Заң жобасы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа Жолдауындағы тұрғын үй бағдарламалары операторларының санын қысқарту туралы тапсырмасына сәйкес әзірленген.
Бұл құжаттың жай-жапсарымен Мәжіліс депутаты Сапар Ахметов таныстырды. Оның айтуынша, заң жобасы «Қазақстан ипотекалық компаниясы» АҚ, «Бәйтерек девелопмент» АҚ және «Тұрғын үй құрылысына кепілдік беру қоры» АҚ сияқты тұрғын үй бағдарламаларының жұмыс істеп тұрған операторларын Тұрғын үй құрылысының бірыңғай операторы етіп біріктіруге, сондай-ақ олардың бірін-бірі қайталайтын функцияларын жоюға және жалпы әкімшілік шығыстарын қысқартуға бағытталған.
Сонымен қатар бірыңғай оператордың жаңғыртылған қызметтері ұсынылып отыр. Заң жобасында тұрғын үй құрылысының бірыңғай операторының келесі жұмыстарды атқаруы қарастырылады: мемлекеттік бағдарламалар аясында құрылысты жүзеге асырып жатқан заңды тұлғаларға несие беру, жергілікті атқарушы органдарда әрі әкімдіктерде баспана кезегінде тіркелген азаматтарға сатып алу құқығымен арендалық пәтерді ұсынуды регламентациялау, инвестициялық жобаларды қаржыландыру мен іске асыру.
Құжатта тұрғын үй құрылысы бірыңғай операторының ипотекалық тұрғын үй қарыздарына кепілдік беру, көппәтерлі тұрғын үйдің құрылысын аяқтауға кепілдіктер беру бойынша да нормалар көзделген. Заң жобасында Қазақстан Республикасының 3 кодексі мен 4 заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу ұсынылады.
– Тұрғын-үй саясаты – әрқашанда күн тәртібінен түспейтін маңызды мәселе. Осы жолда Мемлекет басшысының тапсырмасымен әзірленіп, мақұлданған бүгінгі Заң жобасы аталған саладағы сұрақтарды уақыт талабына сәйкес одан әрі тиімді шешуге ықпал етеді деп білеміз. Себебі енді Қазақстанда тұрғын үй саясатын жүзеге асыратын бірыңғай оператор құрылады. Ол халқымызға, соның ішінде, әлеуметтік қолдауды қажет ететін азаматтар арасында қолжетімді баспана мәселесін шешуге кең жол ашады, – деді Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин.
Заң жобасы тұрғын үй бағдарламаларының жұмыс істеп тұрған операторлары біріктіру арқылы жалпы әкімшілік шығындар 42%-ға азаяды. Осы ретте Мәжіліс Төрағасы негізгі басымдықтар мұғалімдерге, дәрігерлерге, бюджеттік ұйымдардың қызметкерлеріне, сондай-ақ табыс деңгейі орташа және орташадан төмен мемлекеттік қызметшілерді қамтитынын атап өтті.