Аймақтар • 06 Сәуір, 2020

Карантин кезінде Түркістанда ұзын-сонар кезек

265 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Коронавирус кең тарамауы үшін барлық қам жасалуда. Көптеген қалалар карантинге жабылды. Көшеде адамдардың да қарасы аз. Тұрғындар дүкен мен дәріханаға ғана бара алады. Мұның бәрі ел тұрғындарының қауіпсіздігі үшін жасалып отыр.

Карантин кезінде Түркістанда ұзын-сонар кезек

Енді билік органдары бір жағынан адамдардың топталмауын барынша қатаң қадағалап отырса, екінші жағынан ел тұрғындарының бір сәтте бір мекемеге жиналып, ығы-жығы кезекте тұруына өздері мәжбүр етіп отыр. Таңертеңнен бері «Егемен Қазақстан» газетінің тілшілеріне жан-жақтан қоңыраулар түсуде. Түркістан облысы, Сарыағаш қаласынан 66 жастағы апа телефон шалды. «Сарыағаштың орталығындағы поштаның алды ығы-жығы халық. Мемлекет тарапынан берілетін 42 500 теңге төлемді аламыз дегендер ұзақ-сонар кезекке тұрған. Жасы үлкен кісілер зейнетақысын ала алмай қиналуда. Ешкім кезек бермейді. Басында «Зейнетақыны үйге әкеп береді» деген болатын. Бірақ, әкеп беріп жатқан пошташыны көрмедік. Ақпарат құралдарында көшеде үш адамнан артық адамның басы қосылмасын деп жатыр. Мынау не деген сұмдық? Ғимарат аузы-мұрнынан шығып жатыр. Құжынаған халық. Індет осындайдан тарайды емес пе? Онсыз да облысымызда індетке шалдыққандардың сәт сайын көбейіп бара жатқаны жүректі шошытып тұр» деп күйінеді апа.

Шынында дәл қазір Түркістан облысында коронавирусты жұқтырғандардың саны 28-ге жетті. Киелі өңір бұл жағынан кешеге дейін тып-тыныш болып келді де, 31-наурыз күні бір адам анықталып еді, бір аптаның ішінде осы ауруды жұқтырған отызға жуық адам белгілі болды. Тіпті, адам өлімі де тіркелді. Түркістан – халқының көптігімен де ерекшеленетін облыс. Оның ішінде Сарыағаш халық көп қоныстанған аудан. Сондықтан болар осы аптада карантинге жабылды.

Ендеше қауіпсіздік шаралары қайда қалды? Осынау ығы-жығы кезек мемлекеттің бүкіл еңбегінің бәрін еш қылмай ма? Әрине, бұл мәселе ел тұрғындарының өздеріне де байланысты екені белгілі. Бірақ, сананы тұрмыс билеген заманда жаңа төлемді алма, кезекке тұрма деп халықты қалай ұстап тұрасың? Осыны көріп отырған жергілікті билік бір қам жасауы керек емес пе? Неге зейнетақыны үйге жеткізіп бермеске? Неге жаңа төлемді алудың немесе соған құжат дайындаудың басқа да жолдарын қарастырмасқа?

Дәл осындай жағдаймен Қазығұрт ауданынан, Жамбыл облысының Тараз қаласынан, Шу ауданынан да тұрғындар хабарласты. Қалай айтсақ та, бұл жағдай жергілікті биліктің де, жергілікті халықтың да осынау індеттің қаупін әлі де дұрыс сезінбей отырғанын байқатса керек. Бұл дегеніміз індеттің ошағын өз қолымызбен жасап отырғанымыз емес пе? Ал, осыдан кейін жергілікті биліктен «індетпен қалай күресіп жатырсыздар?» деп сұрап көріңіз.