Руханият • 09 Сәуір, 2020

Бумеранг

883 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Өзімнің қырық жыл уақытқа таяу жұмыс тәжірибемде, бәлкім, атқарып отырған қызметтеріне сәйкес біреулерді сынаған кезім болған шығар, бірақ ешуақытта адамның жанына тиерліктей ауыр сөз жазбаған екенмін. Тіпті бір рет те болсын.

Бумеранг

Мұның себебі, мен өмір бойы мемлекеттік бұқаралық ақпарат құралдарында қызмет етіп келемін. Кешегі Кеңес Одағы кезінде де, қазіргі тәуелсіз еліміз тұсында да мемлекеттік бұқаралық ақпарат құралдары жеке адамның ары мен намысының сақталуына өте үлкен жауапкершілікпен қарады. Бұл ортада талай әсіре мақтаулардың, кейбір кездері жауырды жаба тоқулардың орын алғандығы шындық. Орынсыз сындар жазылғанын да жоққа шығаруға болмайды. Бірақ адамның ары мен намысына келгенде белгіленген этикет шекарасынан ешкім де баса көктеп өткен емес. Бұл мәселеге келгенде «зияныңды тигізбе» деген қағидат қашан да болсын үстем тұрды, әлі де солай.

Неге дейсіз ғой. Себебі кез келген журналис­тің қолындағы қаламды оташы дәрігер қолындағы скальпельмен салыстыруға болады. Хирург скальпельмен науқастың тәнін кессе, журналист қаламы адамның жанын осып түсуі әбден мүмкін. Сондықтан бұған мемлекеттік бұқаралық ақпарат құралының жұмыс істеу тәртібі ешуақытта жол берген емес. Мемлекеттік БАҚ-тағы әрбір журналистің мақаласы алдымен редактор сүзгісінен өтеді. Сонан кейін мемлекеттік органдар арқылы бақыланады. Ең ақырында қоғам бақылауына келіп түседі. Осы ортаға келіп түскен кезде оғаш сөз, жаман пиғыл бірден көзге шалынады. Сонан кейінгі жағдай белгілі. Кеңес Одағы кезінде партия органдары журналистің жауапкершілігін қараса, қазір енді бұқаралық ақпарат құралдары туралы арнайы заң бар.

Әрине, біздер – журналистер қауымы үшін менің бұл жазып отырғаным жаңалық емес. Айтпаса да түсінікті жайт. Сондықтан осы уақытқа дейін ешкімді толғандырып та көрген емес. Дегенмен қазіргі әлеуметтік желілерде жазылып жатқан небір сорақы сөздерге қарап, бұрын мүлдем елеусіз көрінетін осы мәселенің қазіргі қоғамымызда барынша ұшқындап тұрғанын бірден байқауға болады.

Әрине, әлеуметтік желіде кім не жазамын десе де, кімді сынап-мінеймін десе де еркі бардай көрінетіні рас. Өйткені қадағалап отыратын редакторы жоқ. Әрі жазғаны тоқтаусыз жарық көреді. Сондықтан қызу пікірталастардың, ұрыс-керістердің неше атасын осы әлеуметтік желілерден кездестіресіз. Тіпті кейбіреулердің аузындағы сөзіне ие бола алмай, этикадан шығып кетіп жататынын да байқайсыз. Мәселен, бір азаматтың сөзіне комментарий жасаған әйел затының «оттама» деген сөзді қолданғанын көріп, бұл кім екенін білейінші деп, парақшасына кірдім. Сөйтсем жасы отыз бен қырықтың ортасындағы әп-әдемі келіншек. Парақшасына суреттерін де үйіп-төгіп берген екен. Соның бірінде екі жағына екі баласын алып, құшақтап отыр. Яғни болашақты тәрбиелеп отырған ана. Ал жазып отырған сөзі жаңағы. Соған қарағанда, бұл азаматша әлеуметтік желіде қандай сөз қолдансам да өз еркім деп түсінетін болса керек.

Бірақ заң бойынша олай емес қой. Мәселен, еліміздің Қылмыстық кодексінің 131-бабында БАҚ арқылы немесе әлеуметтік желілерде адамды қорлағаны, яғни оның абыройы мен қадір-қасиетін әдепсіз түрде кемсіткені үшін 200 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салынатын не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не 180 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарта отырып жазаланатындығы жазылған.

Былайша айтқанда, әлеуметтік желілер дегеніміз де кейбір адамдардың түсінгеніндей «шексіздік демократиясы» емес. Мұнда да жауап­кершілік қарастырылған. Бірақ сөйте тұра бұқаралық ақпарат құралдарына қарағанда әлеуметтік желілерде әдепсіз сөздер неге жиі кездеседі?

Біз мұның себебіне жоғарыда аздап тоқ­талдық. Оған қосарымыз дәстүрлі журналис­тиканың өзіндік мектебі бар. Бұл салада еңбек ететіндердің барлығы алдымен сол мектептен өтеді. Ал әлеуметтік желілерде ондай мектеп жоқ. «Өмір сүруге дайындалмайды, өмірді сүре­ді» дегендей кез келген әлеуметтік желі пайдаланушысы бірден ақпарат тарату құқына ие болып шыға келеді. Бірақ өкінішке қарай, сөздің қандай қиын қару екендігін түсіне бермейді. Сөйтіп біздің қазіргі қоғамымызда адамдардың бірін-бір улап жатқандығын көріп отырмыз.

Жалпы адам баласының бақытты немесе бақытсыз болмағы оның тек өзіне, өскен ортасына ғана емес, өмір сүріп отырған қоғамына да көп байланысты. WhatsApp, Facebook секілді әлеуметтік желілерде қаптап жүрген халықты дүрбелеңге салатын жалған ақпараттар, балағат сөздер адамдарды әбден шаршатып бітті. Негізінде ондай ақпаратты таратушылар өздері отырған бұтақты өздері кесіп жатқандығын аңғара бермейді. Ал өмір дегеніміз бумеранг секілді. Өз айтқаның, жасаған әрекетің түбінде өзіңді айналып табады. Сондықтан әлеуметтік желіні пайдаланудың мәдениетін тезірек игергеніміз жөн болар еді.