Мемлекет басшысының үстіміздегі жылғы Жолдауында құқық қорғау жүйесінің қызметінде екпін ішкі ведомстволық мүддеден азаматтардың құқы мен мемлекеттің мүддесін қорғауға қарай ауыстырылуы қажеттігі баса айтылған еді. Бұл орайда еліміздің құқық қорғау органдары, әсіресе, полиция қызметкерлері өздерінің басты міндеті халыққа қамқорлық жасай алу мен оларды қауіптен, небір заңсыздықтардан қорғай білу екендігін жақсы түсінуі қажет. Көшеде қоғамдық қауіпсіздікті қадағалайтын немесе жол бойында ала таяқ ұстап жол қозғалысы ережесін бақылайтын әр оқалы киімді қызметкердің міндеті билік соғу емес, тәртіп орнауы үшін қызмет ету болып табылады. Міне, біз осы орайда Ішкі істер министрлігі Жол полициясы комитетінің бастығы, полковник Қайрат Тыныбековке жолығып, Елбасының тапсырмаларына сай құқық қорғау саласын реформалау барысы мен атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде әңгімелескен едік.
– Қайрат Сағатханұлы, Президент Жолдауында құқық қорғау жұмысын одан әрі жақсарту туралы нақты айтылды. Өзіңіз білесіз, бейбіт кезеңдегі жолдағы апат саны талай адамның өмірін жалмап жатыр. Оған, әрине, көптеген себептер бар екені белгілі. Дегенмен, бұл әбден деңдеген жағдайды жақсарту үшін қазір қандай амалдар қолданылуда?
– Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған міндеттерді орындауда, атап айтқанда жол қозғалысын қадағалау жүйесін оңтайландыруда біз барынша тың шараларды қолға алып отырмыз. Соңғы он жылдағы жағдай, яғни жол-көлік апатының салдары бұл мәселеге аса жауапты қарауды талап етеді. Халықтың өмірі мен денсаулығынан артық ештеңе жоқ. Ал еліміз жолдарындағы жол-көлік оқиғаларының зардабы жан түршіктіреді. Жалғыз Қазақстан ғана емес, бұл мәселеге әлем халқы алаңдаушылық білдіріп отыр. Мәселен, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтеріне қарағанда, жыл сайын әлемде жол-көлік оқиғасынан 1,2 млн. адам опат болып, 50 млн. адам жарақат алып немесе мүгедек болып қалады екен. Сонда кіріс деңгейі орташа мемлекеттерде жол-көлік оқиғасының шығыны 65 млрд. АҚШ долларын құрап, жалпы ұлттық өнімнің 1-ден 1,5 пайызын жұтады. Бұл біле білген жанға кез келген елдің тұрақты дамуына әсерін тигізбей қоймайтын үлкен қауіп.
Демек, адамдар әлі де осы апаттың орасан қатерлі екендігін жете түсіне қойған жоқ. Соңғы он жылдың ішінде еліміз жолдарында 30 мыңнан аса адам опат болып, 165 мыңдай адам түрлі жарақат алды. Міне, сондықтан да біз Жолдауда айтылған міндеттерге сай әрі осы адам өмірін айдаҺардай жалмаған апаттан халықты қорғау үшін Жол қозғалысы ережесінің сақталуын бақылауды күшейту жөнінде кешенді шаралар қабылдадық. Соның арқасында жыл басынан бері 409 құқық бұзушылықтың алды алынып, 12 мың ішімдік ішіп рөлге отырған жүргізуші ұсталды. Сот арқылы 8 мың жүргізуші куәлігінен айырылып, 1,5 мыңы әкімшілік қамауға алынды. Әрине, бұл сандар айтуға ғана жеңіл, ал шын мәнінде оны орындау үшін қаншама еңбек сіңірілді. Осыншама жұмысты атқару үшін үнемі “Қауіпсіз жол”, “Автобус”, “Назар аударыңыз: балалар!” деген секілді көптеген республикалық іс-шаралар өткізілді.
Мемлекет басшысының Жолдауында айтылғандай, құқық қорғау органдары жүйесін реформалау барысында біз техникалық тексеріс жүргізу қызметі міндетін бәсекелестік ортаға беру мәселесін көтердік. Техникалық тексерісті өткізудің тәртібі мен мерзімін белгілеу Көлік және коммуникация министрлігіне жүктеліп, жол полициясына тек көлік құралдарын пайдалану кезінде оның уақтылы техникалық тексерістен өткендігін бақылау ғана қалады.
– Шет елдерде жол полициясы қызметкерлері жол бойы мен қиылыстарда тұрмайды және олар біздегі секілді қаптаған әкімшілік хаттамаларды толтырып жатпайды. Бірақ, соған қарамастан, оларда жолдағы жүргізушілердің тәртібі төмендеген емес.
– Дұрыс айтасыз, мұндай жағымды үрдіске біз де қол жеткізуіміз қажет. Сондықтан да өткен жылы Ішкі істер министрлігінің шешіміне сәйкес Алматы, Ақтөбе, Қарағанды, Өскемен, Орал, Ақтау және Атырау қалаларында жол қозғалысын бақылауды автопатрульдік әдіспен қадағалауды енгіздік. Қазіргі кезде олардың қатарына тағы үш қаланы қостық. Нәтиже жаман емес. Оның үстіне мұндай амал Жол қозғалысы ережесін бұзушыларды дер кезінде байқауға, оларға ескерту жасауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, заңға қайшы қимылдың қандай түрі болмасын дер мезгілінде оның алдын ала әрекет етуге тиімді.
Автопатрульдік көлікке бейнебақылау және бейнекөріністі жазатын, ақпаратты сақтайтын екі арнайы бейнекамералар орнатылған. Оның біріншісі, көліктің маңдайшасына қойылғандықтан көріністі бірнеше есе үлкейте алатын оптикалық қуатты түрлі-түсті камера болып табылады. Ол көлік құралдарының қозғалыс бағыты бойынша кең көлемді қамтуға мүмкіндік береді. Ал екінші бейнекамера жасырын орнатылғандықтан көлік ішіндегі көріністі және құқық қорғау органдары қызметкерлерінің заңдылық пен тәртіпті сақтаудағы іс-әрекетін дәлелдеуге пайдаланылады. Барлық бейнекөріністерде түсірілген уақыты, адамдардың дауысы да жазылады. Соның арқасында аталған қалаларда қоғамдық және жол қозғалысы қауіпсіздігі біршама түзеліп қалды.
– Жол полициясы комитеті жанынан жол полициясының қызметін бақылау жөніндегі қоғамдық кеңес құрылып, ол қазіргі уақытта жұмысын бастап кетті. Осы орайда, аталған қоғамдық кеңестің ортақ тәртіптің сақталуына көмегін тигізетініне сенім қандай?
– Бұл қоғамдық кеңестің пайдасы зор деп үлкен сеніммен айта аламын. Өйткені, біз байқамаған кейбір кемшіліктерді олар байқайды, ақылдасып пішкен тон келте болмайды дегендей, күрмеуі көп мәселелерді шешуде, ортақ бір пікірге келуде көмегі тиеді. Сондықтан да, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету жүйесінің тиімділігін арттыру, оның халық үшін ашық болуына қол жеткізу мақсатында ішкі істер органдары жол полиция бөліністерінің қызметіне азаматтық қоғамдық институттарды тартып отырмыз. Аталған бұл қоғамдық кеңес Жол полициясы комитетінің консультативтік-кеңесу органы болып табылады. Оның құрамында Парламент Сенатының депутаты, “Нұр Отан” ХДП өкілдері, ғалымдар, ардагерлер және БАҚ өкілдері бар. Жалпы алғанда, кеңесті құру маңызды оқиға дейміз. Ол жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етудің тиімділігін арттырып, қызметкерлер арасында тәртіп пен заңдылықты нығайтуға, қоғаммен тұрақты байланысты ұстауға, сондай-ақ жол полиция қызметіне қоғамдық бақылаудың тиімді тетігін құруға жол ашады.
– Жол қозғалысы қауіпсіздігін жақсарту мақсатында өзге иігілікті шаралармен қатар, жүргізушілерді дайындау мектептерінің оқыту сапасы арттырылды, құқық бұзушылық көрінісін тайға таңба басқандай түсіріп алатын фото және бейнежазу жүйелері орнатылды, 1-8 сынып оқушылары үшін жол қозғалысы ережесі мен алғашқы дәрігерлік көмек көрсету сабақтары бойынша тың бағдарламалар енгізілді. Айта берсе жаңалық көп. Бірақ, жол-көлік оқиғасы төмендегенімен, ондағы өлім-жітім азаймай тұр ма, қалай?
– Иә, сондай іргелі амалдарға қарамастан, үстіміздегі жылы ел жолдарындағы жағдай қазір күрделі күйінде қалып тұр. Өткен екі айдың ішінде ЖКО кемігенімен, опат болғандар саны 26 пайызға өсті. Мұның сыры тереңде. Жол-көлік оқиғасын сараптау барысында белгілі болғанындай, яғни жүргізуші мен жүргіншіге қанша жерден айыппұл мен санкцияларды қолданғанмен, жол бойындағы жағдай түзеле қалмайды. Сондықтан да жолдардағы апаттарды алдын ала ескерту жөніндегі кешенді сапалы шараларды қолға алу қажет деп есептеймін. Бірақ бұл қомақты қаржыны қажет етеді. Демек, біз бүгінде соңғы бірнеше жылда жинақталған табысты істерді аяқсыз қалдыруды емес, керісінше, ол тәжірибелерді одан әрі дамытуға күш салып, пайдасын көруге тиіспіз.
– Бұл орайда жол қозғалысы қауіпсіздігін жүзеге асырып қана қоймай, азаматтардың жол полициясы қызметіне байланысты сұрақтарын түсіндіру, тиісті сапалы мемлекеттік қызмет көрсету, жолдармен еркін және кедергісіз қозғалу құқын қамтамасыз ету мәселелері де шешімін табуы тиіс емес пе?
– Әрине. Міне, осыған байланысты “Жеке кәсіпкерлік туралы” заңына сәйкес жол қозғалысының қауіпсізідігі аясындағы тәуекел өлшемдерінің белгілері айқындалып, бекітілді. Оның мақсаты, жүргізушілерді дайындау және қайта дайындау, жүк, такси, жолаушыларды тасымалдау бойынша қызмет көрсететін кәсіпкерлік субьектілеріне жол полициясы тарапынан қолданылатын әкімшілік қысымдарды төмендету болып табылады. Тәуекел өлшемі жүйесін енгізу бақылау нысандарын саралап жіктеу мен нақты қызметті тиімді ұйымдастыру есебінен жол қозғалысы саласында ереже мен нормалардың сақталу деңгейін арттыруға қол жеткізеді. Жол қозғалысы қауіпсізідігі аймағындағы тәуекелдер өлшемінің жүйесі бизнес-қауымдастығы тарапынан да қолдау тауып отыр.
Еліміздің тасымалдау әлеуетін көтеру мақсатында әкімшілік кедергі болып келген жол полициясының стационарлық бақылау постыларының санын 1998 жылдан бері 189-дан 36-ға дейін азайттық. Олардың көбі тасымалдау қызметі үшін қолдан жасалған жасанды кедергілер еді. Біз бұл бағыттағы жұмысты әлі де жалғастыра береміз. Әрине, көліктер ешуақытта бақылаусыз қалмайды, бірақ жол қозғалысын қадағалау көлікті кідіртпей, тоқтатусыз жүргізіледі.
Бұған қоса халыққа қызмет көрсетуді барынша жақсартуды қолға алып отырымыз. Мұның нақты бір көрінісі ретінде жақын арада Үкімет көлік құралдарын тіркеу мен жүргізуші куәліктерін беру бойынша мемлекеттік қызметті көрсету стандартын бекітті. Соның арқасында енді азаматтарға жүргізуші куәлігін, автокөлік құралдарын тіркеу және қайта тіркеу мен құжат тапсырылған сәттен бастап тіркелген нөмір белгілерін қолға алу уақыты 6 сағаттан аспай жүзеге асырылады. Ал сенім хат арқылы көлік құралдарын басқаратын жандарды тіркеу бойынша қызмет көрсету тегін және уақыты бір сағаттан аспайды. Бұл жерде бір айта кетерлік жәйт, тіркеу-емтихан пункттеріндегі кезек мәселесі Алматы мен Астана қалаларына ғана тән болып тұр. Өйткені, мұнда адам саны көп және халыққа қызмет көрсететін талапқа сай әкімшілік ғимараттар жоқ. Бірақ, соған қарамастан, азаматтар басқа мекемелерден құжат, мәселен жеке куәлікті аларда өтініш бергеннен кейін бірнеше күн күтсе, жол полициясы бөлімшелерінде қызмет өтініш түскен күні-ақ көрсетіледі.
– ТМД елдерінің арасында сыбайлас жемқорлықпен күресті бастаған бірінші біздің ел. Содан бері осынау кесірлі кеселмен үзбей күрес жүргізіліп келеді. Бірақ, шыңдығы керек, басқа да мемлекеттік органдармен қатар құқық қорғау органдары арасында да жемқорлықтың белең алып тұрғаны ешкімге жасырын емес. Осы орайда жол полиция қызметкерлерінің міндетін жазалаудан гөрі халықтың конституциялық құқы мен мемлекеттің мүддесін қорғауға қарай бағыттай алса әлдеқайда тиімді болар ма еді?
– Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті жандандыру бағытында өткен жылдың аяғында біз жол полициясы бөлімшелерінде көрініс беретін жемқорлықпен күрес жөніндегі арнайы шаралар жоспарын дайындап, оны орындауға кірістік. Негізінен бұл шараларды жүзеге асыру барысында жол қауіпсіздігін арттыру мен жолдардағы жемқорлық проблемаларын шешуде қоғамдық және үкіметтік емес ұйымдарға сенім артамыз. Өткен жылы Жол полициясы комиеті мен “Нұр Отан” ХДП облыстық филиалдары өкілдерімен бірге аймақтарда жол полициясының жеке құрамымен жұмыс кездесулері өтті. Онда жол қозғалысы мүшелеріне қатысты сыпайы әрі ілтипатты болу, заңдылық пен тәртіптің сақталу мәселелері талқыланды.
Бізде “Жолда қабылдау” деген акция бар. Бұл жұмыс екі бағытта, яғни проблемалық мәселелерді жалпы жиналыстарда қарап шешу және азаматтарды жеке қабылдау арқылы жүзеге асырылды. “Жолда қабылдау” акциясына 30 мыңнан аса адам атсалысты, олардан 6 мыңға жуық өтініштер түсіп, оның басым көпшілігі қанағаттандырылды. Ал комитет және аймақтық жол полициясы басқарма басшылығының жеке қабылдауында 3 мыңға жуық адам болып, оның 90 пайызының өтініші толық жүзеге асырылды.
2006 жылы комитет құрылымында бақылау-сауықтыру бөлімшесі құрылған еді. Оның негізгі міндеті, жол полициясы бөлімшелерінде жемқорлыққа қарсы жұмыстарды жүйелі түрде ұйымдастыру мен жүргізу болып табылады. Үстіміздегі жылы олар 267 тексеріс жүргізді, соның нәтижесінде 71 қызметкер жауапқа тартылса, оның 13-і басшылық лауазымдағы жандар. Өйткені, біздің негізгі міндетіміз азаматтарға қамқорлық жасай отырып, олардың конституциялық құқын қорғау болып табылады. Ал бұл талапты орындай алмағандарға арамызда орын жоқ.
– Салмақты да салиқалы әңгімеңізге көп рахмет.
Әңгімелескен Александр ТАСБОЛАТОВ.