Руханият • 06 Сәуір, 2020

Құрлық асып, құлашын кең жайған туынды ағылшын тіліне аударылды

491 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Біртуар талант иесі  Баянғали Әлімжановтың  «Сказ столетнего степняка» романы, «Разрешите жить!», «Аблай хан и его батыры» атты хикаят-әфсаналары өткен жылы Мәскеуде, орыс тілінде жарық көргені жұртшылыққа жақсы мәлім. Ал биыл белгілі қаламгердің аталмыш туындылары Лондонда ағылшын тілінде жарық көріп, дүйім дүниеге тарағалы жатқаны қазақ әдебиеті үшін үлкен жетістік ретінде бағалануда. Халқымыздың жүз жылдық тағдыр-тарихы, ақиқатсүйгіш адал жандардың арман-мұңы, ата-бабаларымыздың ерлік аңыздары баяндалатын туындылардың ағылшын тіліндегі нұсқасы батыс жұртшылығын бей-жай қалдырмайды деген ойдамыз.

Құрлық асып, құлашын кең жайған туынды ағылшын тіліне аударылды

Кітаптың екі түрлі нұсқасы бар. Бірі қағаз түрінде болса, екіншісін оқырман кез келген қашықтан қолжетімді үлгіде, электронды кітап түрінде оқи алады. Тағы бір айрықша атап өтерлік жайт, ол алдағы уақытта әйгілі Амазон жүйесі арқылы бүкіл ағылшын тілді әлемге таратылмақ. Бұл туралы ақпарат Брюссель газеттерінде жарық көрді.

«Кітапты аударып, басып шығаруға қаржылай демеушілік еткен  Жомарт Омаров пен Бақытжан Тілеубаев бауырларыма алғысым шексіз.
Айтпақшы, қазақ тіліне аударылып, шығармалар жинағымның 16-томына енгізілген бұл туындыларымды көпшілік оқырман  КазНЕБ және Әдеби порталдан оқуларына болады» дейді автор.

Кітаптардың таныстырылымы 1-6 қазан аралығында Лондондағы Әдебиет апталығы аясында, Мадрид қаласындағы «Open EurasianLiteratureFestivalandBookForum» халықаралық әдебиет фестивалінде өтеді деп күтілуде.

«Сказ столетнего степняка» романын ағылшын тіліне аударған – Еуразия шығармашылық гильдиясының белді мүшесі Джонатан Кампион, ал редакторы – Ұлыбританияның танымал жазушысы әрі аудармашы Кэролайн Уолтон. Ағылшынтілді оқырманға тың туындыларды жеткізуші британдық «HertfordshirePress» баспасынан бұған дейін де Қазақстан жазушыларының 50-ден астам кітабы жарық көрген.