоксшылары қатысқан бұл сында ел жарыстарының бірнеше дүркін чемпиондары, әлем чемпионаттарының, Азия ойындарының жүлдегерлері мен жеңімпаздары болды.
Ақтық кезеңдер фулл-контакт бөлімінде ерлер арасында 11, әйелдер арасында 5 салмақ дәрежесінде өтсе, лоу-кик бөліміндегі жеңімпаздар 12 салмақта анықталды.
Әйелдер арасындағы жарыстарда Қарағанды және Ақмола облыстарының спортшыларына тең келген кикбоксшылар табылмады. Өткен жылғы ел чемпионы, Вьетнамда өткен жабық ғимараттардағы Азия ойындарының қола жүлдегері ақмолалық Сәния Сүлейменова 48 кило салмақта атағын бұл жолы да сақтап қалды. Оның жерлесі Маржан Әлімова ақтық кезеңде 52 кило салмақ дәрежесінде шығысқазақстандық спортшы, Тай елінде өткен Азия Ойындарының жүлдегері Жадыра Қуанышеваны жеңіп шықты. 56 килода Ирина Зенина жеңімпаз атанса, 65-те Аялита Сахова жеңімпаз атанды. Екеуі де Қарағанды облысының өкілі.
65 килодан аса салмақ дәрежесінде ақтық кезеңнің жеңімпазы ретінде Оңтүстік Қазақстан облысының өкілі Әлия Қамбарова танылды.
Ерлер арасындағы фулл-контакт бөліміндегі ақтық кезеңнің сайыстары алғашқы салмақ дәрежесінен бастап аса тартысты өтті. Мәселен, 54 килода финалда 2007 жылғы әлем чемпионы, қостанайлық Дидар Күнбатыров пен 2009 жылғы Қазақстан Кубогының жеңімпазы, Ақтөбе облысының спортшысы Еркебұлан Омаров кездесті. Бұл жекпе-жекте бір дауыс ерекшелігімен жеңіске Дидар жетті. 57 килода шығысқазақстандық Әлемжан Құдайбергенов СҚО өкілі 2007 жылғы әлем чемпионы Әмір Тінәлинді жеңді.
Лоу-кик бөлімінде 57 кило салмақ дәрежесінде Әлемжанның ағасы, Азия Ойындарының екі дүркін жеңімпазы (Макао-2007, Тайланд-2009) Бауыржан Құдайбергенов те аса тартысты жекпе-жекте 2008 жылғы жастар арасындағы әлем чемпионы Ерзат Сетербаевтан басым түсті.
67 кило салмақтағы сайысты елорда жанкүйерлері асыға күткен еді. Астаналық Әсет Тайғанов павлодарлық Ерсайын Қасамбаевпен кездесті. Өткен жылғы ел чемпионатының ақтық кезеңінде кездескенде де жеңіс Ерсайынның үлесіне тиген-ді. Бұл жолы да Ерсайынның асығы алшысынан түсті.
71 кило салмақта да бас жүлде Павлодар облысының үлесіне тиді. Саян Жақыпов финалда қостанайлық спортшы Ерік Бержановтан айласын асырды.
Бұл жылғы жарысқа қатысушылардың бәрі алдын-ала жарналарды жинады. Жиналған 500 000 теңге қаражат – Алматы облысының Қызылағаш ауылындағы төтенше жағдайдан зардап шеккендерге қаржылай көмек көрсету үшін аударылмақ ниетте екен.
Әбдірахман ҚЫДЫРБЕК, Астана.