Соңғы үш күнде бас қалада вирус жұқтырған 3 адам тіркелген.
– Науқастардың дені әйелдер, басым көпшілігі 30-43 жас аралығындағы азаматтар болып отыр. Арасында 30-ға толмаған жастар да бар, олар вируспен күресуге бейімді. Қалғаны 50-ден асқан кісілер. Көп жағдайда індет жасы үлкендерге қауіп төндіруде. Сондықтан дәрігерлер күндіз-түні ұйықтамай жұмыс істеп жатыр. 10 науқас Ақмола облысының тұрғыны. Қаламызда 28 қаңтардан бастап тұмауға қарсы 6315 адам емдеуден өтті. Оның 202-сі әлі кәмелет жасына толмаған балалар – деді С.Қисықова.
Бір айта кетерлігі елордада 31 дәрігер Covid-19 жұқтырған. Олардың барлығы арнайы ем-дом қабылдап жатыр, жағдайлары тұрақты. Спикердің айтуынша, наурыз айында барлық дәрігерге сыйақы түрінде қаржылай қолдау көрсетілген. Оларға арнайы психологтар қосымша қызмет көрсетуде. Қорғаныш костюмдері толықтай жеткілікті, үш мезгіл тамақ беріледі. Қатынас көліктері де бар.
Баспасөз маслихатында айтылғандай, халықты сапалы азық-түлікпен қамтамасыз ету күн тәртібінде тұрған басты мәселенің бірі. Әсіресе, елдегі төтенше жағдай азық-түлік қауіпсіздігі саласына жаңаша көзқарас қажет екенін ұқтырды. Бүгінде бағаны тұрақтандыру басты назарда. Осы орайда Нұр-Сұлтан қаласы Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту департаментінің басшысы Ерлан Бекмұрзаев атқарылып жатқан шараларды атап өтті.
– Қалаға азық-түлік тауарлары үздіксіз жеткізілуде. Жүк тасымалы үшін қалаға кіреберісте жасыл дәліз жасақталған. Карантин енгізілген сәттен бастап жалпы көлемі 40 мың тонна құрайтын 3800 көлік кірді. Оның ішінде азық-түлік өнімдері 14315 тоннаны құрайды. Бүгінде қалада азық-түлік қоры жеткілікті. Күні кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевпен қоймаларды араладық. Тауар тапшылығы байқалмайды. Бағаны тұрақтандыру бойынша бірқатар шаралар қабылдануда. Біз өңірлермен араға жеміс және ет, азық-түлік өнімдеріне белгіленген бағамен форвардтық келісімшарт жасауды пысықтаудамыз. Оған Жергілікті бюджеттен қосымша 1,5 млрд теңге бөлінді. Бұл қаржы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағаларын жеңілдетуге арналған несиеге бағытталады. Қалада ұн жеткілікті. Нанның бағасы 90 теңгеден аспауы тиіс, – деді Е.Бекмұрзаев.
Ескерте кетейік, азық-түлік бағасын көтерген кәсіпкерлерге айыппұл салынады.