03 Қыркүйек, 2013

Тарбағатайда қар адамы бар

643 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Kar adamyЕл арасында Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданының күнгейі (Үржар) мен теріскейінде (Көкпекті) кездесіп қалып жүрген «қар адамы» (снежный человек) туралы деректер бар . Бұл туралы Аltaynews.kz хабарлады.
Қар адамдарымен қоңсылас болған ата-бабаларымыз оларды «Кісікиік» деп атапты. 1960-70 жылдары жастары 70-80-ге келген ақсақалдар осы кісікиіктер туралы жиі айтатын. Ол ну жынысты бұла табиғаттың шырқы бұзыла қоймаған шағы ғой. Әлі де тауда табиғат құпиясын бойына бүккен, адам табаны тимеген үрейлі шатқалдар молшылық.
Тарбағатайдың (Тарғыбатай) жайлауында 1870 жылдардың орта шенінде Қасабай атты кісі өмір сүрген екен. Сол Қасабай бірде бір аналық кісікиікті ұстап әкеп, керегеге байлап қояды. Оның буаз екені мәлім болады. Артынан кәдімгі адам туылады. Көзінен мөлтілдеп аққан жасы көл болады. Тіл жоқ. Берген тамақты жемейді.
Серіктерін арашалай келген басқа кісікиіктер түн баласы ауылды торып, қиқулап, иттерді абалатып, маза бермепті. Түнде олар оттан, жарықтан қатты қорқады екен. Үш күннен соң үлкендер: «Мынау аштан өліп қалса, обал болады» деп, тұтқынды босаттырып жібереді. Тілсіз мақұлық қатты қуанып, екі санын сабалап, «Ырғай-ай, шырғай-ай!» деген мағынада қайта-қайта дыбыстап, қалың бүргеннің арасына сіңіп кетеді.
Оның алдында қойшылар кей жерлерден жалаңаш адамның сұлбасын көрген.Бұлақ басында саз балшықты кешкен кілең жалаңаяқ адамдардың іздерін кездестіреді. Ел аң-таң. Анда-санда жылқы ішінен бір-екеуі, кейде ноқта тимеген шу асауы таңертең қан сорпа болып, болдырып, құр сүлдері әрең тұрады. Түн ішінде шу асауды кім мінеді? Мұны жіті бақылауға алған жұртшылық, кісікиіктер бір-екеуінің жылқыға қарғып мініп, таң атқанша шабатынын көріпті . Қасабайдың ыза болып, ұстап әкеп жүргені – сол көрінеді. Бірақ, олар адамдарға зиян жасамаған...

Данияр Түймебай.