Спорт • 06 Сәуір, 2020

Хоккейші Горди Хоудың карьерасын аяқтағанына – 40 жыл

201 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Осыдан тура 40 жыл бұрын, яғни 1980 жылдың 6 сәуірінде Канаданың даңқты хоккейшісі Горди Хоу өзінің соңғы матчын өткізді. «Детройтқа» қарсы кездесуде «Хартфордтың» сапындағы айтулы ойыншы гол соққанымен, матч 5:3 есебімен қарсылас команданың пайдасына шешілді. 

Хоккейші Горди Хоудың карьерасын аяқтағанына – 40 жыл

Горди Хоуға көптеген рекордтық көрсеткіштер тиесілі. Хоккейші ретінде ол табаны күректей 35 жыл өнер көрсетті. 1946-1980 жылдары аралығында Ұлттық хоккей лигасында (ҰХЛ) ойнады. Сол аралықта 1850 рет мұз айдынына шығып, 869 рет қарсыластар қақпасын дәл көздеді. Ол кезде бұл рекордтық нәтиже еді. Кейіннен гол соғу және нәтижелі пас беру жағынан Уэйн Гретцки ардагердің алдын орап кетті. Есесіне Хоудың басқа рекордтық көрсеткіштері әлі де сақталуда.

Канаданың Саскачеван қаласының тумасы Стэнли кубогын төрт рет иеленді. Тұрақты біріншілікте ең көп ұпай жиған ойыншы ретінде «Арт Росс Трофи» сыйлығын алты рет еншіледі. ҰХЛ-ның «Жұлдыздар матчында» бақандай 23 мәрте өнер көрсетті. Оның есімі хоккейшілердің Даңқ залына енген. Сол секілді Гордидің басқа да қол жеткізген табыстары жетерлік. Тағы бір қызық дерек, егер бір матч барысында бір хоккейші гол соғып, пас беріп және қарсыластар командасының ойыншысымен төбелескен жағдайда «Горди Хоудың хет-тригі» деген бейресми сыйлықты иеленеді.

Шау тартқан шағында Хоу төменгі дивизиондарда ойнады. Сол жарыстарда да ол өзін жақсы қырынан көрсетті. Ал соңғы рет мұз айдынына шыққанда Горди 52 жаста еді. Даңқты хоккейші 2016 жылдың жазында 89 жасқа қараған шағында қайтыс болды.