Руханият • 08 Сәуір, 2020

Қыран бүркіттің мүше сыны (этнографиялық пайым)

989 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Қыранның бас сыны. Қазақ құсбегілері құстың басын: жылан бас, кешкіл бас, жалпақ бас деп үш түрге бөледі.

Қыран бүркіттің мүше сыны (этнографиялық пайым)

Жылан бас – құстың екі шекесі қушық, төбе сүйегі ықшам, күн қағары тарлау келеді.

Кекшіл бас – құстың да төбе сүйегі ықшам, тұмсығындағы сары терісі мен тұмсық сүйегінің арасы сәл ояңдау, тұмсығы кішілеу болады.

Жалпақ бас – құстың екі шықшыты торсықша томпақ сүйекті келеді. Жалпақ бас құстардан денесі шағын болады. Көбінесе бұқатана мен сарша бүркіттер осы жалпақ бастардан тарайды.

Қыранның тұмсық сыны. Қазақ құсбегілері бүркітті тұмсығына байланысты: қылыш тұмсық, құзғын тұмсық, қалың тұмсық, сүйір тұмсық, т.б.  түрге бөледі.

Алғыр қыран құсты тұмсығына қарап тануға болады. Оның тұмсығы басқа бүркіттердің тұмсығынан бір жарым есе ұзын және артық шығып тұрған үшкір имегі болмайды. Екінші сипаты – үстіңгі тұмсығының имегі астыңғы тұмсық имегін жарып артық шықпай бір қалыпты өседі. Тағы бір ескерер жайт: қолдағы бүркіттердің имек тұмсығы өсіп, ұзарып кететіндіктен құсбегілер әркез оны өткір пышақпен жонып, қырнап отырады.

Қылыш тұмсық – қыранның танау сетігі кең болады. Оның алдынан қарағанда тұмсығы көкке қарата ұстаған қылыш пошымдас көрінеді. Егерде қылыш тұмсықты құстың езуінің сыртқа қараған көмкеруі пышақтың қырындай болса, әрі тұмсығындағы мүйізгекпен жапсарласқан терінің арасы көзге шалынар мөлшерде жіліктеніп тұрса, бұл нағыз қыран. Қылыш тұмсықты құстың бет қылшығы имектене қайқайып танау сетігін жауып тұрады. Танауын жауып тұрған бұл қылшық құс тыныс алғанда ауадағы шаң-тозаңды сүзу міндетін атқарады. Бұл құстың қылыш тұмсық атануына себеп осы. Қылшықты қырандардың көбінде танауының қос қапталынан тұмсықтың ұшына қарай ырылған суағары болады. Бүркіт жем тартқанда танауынан ағатын су осы арқылы тамшылайды.

Құзғын тұмсық – құс деп қылыш тұмсықты бүркіттерді атай береді.

Қалың тұмсық – бүркіттің тұмсығы қошқар мұрындас келеді, әрі үсті имек-дөңестеніп,  қоңқиып көрінеді.  Астыңғы жақ сүйегі үстіне қарай бейім бітеді. Бұндай құс тым бапшыл болады  әрі қыран шықпайды.

Сүйір тұмсық – бүркіттің тұмсығы қарақаздың тұмсығына бейімдес, қоңқы емес, аздап сүйірше келеді. Атақты құсбегі Жалайыр Шора қартайған шағында «қарға тұмсық құс салмадым, қашар бітімді ат мінбедім» деп өкініпті дейді. Осы Шора армандаған құс  осы сүйір тұмсықты бүркіт. Қазақ құсбегілері «қылыш тұмсық қайтпас, қалың тұмсық байытпас» деген екен.

Қыранның танау сыны. Қазақ құсбегілері бүркітті танау бітіміне қарай: кең танау, жалпақ танау, қысық танау деп үшке бөлген.

Кең танау – бүркіттердің танауы кең, әрі дөңгелек пішіндес, тынысты келеді. Мұны қылыш жүнді мұрт деп атайды.

Жалпақ танау – бүркіттердің танау тесігі үшкілдеу болғанымен бітімі кеңірек болады. 

Қысық танау –  бүркіттің тұмсығының екі жағы қайқайып, алдынан қарағанда қаншырдай қабысып көрінеді. Мұндай құстардан алымды қыран кездеспейді. Көп жағдайда сарша бүркіттер қысық танау келеді. Егер де, кең танау бүркітке бейім бұқатана құс кездессе, оның сан жілігін өлшеп көру керек. Жілігі бір тұтамнан асса, ондай құсты қайырып, салуға болады.

Қыранның көз сыны. Қазақ құсбегілері бүркітті көзіне қатысты: көрқабақ, шүңгірек көз деп бөлген.  Егер бүркіттің қабағы жайдақ, жұқалтаң, жаудыр көз болса жалтақой, қорқақ келеді. Бүркіттің көзі кіші қысықтау келсе қырандықтың белгісі. Мұндай құстарды құсбегілер «қызға бермес қысық көз» деп мақтайды. Бүркіттің  көзі қиықшаланып құйрықша созылып бітсе, бұл не кезіксе  соны алатын айтулы қыран болады.

Бүркіттің көзі табиғи жаратылысына байланысты: қара шегір, ақ шегір, сары шегір, қызыл шегір және қара мөлдір болады. Құсбегілердің айтуынша, Зайсан-Сауыр тауын мекендейтін құстардың балапанының көзі қара мөлдір болады. Құсбегілер мұны күйкентай көз деп те атайды.

Қыранның қанат-қауырсын сыны. Бүркіттің қанатындағы ең шеткі ұзын қауырсындарын қылыш шалғы (сабау шалғы) дейді. Ол 5-7 қауырсынды болады. Одан кейін ара қанатта 10 шақты доғал қауырсын, ірге қанатта 20-дай қанат-қауырсын болады. Ірге қанатқа жалғасқан, қомдап отырғанда бірінің астында бірі тұратын ірі жапырақ жүндерді болат жүн деп атайды.

Қылыш шалғыларының алдында жалпақтығы пышақтай, ұзындығы сүйемдей бірнеше пышақ шалғылары болады. Қылыш шалғыларының қауырсыны шынашақтай жуан келеді. Бүркіттің жүні тарақтай қалың болатындықтан, отырғанда ірге қанатқа ирек қалта түспей, жымдасып тұрады.

Бүркіттің құйрығындағы қауырсыны 12 тал болады. Балапан, түлек, тастүлек, ана жасына дейін құйрық пен қанатының асты ақ немесе ақшыл түсті болады да, ана жасынан өткеннен кейін қараяды. Қазақтың «адам қартайса ағарады, бүркіт қартайса қараяды» дейтіні осы.

Қазақ құсбегілері бүркітті қанатына айланысты: құзғын қанат, құмай қанат, шіл қанатдеп үш түрге бөледі.

Құзғын қанат – бүркіттің белгісі екі шалғысының ұшы имектелмей түзу айқасып тұрады.

Құмай қанат – бүркіттің белгісі екі шалғысының ұшы орақталып, имектеліп айқасады.

Шіл қанат – бүркіттің белгісі шалғысы қысқа болады, әрі екі үші зорға айқасады. Шіл қанат бүркіт балапанда көк бөрі, тірнегінде қу бөрі аталады да, тек тастүлекке толғанда барып, толысып жетіседі. Қыран құстар осы құзғын қанат пен шіл қанаттан шығады. Құмай қанатқұс шабан әрі жалқау келеді.