Аймақтар • 07 Сәуір, 2020

Көкшетауда қара дауыл, қарлы жаңбыр

578 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бүгін түстен кейін Көкшетауда қар аралас жаңбыр жауып, секундына 28 метр жылдамдықпен дауыл соқты. Облыс орталығындағы бірнеше көпқабатты тұрғын үйлердің шатырлары жұлынып, аялдамалар төңкеріліп қалды.

Көкшетауда қара дауыл, қарлы жаңбыр

Е.Әуелбеков көшесіндегі бес қабатты тұрғын үйдің  соңғы жылдары салынған жалпы аумағы 700 шаршы метрді құрайтын су жаңа шатыры долы желдің екпініне шыдай алмай төңкеріліп түсті. Жергілікті атқарушы органдардың және облыстық төтенше жағдайлар департаментінің күшімен шашылған шатырдың қаңқасы жинастырылуда. Облыстық әкімдіктің баспасөз қызметінің мәлімдеуіне қарағанда, облыс орталығындағы төрт тұрғын үйдің шатыры жұлынып, оннан астам аялдамалар төңкеріліп, екі жарнамалық баған құлаған.

П

Бурабай ауданындағы Ұрымқай ауылында машина-трактор ғимаратының шатыры құлаған кезде 1980 жылы туған күзетшіні басып қалған. Қатты соққының әсерінен күзетші сол жерде жан тапсырыпты. Облыс орталығының іргесіндегі Краснояр ауылында тұрғын үйдің шатырын долы жел қиратып, Станционный поселкесіндегі аялдама павильонын төңкеріп тастаған. Қаланың  басым бөлігі электр қуатынсыз қалды. Қалалық электр желілері кәсіпорнының 25 маманы мен сегіз техникасы апат зардаптарын жоюға жұмылдырылды.

Г

Ауа райын болжайтын бюроның хабарлауына қарағанда, ертең қар аралас жаңбыр жауып, секундына 23-28 метр жылдамдықпен жел соғып, боран болады деп күтілуде. Коронавирусқа қара дауыл қосылып халықты абыржытып тұр.

Х

 

А