04 Қыркүйек, 2013

Елбасының елдік сабағы

419 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

 

Кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев елордадағы №64 мектеп-лицейінде оқушыларға

дәріс оқыды. Білім күні аясында өткізілген бұл іс-шарадағы негізгі әңгіме патриотизм тақырыбына арналды.

 

Кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев елордадағы №64 мектеп-лицейінде оқушыларға

дәріс оқыды. Білім күні аясында өткізілген бұл іс-шарадағы негізгі әңгіме патриотизм тақырыбына арналды.

«Өз еліңді сүй, өзге халықты кемсітпе»

Елбасымен кездесуге­ он бірінші сы­ныптың оқуда, спортта, шығар­ма­шылық деңгейде үздік нәтиже көрсеткен 22 оқушысы қатысты. Кездесуге қатысқан оқу­шылар негізінен қала­лық, республикалық, халықаралық олимпиада­лар мен зияткерлік ойын­дар­дың және ғылыми жо­балар байқауының жүл­де­герлері, оқу озаттары. Олардың он жетісі аталған мектеп-лицейдің, үшеуі №6 гимназияның және қалған екеуі №60 пен №15 мектеп-лицейдің оқушылары.

Біздіңше, Елбасыныңдәрісоқуғабұлмектеп-лицейдітаңдапалуыдатегінемес. «100 мектеп, 100 аурухана» мемлекеттік бағдарламасы аясында салынған білім ордасы «Болашақтың мектебі – бүгін» жобасы бойынша жұмыс істейді. Оның аясында төрт модуль енгізілген: бейнебақылау, турникеттер, Е-кітапхана және Е-асхана. Заманауи талаптардың үдесінен шығып отырған мектеп-лицей оқушылары 2012-2013 оқу жылдары пәндік олимпиадалар мен байқаулардан 71 жүлделі орын иеленіпті.

Кешегі дәріс барысында Елбасы алдымен оқушыларды жаңа оқу жылымен құттықтады. Биыл республикадағы 7700 мектепте 2,5 миллион оқушының оқитынын, жалпы, тәуелсіздік жылдары 6 миллион бала дүние есігін ашып, оның ішінде Елбасынан дәріс тыңдап отырған оқушылардың тәуелсіздіктің нағыз алтын бесігінде тербеліп өсіп, оқу бітіргелі отырғандарын қаперге салды. «Мен еліміздің 2050 жылға дейінгі даму бағдарламасын жарияладым. Ол 37 жылдан кейін болады. Бұл сендердің нағыз кемелдеріңе келіп, жұмыс істейтін шақтарың. Менің тұжырымдамам бойынша сол кезде біз дамыған отыз мемлекеттің қатарына кіруіміз керек. Қазіргі біздің жағдайымыз орташа дамыған мемлекеттердің қатарында. Бір адамға шаққанда ішкі жалпы өнім 12 мың доллардан артып отыр. Ал Германия, Жапония, АҚШ сияқты дамыған елдерде ол бір адамға шаққанда 60-70 мың доллар шамасында. Сол қатарға кіруіміз үшін мықты білім мен өркендеген ғылымымыз болуы керек. Сол қатардағы денсаулық сақтау жүйесі болу керек. Өміріміз де солай өзгеруі керек. Міне, біз осындай үлкен мақсат қойып отырмыз. Оның барлығын сендер жасайсыңдар. Біз Кеңес Одағынан бөлініп шыққанда жағдайымыз мүшкіл болатын. Экономикамыз тоқырап қалған, зейнетақы, жалақы төлеуге ақша жоқ қиын кездер болды. Көптеген мысықтілеу сарапшылар «Қазақстан мына түрімен ел бола алмайды» деген сөздерді жарыса айтып жатты. Бірақ біз сол қиындықтан шықтық. Қазақстанды дүние жүзіне паш еттік. Биылдан бастап мектептерге «Қазақ елі» деген пән енгізіледі. Соның бірінші сабағын мен өткізіп отырмын. Бұл патриоттыққа тәрбиелейтін пән», де­ген Елбасы Нұрсұлтан Назар­баев оқушыларға патриоттық дегенді қалай түсінесіңдер деген сауал тастады. Нұрболат Сансызбай есімді оқушы шынайы патриотизм еңбек арқылы қалыптасатынын, Елбасының осы уақытқа дейін атқарған еңбектерінен соның табы байқалатынын жеткізсе, Мадияр Бақытжан өз еліңнің жасампаздығын арттыру, болашағына сеніммен қарау патриотизмді күшейтеді деді. Асылжан Қожахметова жүз пайыз еңбек етіп, жүз пайыз оқу керек дегенді алға тартты. Дарья Дмитриева Отанды сүю жүректен екенін, әрқашан да жүрегіңде Отанға деген сүйіспеншілік болуы қажет екенін, ал Ділшат Ахмет жас ұрпақтың балалық шағын бақытты етуге ұмтылу да патриотизмнің бір көрінісі екенін баяндады. Бибінұр Кенжеханова болса өз еліңнің тарихын білмей, шынайы патриот бола алмайсың дегенді айтты. Жалпы, Елбасының дәрісіне қатысқан балалардың барлығы да патриоттық сезім туралы өз шама-шарқынша жауап бергенін атап өтуіміз керек. Содан кейін Президент Н.Назарбаевтың лекциясы одан әрі жалғасты.

«Еңбек еткен адам ғана патриот. Жалқаулар патриот бола алмайды. Өйткені па­триот­тық деген ұлы ұғым. Отанды сүю рәміздерден басталады. Мәселен, Мемлекеттік ту. Әлемдік тарихқа қарайтын болсақ, бір тудың астына жиналған әрбір халықтың өз елін қорғағанын немесе елінің тыныштығы мен бейбітшілігі үшін шайқастарға шыққанын көреміз. Біздің Мемлекеттік туымыздың ортасында шұғылалы күн, оның астында қалықтап ұшқан қыран бейнеленген. Тудың түсінің көгілдірлігі халқымызда алға қойған мақсаттарға жету үшін бірігудің жоғары және игілікті идеясы бар екенін білдіреді. Жұлдызды шаңырақ бейнеленген Елтаңба ортақ үйіміздің символын білдіреді – бұл бейбітшілік пен туған жерді қауіп-қатерден қорғаудың ежелгі үлгісі. Патриотизмді ұлтшылдықпен шатастыруға болмайды. Патриот – өз елін сүйетін және өзге мемлекеттерге құрметпен қарайтын адам. Екінші дүниежүзілік соғыстың қасіретті тәжірибесі патриотизмнен ұлтшылдыққа өтудің қауіпті екенін, сондай-ақ өзге халықты кемсітпей, өз еліңді сүю қажеттігін нақты көрсетіп берді. Осындай бағдармен өмір сүру қажет», деді Қазақстан Президенті.

«Табиғат берген дарынды дамыту қажет»

Патриотизмнің ерекше көрінісі ретінде Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің табысты дамуының символы болып саналатын елордамыз – Астанаға деген сүйіспеншілікті атады. Елорданы ауыстыру туралы шешім ең қиын жылдары қабылданғанын, соған қарамастан 10 жыл ішінде елорданы дамытудың барлық негізгі бағыты айқындалып, көптеген ғимараттың салынып біткенін айтты. Енді қазақ халқының күллі әлемге танымал елордасы бар екенін, мұнда ғылым мен білім, медицина қарқынды дами бастағанын, қала тұрғындары мен қонақтары үшін өмір сүру деңгейінің жақсарып, қызмет көрсетудің жоғары стандарттары жасалғанын баяндады. «Қазақстандықтар өз елордасын мақтаныш ете алады. Қала одан әрі дами береді. Мысалы, ЭКСПО-2017 көрмесін өткізу үшін тамаша ғимараттары бар мүлде жаңа орталықтар, ғылым мен техника ғимараттары салынатын болады», деді Мемлекет басшысы.

Нағыз патриоттық тәрбие үйден, өз отбасыңнан бастау алады. Ата-ананы, іні-қарындасты, туған-туыстың баршасын жақсы көру патриоттық сезім қалыптастырады. Солардың қамын ойлау арқылы Отанға жақсылық жасайсың. Бұл орайда Елбасы отбасы туралы ең бір ыстық ойларымен бөлісті. Өз өмірінен мысалдар келтірді, баланың әрі қарай үлкен адам болып қалыптасуына отбасының өте күшті әсері болатынын алға тартты. Ата-ананы қастерлей білу керек екенін, туған-туысқа қолдан келгенше жақсылық жасау қажеттігіне тоқталды. «Біздің елімізді жаудан қорғаған батырлар шайқасқа шығар алдында өз отбасын қорғауды, оларды ешкімнің де жәбірлеуіне жол бермеу керектігін де ойлағаны анық. Ата-анасы мен бала-шағасын, туған-туысын, ауыл-аймағын қорғаған батыр сол арқылы отанын да қорғады», деді Елбасы.

Туған жеріңнің, еліңнің тарихын білмейінше шынайы пат­риот болу мүмкін емес. Расында да, тарих тек бізден басталмайды. Бізге дейінгі мыңжылдықтарда да адамдар өмір сүрді. Олар кімдер еді, жалпы, қазақ ұлты қалай қалыптасты дегенді біліп алу өте маңызды. Біздің дәуірімізге дейінгі екі мыңжылдықтарда қазақ жерінде сақ, ғұн тай­паларының өмір сүргені тарихтан мәлім. Есік қорғанынан табылған ең алғашқы Алтын адам сақ дәуіріне жатқызылады. Одан кейін еліміздің археология­сы үшін өте маңызды оқиғалар ретінде Берелден және Атырау маңынан табылған Алтын киімді адамдарды айтуға болады. Еліміздің Шығысынан Батысына дейін ең кемі 3 мың километр. Осы сайын далада бір мәдениеттің адамдары өмір сүргені анық. Әрине, бұл мәліметтер кез келген тарихи деректерден табуға болатын деректер, бірақ біз үшін ең маңыздысы – біздің жерімізде мекен еткен сақ тайпасының, яғни арғы ата-бабаларымыздың әлемдік өркениетке өз қолтаңбаларын қалдыра алуында.

Елбасы осы жайларды баяндай отырып, нақты қазақ мемлекеті өз бастау­ын Түрік қағанатынан алатынын мәлімдеді. Жас ұрпақтың өз елінің тарихын білуі міндет екенін шегелеп айтты. Бұған қоса, Нұрсұлтан Назарбаев жас буынға патриоттық тәрбие беруде өз еліміз бен туған өлкенің тарихын оқыту маңызды екенін атап өтті.

Мен Джон Кеннедидің бір сөзін өте жақсы көремін. Ол елім маған не береді деп емес, мен еліме не беремін деп ойлану керектігін айтады. Иә, Отанға деген махаббатты іспен дәлелдеу керек. Біз қазір мемлекеттілікті қалыптастыру, тәуелсіздікті нығайту үшін елдің өз азаматтарының еңбегін қажет ететін кезеңді бастан өткеріп жатырмыз. Әркім өз еңбегі арқылы мемлекетті көркейте білсе, сонда ғана мемлекет қуатты болады, деді Нұрсұлтан Назарбаев. Адам қандай мамандық иесі болса да, өз ісінің шебері болуы керектігін атап өтті. Мейлі аспаз болсын, мейлі тігінші болсын, мей