Аймақтар • 04 Сәуір, 2020

Жаңа жағдайға жылдам бейімделу – іскерліктің белгісі

248 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Еліміздің барлық түкпірлеріндегі сияқты Петропавл тұрғындары да карантиндік режімге үйрене алмай, жергілікті билік пен жанашыр қызметтерге түрлі сұрақтарын төпелетіп жатыр.

Жаңа жағдайға жылдам бейімделу – іскерліктің белгісі

Олардың сұрақтарына жауап берген қала әкімі Болат Жұмабеков қазіргі жағдайдың адам қоғамындағы өмір сүру стандарттарына келмей жатқанын атап көрсетті.

«Сондықтан біз де жаңа жағдайға икемделу бойынша түрлі шараларды қолма-қол қарастыруға тырысудамыз. Мысалы, бұрын біздің қаламызда дәрі-дәрмекті түнде сататын бір-ақ дәріхана жұмыс істейтін. Енді түнде қысылған адамдар қаланы кезіп, алысқа жүрмес үшін ондайдың тағы бірнешеуін ашуды да ойлап отырмыз. Қазір қоғамдық көліктің жүруіне тиым салынды. Сондықтан аса қажетті мамандарын қызмет басына жеткізу міндеті жұмыс беруші өзіне жүктеледі. Сондай-ақ коммуналдық төлем қағаздарды көпқабатты үйлердің пошта жәшіктеріне жеткізетін қызметкердің де жүрісін азайту жолдарын қарастырудамыз», - деді ол коммуникациялық қызмет орталығында берген брифингінде. 

Әкім бұдан басқа да ондаған сұраққа жауап берді.

Облыстық Полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Қанат Айтбаев та өзіне қатысты сұрақтарға жауап берді. Оның айтуына қарағанда, қазір облыс аумағында Петропавлға кіретін және шығатын жолдарда 5, аудандарда 25 блок-бекеттер жұмыс істеп тұр. Олар карантин режімін қатты талап етуде деді полковник.

Осындай жағдайда бір кекесін де езуіңе үйіріле қалады. «Айтпаса сөздің атасы өледі» дегендей оны да жасыра алмадық. Біздің шенеуніктер біреудің қаңсығын таңсық қылуға да жылдам-ау. Қазіргі стандартсыз жағдайға «нон-стоп» режімі» деген ат таңып алыпты. Одан да ана тілімізде: «Абайла – ажал қасыңызда!» десе қандай ұғынықты болар еді, деп ойлаймыз... Дегенмен қызметтердің өз міндеттеріне адалдық танытып жатқанына риза боласың.     

 

Солтүстік Қазақстан облысы