04 Қыркүйек, 2013

Қазақтың келбетіндей Кенжеғали

287 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

 

«Мен үшін жұмыр жердің жұмағы – өз туған жерім». Көрнекті экономист ғалым, академик Кенжеғали Сағадиев журналистерге берген бір сұхбатында осылай деген еді. Осы пікірін өзінің кіндік қаны тамған Ақкөлінің ауасын жұтып, топырағына аунағанда да, Арқалық қаласына, Торғайға, Амангелді мен Науырзымға барғанда да, білім нәрімен сусындаған Әулиекөлге келгенде де, Қостанай қаласының жұрт­шылығымен кездес­кенде де қайталады.

 

«Мен үшін жұмыр жердің жұмағы – өз туған жерім». Көрнекті экономист ғалым, академик Кенжеғали Сағадиев журналистерге берген бір сұхбатында осылай деген еді. Осы пікірін өзінің кіндік қаны тамған Ақкөлінің ауасын жұтып, топырағына аунағанда да, Арқалық қаласына, Торғайға, Амангелді мен Науырзымға барғанда да, білім нәрімен сусындаған Әулиекөлге келгенде де, Қостанай қаласының жұрт­шылығымен кездес­кенде де қайталады. Өзінің 75 жасқа келген мерейтойының құрметіне Торғай жерінен бастаған сапарын Қостанайда түйіндеген Кенжеғали Әбенұлының құрметіне арналған кеш облыс орталығындағы І.Омаров атындағы қазақ драма театрында өтті. Облыс әкімі Нұралы Сәдуақасов академикті мерейжасымен құттықтап, «Қостанай облысының құрметті азаматы» құрметті атағының №1 куәлігін табыс етіп, иығына шапан жапты. Кенжеғали Сағадиевпен бірге келген көрнекті жазушы, Қазақстанның Еңбек Ері Әбіш Кекілбаев, Парламент Мәжілісінің депутаты Қуаныш Сұл­танов, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кенжебек Укин мерейтой иесін құттықтады.

– Халқының өзінен бұрынғы із салып кеткен Ахмет Байтұрсынов, Қаныш Сәтбаев секілді ірі тұлғаларының мұрагері болып, солар армандаған ғылым биігіне шықты. Ол шыққан биігін өзін насихаттау үшін емес, халқына қызмет етуге пайдаланып келеді. Өзі де халқының бір келбетіне айналды, – деді Парламент Мәжілісінің депутаты Қуаныш Сұлтанов.

– Менің бабаларым бірнеше ғасыр бұрын Ақкөл мен Әулиекөлдің арасын жайлаған екен. Өзім де бала кезде осы екі араны шарлайтын едім. Жасым жетпіс беске келгенде сол туған жерді түлетіп тұрып жатқан аталарымнан қалған ұрпақтың жүзін көрейін, сәлем берейін деген оймен балалығым, жастығым өткен туған жерді аралау­ды жөн көрдім. Арқалық, Торғай, Амангелді, Науырзым, Әулиекөлде бірнеше кездесулер болды. Сонда жерлестерімнің жарқын жүзін, жылы жүрегін, болашаққа сенімін көріп, көңілім биіктеді, – деді Кенжеғали Әбенұлы тебіреніп.

Академик бұл сапарын тек мерей­тойды тойлау емес, перзенттің туған жерге есеп беруі екенін де айта кетті.

Туған жердегі кездесулердің барлы­ғы да үлкен тұлғаның мерейін асырып қана қойған жоқ, оның жерлестеріне берген өнеге, тағлымымен де ерек­шеленді, қадірі арта түсті. Бала болып кетіп, дана болып оралған перзентін туған жер ән-жырмен де аялады.

Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА,

«Егемен Қазақстан».

Қостанай.