Білім • 06 Сәуір, 2020

Асхат Аймағамбетов: Шалғай ауылдардағы мектеп оқушыларын қамту – басты міндет

50 рет көрсетілді

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов бүгін шалғай ауылдарға хабарласып, қашықтан оқыту барысын бақылағанын айтты.  

«Қашықтан оқыту барысында әрине техникалық ақаулар болды. Бірақ бұл мәселелер уақытында шешілді. Техникалық ақауларға қарамастан 2,4 млн бала интернет арқылы білім алды», деді Асхат Аймағамбетов.

Сондай-ақ ол телеарналар арқылы өткен сабақтар жөнінде сөз етті.

«Өздеріңіз білетіндей, теледидар арқылы оқу басталды. Бүгін таңғы сағат 09:00-ден бастап «Ел арна» және «Балапан» телеарналарынан сабақтар өтті. Бұл бағыт арқылы көп оқушы қамтылды деп айта аламыз. Осыған байланысты арнайы сауалнама жүргіздік. Сол сауалнамаға сүйенсек, интернетпен жұмыс істеген балалардың өздері қосымша ретінде теледидарды да қарап сабақ оқыдық деп жатты. Олардың ішінде ата-аналарымен көргендері де көп», деді министр.

Оның айтуынша, бүгін шалғай ауылдардағы оқушылар да телеарналар арқылы сабақ оқыған.

«Біз кейбір шалғай ауылдардағы балаларды уайымдағанбыз. Мен бүгін түске қарай бірнеше елді-мекендерге телефон соғып, ата-аналармен және ұстаздармен сөйлесіп жағдайды бақыладым. Сол алған ақпарат бойынша нақты осы телеарналар арқылы білім алдық деген жақсы пікірлер айтылды. Сондықтан біз әрі қарай да телеарналар арқылы жұмысымызды жүргізе береміз. Бізге шалғай ауылдардағы мектеп оқушыларын қамту – басты міндет», деді ол.

Соңғы жаңалықтар

Түркістан жасыл қалаға айналуда

Оңтүстік Қазақстан • Кеше

Ұқсас жаңалықтар