Аймақтар • 03 Сәуір, 2020

Алматылықтардың сақтандыру жарнасы 60 млрд теңгеден асты

219 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Биылғы, яғни 2020 жылдың 31 наурызына дейін Медициналық сақтандыру қорына 298,1 млрд теңгеден астам қаржы жинақталды. Бұл туралы бүгін «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Алматы қалалық филиалы өкілдері хабарлады.

Алматылықтардың сақтандыру жарнасы 60 млрд теңгеден асты

«Алматы қаласы республика бойынша жарналар мен аударымдардың көлемі жағынан көш бастап тұр – жинақталған соманың бестен бір бөлігі бұрынғыша, оңтүстік астаналықтарға тиесілі. Жалпы, сақтандыру жүйесі іске қосылған 2017 жылдың 1 шілдесінен 2020 жылдың 31-наурызынадейінгі аралықта Алматы қаласынан Қорға 60 млрд теңгеден астам жарна аударылды. Оның 54,7 млрд теңгесі – жұмыс берушілердің қарамағындағы жұмыскерлер үшін жасаған аударымдары», - деді «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Алматы қалалық филиалының директоры Нұрлыбек Қабдықапаров.

Сондай-ақ жыл басынан бері өзін-өзі жұмыспен қамтыған 10 мыңға жуық адам 40,1 млн теңге көлемінде бірыңғай жиынтық төлем төлеген.

Естеріңізге сала кетсек, бірыңғай жиынтық төлем 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап енгізілген болатын. Жиынтық төлемнің ішінде өзге әлеуметтік төлемдерге қоса сақтандыру жарнасы да бар. Ол жалпы соманың 40 процентін құрайды.

БЖТ – республикалық маңызы бар қалалар үшін 1 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) немесе 2651 теңге, ауылдық жерлер үшін – 0,5 АЕК немесе 1326 теңге көлемінде белгіленген. Төлемнің бұл түрін фрилансерлер, сантехниктер, құрылысшылар, такси жүргізушілері т.б. төлей алады.