Қоғам • 03 Сәуір, 2020

Сын сағаттарда халықтың ұлы болуға ұмтылуымыз қажет

415 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Күллі жаһан жұртшылығын жаппай дүрліктіріп, аз уақыт ішінде әлем елдерін әбігерге түсірген жұқпалы дерт - ширек ғасыр ішінде іргесін бекітіп, өркениет көшіне ілескен еңселі елімізді де айналып өтпеді.   

Сын сағаттарда халықтың ұлы болуға ұмтылуымыз қажет

Осындай қысылтаяң шақта, атадан қалған асыл қасиеттерді азық етіп, сабыр мен сақтықты санамызға терең сіңірсек қана дүрбелең туғызған қауіпті дерттен арыламыз. Ең әуелі, төніп тұрған төтенше жағдайда адал ризықты арқау етуге шақырамын. Ұлтымыздың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлы өзінің 33-қара сөзінде  «Алдау қоспай адал еңбегін сатқан қолы өнерлі – қазақтың әулиесі сол» деп таза ниетпен жасалған адал еңбектің құнын жоғары қойған. Бүгінгі күні төтенше жағдайды қалтасының қамы үшін пайдаланып, базарлар мен дүкендерде әлеуметтік маңызы бар тауарлар мен азық-түліктердің, дәрі-дәрмек пен бетперделердің бағасын негізсіз көтеру деректері жиі орын алуда. Мұндайда құлқынның құлы болуға емес, халыққа адал қызмет қылуға ұмтылуымыз аса маңызды болып отыр. Түркі әлемінің көмбе тарихында атақты Білге қаған атанған Күлтегін бабамыз сонау ықылым заманның өзінде «Халқына бегі, бегіне халқы сенген ел ұзақтау жасайды» деп халық пен мемлекет арасында орнаған сенімнің сарқылмас қуатқа ие екендігін білдірген. Расында, мемлекет саясатына рухани  сенім болмаған жерде, нәтижелі істің бой көрсетуі де екіталай екендігі белгілі. Сол үшін де, төтенше жағдайда қабылданған шешімдер мен бастамалардың барлығы тек халықтың қамы мен ел азаматтарының саулығы үшін жасалып жатқандығына  сенім білдіруіміз қажет.

1

Жер бетіндегі түрлі халықтармен тіліміз де, дініміз де, діліміз де, түріміз де бөлек болғанмен, ортақ бір дүниеміз бар. Ол жұмыр ет жүрегімізден төгілетін – мейірімділік қасиетіміз. Мейірімділік пен рахымдық қана әлем халқын бір арнада тоғыстырады. Осындай сәтте,  жүрегіміз мейірімге, көңіліміз кеңпейілділікке тұнық болғаны жөн. Осы орайда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Түркістан облысы бойынша Департаментінің қызметкерлері «Мейірімділік нұры» науқаны аясында қолға алған игі бастаманы жалғастырып, ұжым өз қамқорлығына алған  Арыс қаласындағы Т.Тәжібаев атындағы отбасылық үлгідегі балалар ауылына арнайы барды. Тәрбиеленушілерді жұқпалы індеттен қорғайтын медициналық қорғаныс құралдарымен қамтамасыз етті. Мұндай игілікті бастамалар алдағы уақытта  да өз жалғасын табатын болады.  Сондықтан, қысылтаяң шақта бір-бірімізге қоғам болып қолдау көрсетуде мейірімділіктің жарқын үлгісі болайық.         

Ел аумағында жарияланған  төтенше жағдай талаптарын орындамай, салғырттық танытып, көпшілік орындарды еркін кезіп, басқа аймақта той тойлап жүрген ел азаматтары да баршылық, өкінішке қарай.  Бірі сауда орнын көрер көзден жасырып ашса, енді бірі негізсіз тауар бағасын өсірумен әлек. Осындай олқылықтар мен құқық бұзушылықтарға жол бермеу үшін Департамент жанынан арнайы мониторингтік топ құрылған болатын. Өңірде тәулік бойы жүргізіліп жатқан сақтану шараларының қатаңдығын бақылап, блок-бекеттер мен теміржол вокзалына, орталық базарлар мен  халық көп шоғырланған орындарға  жүргізілген мониторингтік  бақылау  барысында базарларда көрші облыстардың көтерме сатып алушыларының ірі көлемде азық-түлікті сыртқа әкетуі негізінде  әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы 40-60 пайызға қымбаттап, тауар тапшылығы орын алғандығы анықталды.  Осыған байланысты, бүгінгі күні  азық-түлік бағасын тұрақтандыру бойынша құрылған жедел мобильді топ нақты шаралар атқаруда.

 

Хаким КӨШҚАЛИЕВ,

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі

Түркістан облысы бойынша Департаментінің басшысы, 3-сыныпты мемлекеттік әділет кеңесшісі.