–Біз тұрғындардың амандығы мен қауіпсіздігі үшін осындай қадамға бардық. Мақсатымыз – қауіпті вирустың таралуының алдын алу. Сақтансаң ғана сақтайды! Бұл вирусты жеңудің төте жолы – гигиеналық тазалықтың мінсіз сақталуы. Үйден шықпау керек. Той-томалаққа, адам көп жиналатын жерлерге бармау –өз өміріңді сақтау. Өзгенің өміріне қауіп төндірмеу, -дейді облыс әкімі Махамбет Жолдасқалиұлы.
Шындығында, қауіпті індет таралған сәтте қонаққа барып, базар мен дүкендерде топ-топ болып жүрудің қисыны бар ма? Өзі мен отбасының, ағайын-туысы мен елінің амандығын ойлаған адам дәл бұлай жасамас еді. Өйткені, мемлекет баршаға қашықтан жұмыс істеуге мүмкіндік беріп отыр.
Әрине, алдымен әркімнің сабыр сақтап, үрейге бой алдырмаудың маңызы зор. Облыстық Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары Амантай Жұмағалиевтың айтуынша, үрей –вирустан да қауіпті. Жалпы, адамның санасы үрейге бой алдырса, ағзадағы иммунитеттің де індетке қарсы күресу белсендігі әлсіреуі ғажап емес...
Өңірде сақтық шаралары күшейтілді. Атырау қаласының төрт бағытына блок-бекеттер қойылды. Қазір Атырау-Астрахан, Атырау-Орал, Атырау-Индер, сондай-ақ, Атырау-Доссор бағыттарындағы блок-бекеттерде полиция мен денсаулық сақтау саласының қызметкерлері кезекшілік атқаруда. Оған «Батыс» өңірлік қолбасшылығының әскерилері де тартылды.
Мұның бәрі –уақытша шектеулер. Дегенмен, уақытша шектеулерді жүзеге асыру кезінде заңдылықтың сақталуын қамтамасыз етуге прокуратура қызметкерлері де жұмылып отыр. Облыс прокуроры Халидулла Дәуешов «Атырау-Астрахан» және «Атырау-Орал» бағытындағы блок-бекеттердің жұмысын қадағалады. Қазір шығу нәтижесімен шектеу іс-шараларын жүзеге асыру барысында уәкілетті органдардың іс-қимыл алгоритмі үйлестірілді. Облыстық прокуратура төтенше жағдайға, карантин мен шектеулерге орай мобильді топ құрды. Бұл топ белгіленген тәртіптің сақталуына жүйелі тексеру жүргізуде.
Тәртіп демекші, өңірде төтенше жағдай талабына бағынғысы келмейтіндер кездесіп отыр. Облыстық прокуратураның баспасөз қызметінің хабарлауынша, Атырауда 38 адам төтенше жағдай режимін бұзған. Олардың арасында кімдер бар?
–Төтенше жағдай талаптарының орындалуын қамтамасыз ету үшін құрылған мобильді топ жұмысының нәтижесінде режимді бұзғаны үшін 38 адам жауапқа тартылды. Соның ішінде 5 кәсіпкер әкімшілік қамауға алынды. Олар –«Ханшайым», «Нәрлі» мейрамханаларының, «Аманжан» кафесінің, «Финбет» букмекерлік кеңсесінің иелері мен «Ямато» суши-барының әкімшісі -деп хабарлады облыстық прокуратураның баспасөз қызметі.
Сондай-ақ әлеуметтік желілерде көрінеу жалған ақпараттар таратып, инфекция жұқтырған адамдардың аты-жөнін таратушылар бар. Заңдылық тұрғыдан қарағанда, жеке және отбасылық құпияға жататын мәліметтерді таратудың соңы опындырары даусыз. Өйткені, Қылмыстық Кодексте осындай деректі таратушылар 274-ші және 147-баппен жауапқа тартылатын айдан анық жазылған. Қазір аталған фактілерге байланысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде.
Тегінде төтенше жағдайдың, карантин мен шектеулердің талабы бейқамдықты да, қыдырымпаздықты да көтермейді. Тіпті, екі жеп, биге шығатын пысықайлық та бүгінгі талап үдесіне сай келмейді. Ең маңыздысы –сақтық. Өйткені, сақтанған адам ғана сау жүрері даусыз.
Жұмасат ҒАЗИЗ