03 Қыркүйек, 2013

Индонезия мәдениеті – Астанада

418 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Кеше Индонезия Президенті Сусило Бамбанг Юдойононың Қазақстанға ресми сапары аясында Бейбітшілік және келісім сарайында Индонезияның мәдениет күндерінің ашылу салтанаты өтті. Ол Индонезия халқының өнері мен мәдениетін таныстыратын фото және тоқыма бұйымдарының көрмесімен, сондай-ақ, өнер шеберлерінің қатысуымен өткен гала-концертпен айшықталды.

Кеше Индонезия Президенті Сусило Бамбанг Юдойононың Қазақстанға ресми сапары аясында Бейбітшілік және келісім сарайында Индонезияның мәдениет күндерінің ашылу салтанаты өтті. Ол Индонезия халқының өнері мен мәдениетін таныстыратын фото және тоқыма бұйымдарының көрмесімен, сондай-ақ, өнер шеберлерінің қатысуымен өткен гала-концертпен айшықталды.

Бір халық пен екінші халықты ең алдымен мәдени тұрғыдағы байланыстар жақындастырады. Бұл орайда Индонезияның бай мәдениетімен, өнерімен танысуға кеше Бейбітшілік және келісім сарайына жиналған астаналықтар қатары мол болды. Тоқыма бұйымдар, сәнмен тігілген көйлектер мен асыл тастардың және фотолардың көрмесі Индонезияның бүгіні мен өткенінен, тұрмысы мен мәдениетінен сыр шерткендей әсер қалдырды.

Гала-концерт басталғанда екі елдің Мәдениет министрлері сахнаға шығып, көрермендерді мәдени күндердің ашылуымен құттықтады. Алдымен сөз алған еліміздің Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед Ин­донезия мен Қазақстан арасында дип­ломатиялық, сауда-экономикалық, мә­дени-гуманитарлық байланыстардың жиырма жылдан бері өз деңгейінде дамып келе жатқанын, бұл өз кезегінде әлемдік ауқымдағы ынтымақтастыққа жол ашқанын баяндады. Сондай-ақ, екі ел Пре­зиденттерінің кеше Ақордада кездесуі барысында да біршама меморандумдарға қол қойылғанын, оның ішінде Мәдени ынтымақтастық туралы меморандумның да болғанын атап айтты. Министр сөз соңында келер жылы Қазақстанның мә­дени күндері Индонезия астанасы Джакарта қаласында өтетінін мәлімдеді.

Ал Индонезияның Білім және мәдениет министрі Мұхаммед Нух екі халықтың мемлекеттік тұрғыдағы дамуы мен негізгі діндерінің ұқсастығын, екі елді де көп этностың мекен ететінін айтты. Ол әрі қарай да мәдени байланыстардың нығаятынына сенімді екенін жеткізді.

Гала-концертте бүгінгі Индонезияның келбетін бейнелеген «Ғажайып Индонезия» деректі фильмі көрсетілді. Дизайнер Сони Мухинсонның сән үлгілерінің таныстырылымы өтті. Сондай-ақ, Мавар Будая тобы мен Бандуги қаласының Би мектебінің өкілдері және басқа да біршама әншілер мен бишілердің өнерлері паш етілді.

Айгүл СЕЙІЛОВА,

«Егемен Қазақстан».