03 Қыркүйек, 2013

Ынтымақтастыққа жер шалғайлығының кедергісі жоқ

434 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

001-1

Кеше Ақордада Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев елімізге мемлекеттік сапармен келген Индонезия Республикасының Президенті Сусило Бамбанг Юдойономен кездесті.

Мемлекет басшылары алдыме екеуара кездесіп, екі елдің ынтымақтастығын әрі қарай тереңдетуге қатысты келелі мәселелерді тал­қы­лаған соң, Қазақстан Президент Нұрсұлтан Назарбаевпен Индо­не­зия Президенті Сусило Бамбанг Юдойононың қатысуымен кеңей­тіл­ген құрамда келіссөздер жүргізілді.

 

Кеше Ақордада Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев елімізге мемлекеттік сапармен келген Индонезия Республикасының Президенті Сусило Бамбанг Юдойономен кездесті.

Мемлекет басшылары алдыме екеуара кездесіп, екі елдің ынтымақтастығын әрі қарай тереңдетуге қатысты келелі мәселелерді тал­қы­лаған соң, Қазақстан Президент Нұрсұлтан Назарбаевпен Индо­не­зия Президенті Сусило Бамбанг Юдойононың қатысуымен кеңей­тіл­ген құрамда келіссөздер жүргізілді.

Алғашқы болып сөз алған Қа­зақ­стан басшысы индонезиялық әріптесінің бұл жолғы Қазақстанға жасаған сапары екі мемлекеттің ынтымақтастығын дамытуға жаңаша серпін беретінін атап өтті. Өткен жылы сіздердің көрікті елдеріңізге жасаған сапарым барысында біздің делегацияға көрсеткен жылы шырайлы қонақжайлылықтарыңыз жақсы есімде, деді Нұрсұлтан Назарбаев. Бұл – шынайы достықтың белгісі. Сіздің сапарыңыз өте маңызды оқиға болып саналады. Біз Азиядағы ірі және жетекші елдердің бірі – Индонезиямен қарым-қатынасқа зор қызығушылықпен қараймыз. Біз барлық бағыттарда да сіздермен жан-жақты ынтымақтастықты да­мы­туға ниеттіміз. Индонезия Оңтүс­тік-Шығыс Азиядағы негізгі мемле­кет­тердің бірі және Орталық Азиядағы Қазақстан сияқты қауіп­сіздік мәсе­лелерінде үлкен рөлге ие.

Осылай деп ой қорытқан Қа­зақ­стан Президенті Индонезия халқын мерекеленіп өткен Тәуелсіздік күні­мен құттықтады. Сіздің халқыңызға шын жүректен амандық, алға қойған барлық мақсаттарға жетуде табыстар тілеймін, деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Индонезия Президенті Сусило Бамбанг Юдо­йоно өзінің бұл сапары екі ел арасындағы байланыстар­ды ны­ғай­туға ықпал ететінін атап өтті. Сіздің өткен жылы Индонезияға сапарыңыз, ал менің Қазақстанға сапарым біздің елдер мен халықтарды жақындататын болады, деді Индо­незия басшысы. Біздер шағын құ­рамдағы кездесуде инвестиция, энергетика, азық-түлік өнімдері, білім беру, тағы басқа мәселелерді тал­қы­ладық. Қазақстан мен Индо­незияның экономикасы жоғары қар­қынмен дамып келеді. Біздер енді барлық салаларда қатынастар орнайды деген сенімдеміз.

Қазақстан мен Индонезия арасындағы саяси және эконо­ми­калық қатынастар достық, өзара түсіністік жағдайда дамып келеді. Бұған, ретімен айтқанда, 1995 жыл­дың сәуірінде Индонезия Президентінің Қазақстанға, сондай-ақ сол жылдың маусымында Қазақ­стан Президенті Нұрсұлтан Назар­баев­тың Индонезияға жасаған рес­ми сапарлары негіз қалады. Индо­незия басшысының Алматыға сапары барысындағы келіс­сөздер нәтижесінде Бірлескен мәлім­демеге, сондай-ақ Экономикалық және техникалық ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды.

Бұл жерде Мемлекет басшы­ла­ры­ның Бірлескен мәлімдемесінің ор­ны бөлек болғанын атап өткен жөн. Өйткені, аталған құжат Қазақстан мен Индонезия арасындағы өзара қарым-қатынастарының негізгі принциптерін белгілеп берген еді. Онда бейбітшілікті, аймақтық және халықаралық қауіпсіздікті нығайту мәселелеріне ерекше көңіл бөлінді. Сонымен қатар, екі елдің іскер топтарының ауыл ша­руа­шылығы, мұнай мен газ өндіру, өңдеу өнеркәсібі, халық тұтынатын тауарларды өндіру салаларында байланыстарды кеңейту мәселелеріне қолдау білдірілді.

Ал Қазақстан Президенті Нұр­сұл­тан Назарбаевтың Индонезияға сапары кезіндегі Бірлескен коммюникеде екіжақты қатынастар мәселелері, өзара мүдделілік білдірілетін халықаралық және аймақтық проблемал ар бойынша жоғары деңгейдегі пікір алмасудың жемісті болғаны атап көрсетілді. Осы сапар барысында, сондай-ақ Қазақстан Ұлттық банкі мен Индонезия Орталық банкі арасындағы төлем туралы келі­сімге және екі мемлекеттің сау­да-экономикалық палаталары ара­сындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылған болатын.

Келіссөздер қорытындысы бойынша мемлекет басшыларының Бірлескен декларациясы қабылданып, Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Индонезия Республикасы Үкіметі арасында Қазақстан Республикасы мен Индонезия Республикасы арасындағы экономикалық ынтымақтастық жөніндегі бірлескен комиссия құру туралы меморандумға, Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Индонезия Республикасы Білім және мәдениет министрлігінің арасында Мәдениет саласындағы ынтымақтастық жөнінде өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды.

Осы құжаттарға қол қойылғаннан кейін Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Индонезия Президенті Сусило Бамбанг Юдойоно бұқаралық ақпарат құралдары үшін бірлескен брифинг өткізді.

Қазақстан Президенті өз сөзінде географиялық алшақтығына қарамастан, екі мемлекет пен халықты көп нәрсе біріктіретінін атап өтті. Индонезия – Жер шарындағы ең тұрғыны көп мұсылман елі. Қазақстан да Индонезия сияқты көпұлтты мемлекет болып саналады. Екі ел одан әрі дамуының өршіл жоспарларын жүзеге асыруда және тиісті стратегиялық бағдарлама қабылдады. Өздеріңіз де білесіздер, Қазақстан алдына әлемнің ең дамыған отыз елінің қатарына ену міндетін қойды. Өз кезегінде Индонезия экономика аясын ұлғайту және жедел дамыту жөніндегі бас жоспарын қабылдады. Ол елдің 2025 жылға қарай әлемдегі экономикасы ірі он елдің қатарына кіруді көздейді. Осылайша, екі ел өзара тиімді ынтымақтастық аясын кеңейтуге және тереңдетуге мүдделі, деді Қазақстан басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев өзара сауда көлемі әзірге 100 миллион долларға да жетпегеніне, бұл экономиканың әлеуетіне сай еместігіне және бірлесе отырып белсене күш салуды талап ететініне назар аудартты. Қазақстан бірлескен инвестициялық және жоғары технологиялық жобаларды іске асыруға мүдделі. Бізде жұмыс істеуге ниетті Индонезия бизнесін қолдауға дайынбыз. Қазірдің өзінде екі елдің компаниялары өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, туризм салаларында белсене ынтымақтасуда. Сонымен қатар, экономикалық ынты­мақ­тастықты тереңдетуге орныққан көлік бағыттарының болмауы айтарлықтай кедергі келтіруде. Біз Қазақстан мен Индонезия қалалары арасында әуе қатынасын ашу қажеттігі туралы айттық. Бұл да біздің азаматтарымыздың тиімді туристік сапарын ынталандыратын болады, деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы үкіметаралық комиссияның өзара іс-қимылдың атал­ған бағыттарын жандандыраты­ны­на тоқталды. Біз Қазақстан-Индо­не­зия бизнес-форумын өткізуді қол­дай­мыз. Президент Юдойономен бизнес­мен­дердің үлкен тобы бірге жүр. Біздің іскер адамдарымыз байланыс орнатады деп ойлаймын, деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті екі ел де көп­жақты пішінде белсене ынтымақтасып отырғанын да атап өтті. Индонезия – АСЕАН-ның «Үлкен жиырмалыққа» кіретін бірден-бір мүшесі. Бұл Қазақстан қонақ ретінде қатысатын Санкт-Петербургтегі алдағы G20 саммитінің қарсаңында ерекше өзекті. Біз Ислам Ынтымақтастығы Ұйымы мен АӨСШК тәрізді беделді форумдар аясында тығыз ынтымақтасып отырмыз. Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес шақыруға бастамашы ретінде біз Индонезия АӨСШК-нің бақылаушысы қатарындағы өз мәртебесін оның толыққанды мүшесі деңгейіне көтереді деп сенеміз. Біз ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесін өткізу құқығына ұсынылған Астананың кандидатурасына қолдау көрсеткені үшін де Индонезия тарапына алғыс айтамыз. Оған дайындық жасауға және өткізуге Индонезияның белсенді атсалысуы біздің елдеріміздің экономикасының одан әрі артуына және өзара тиімді ынтымақтастықты нығайтуға қызмет ететініне сенемін, деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев Сусило Бамбанг Юдойономен был­тыр­ғы уағдаластықтар нәтижесінде Қазақстанда Индо­не­зияның Мәдениеті күндерінің ашылу рәсімі өтетінін де мәлім етті. Бұл дипломатиялық қарым-қатынастардың бүкіл тарихында алғаш рет өтуде. Қазақстандықтар іс-шараларды зор қызығушылықпен тамашалайтын болады деп ойлаймын. Келесі жылы Индонезияда Қазақстанның мәдениеті күндері өтеді, ол да елдеріміз арасындағы мәдени байланыстарды нығайтуға септігін тигізетін болады, деді Қазақстан Президенті.

Ал Индонезия Президенті өз ке­зе­гінде Қазақстанғ а алғаш рет және Нұрсұлтан Назарбаевтың шақыруымен келіп отырғанын атап өтті. Қазақстан басшысының біздің елге сапары ай­тар­лықтай жемісті болып, серік­тестігімізге жаңа мүмкіндіктер ашты. Бүгін біз ынтымақтастықтың кең ауқымды, соның ішінде өңірлік саясат мәселелерін қозғап, өте сындарлы келіссөздер өткіздік. Мен сауда-экономикалық әрекеттестіктің әрі қарай жанданатынына сенімдімін және біздің елдеріміздің арасындағы тауар айналымының көлемі таяудағы 4-5 жылда 100 миллион долларға жетеді деп үміттенемін. Біздің елдеріміз, әсіресе, экономикамыздың қарқынды дамуын ескерсек, зор ынтымақтастық әлеуетіне ие, деді Сусило Бамбанг Юдойоно.

Индонезия басшысы үкіметаралық комиссиялар қызметіне де тоқталды. Олар қол жеткен уағдаластықтарды жүзеге асыра алатынына, сондай-ақ, екіжақты ықпалдастықтың жаңа жоспарын әзір­лейтіндігіне зор үміт артамын. Бұған қоса, біздің елдеріміздің өзге салаларда да орасан зор әлеуеті бар екені жөнінде мен Қазақстан Президентімен келісемін. Бұл білім беру, ғылым, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық мәселелеріне қатысты, деді Индонезия Президенті.

Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ,

«Егемен Қазақстан».

Суреттерді түсіргендер

С.Бондаренко, Б.Отарбаев.

Соңғы жаңалықтар