Экономика • 05 Сәуір, 2020

Танкерлердің қайда баратыны белгісіз

315 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Шикізат өндірісін ұлғайтқан Сауд Арабиясы кейбір танкерлерін жіберетін жер таппай жатыр. Wall Street Journal-дың хабарлауынша, әлемдегі аса ірі мұнай экспорттаушы ел шикізат соғысының салдарынан осындай қиындықпен бетпе-бет келді.

Танкерлердің қайда баратыны белгісіз

Індеттің салдарынан сұраныс азайғанына қарамастан, Сауд Арабиясы өндіріс көлемін ұлғайтуды тоқтатар емес. Қазір бұл көрсеткіш тәулігіне 12 миллион баррельге жетіп, осыдан 1 ай бұрынғы межеден 2 миллионға асып кетті. Соның салдарынан артық өнімді жіберетін жер таппай жатқанға ұқсайды.

– Сауд Арабиясының порттарынан кеткен кейбір танкерлердің баратын жері әлі анықталған жоқ, себебі сатып алушы жоқ, – деп хабарлады осы елдің өкілі Wall Street Journal-ға.

Осылайша, Ресей нарығын жаулап алуға бағытталған саясат індеттің салдарымен қатар келіп, баға 20 жыл бұрынғы көрсеткішке дейін құлдырап кетті.

Елдердің бәрі өндірісті азайтып, шекарасын жауып жатқандықтан мұнай қоймалары аузы-мұрнынан шыға толуға айналды. Шикізат тауарларымен айналысатын Kpler компаниясының хабарлауынша, ақпан айынан бергі аралықта әлемдік мұнай қоры 90 млн баррельге жуық көтерілді. Rystad консалтинг компаниясының дерегіне сүйенсек, сәуір айында нарыққа күн сайын 25 миллион баррель артық мұнай шығады. Соған қарамастан, Сауд Арабиясындағы америкалық мердігер компаниялар өндіріс жұмыстарын әрі қарай жалғастыра беруге дайын. Aramco-ның мердігер компаниялары бағаның төмендегеніне қарамастан пайда таба алады.

Сұраныс кемісе де, өндірісті тоқтатпаған корольдіктің кемінде 3 танкері баратын нүктесін «тапсырыс берушілерге» деп көрсеткен, яғни мұнайды қайда апаратынын әлі анықтау керек. Бұл 3 танкерге 6 млн баррель шикі мұнай сыятынын айта кетейік.

Техас короновирустан ең көп зардап шеккен штаттардың санатында. Штатта вирус жұқтырғандар көп, мұнай өнеркәсібі де шығынға батты. Корольдік танкерлері бағыт алған Галвестон қаласының портына келген кемелердің экипажына жағаға шығуға тыйым салынған. Сұраныстың төмендігіне байланысты штатта өндірісті де міндетті түрде төмендетудің жолдары қарастырылып жатыр.

Сауд Арабиясында өндірілген артық мұнай танкерге тиелгенімен, ешқайда бармай, жағалауда қаңтарылып тұр деген де пікір айтылуда. Kpler компаниясы корольдіктің ішкі нарығында шикізат қоры 74 млн баррельге жетіп, былтырғы көрсеткіштен 8,2 млн баррельге асып кеткенін хабарлады.