Аймақтар • 09 Сәуір, 2020

Дауыл «дертімізді» анықтап берді

188 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қыс бойы әлеуметтік желілер арқылы таратылатын сақтандыру хабарларына еті үйренген көкшетаулықтар бұл жолы оншалықты селт ете қойған жоқ. Сейсенбі күні дауыл секундына 30 метр жылдамдықпен соқты. Үй шатырлары сөгіліп, аялдамалар құлады. Оқыс оқиғаның салдарынан бір адам қайтыс болып, 22 адам зардап шекті.

Дауыл «дертімізді» анықтап берді

Жел екпіні сұрапыл болды. Кәдімгі қазақтың «ек­пі­ні үй жыққандай» дейтін те­ңеуі осындайда айтылатын шығар. Үй жықпағанымен, шатыры мен жарнама орна­тыл­ған бағаналарын құлатты. Біз оқыс оқиғаға дайын емес екенбіз. Оқи­ғаның салдары осындай ойға жетелейді. Шатыр жұ­лын­ды, аялдама аударылды. Көпшілігі соңғы жылдары ғана салынған жап-жаңа дү­ние. Шиырып айтқанда, дауыл «дертіміздің» қай жерде еке­нін анықтап берді. Облыс бойынша 22 адам зардап шекті. Оның біреуіне ота жасалып, ауыр халде жатыр. 17 адам ауру­ханаға түсті. Оның 8-і бас жара­қатын алған. Сандықтау аудандық ауруханасына 2013 жылы туған бала жеткізілді. Дауыл әсерінен зардап шеккен бір адам Зеренді аудандық ауруханасына жатқызылса, екі адам Есіл аудандық ауруханасына түскен.

Облыс орталығында төрт ғимараттың шатыры жұ­лынды. Оның екеуі әкім­­ші­лік ғима­ра­ты. Он аялдама мен төрт жарнама бағанасы төң­керіліп қалды. Крас­нояр селосында үш тұрғын үй бүлінді. Қала жанындағы Стан­ционный поселкесінде аялдама аударылды. 2600-ге жуық қала тұрғыны жарықсыз қалды. Қазіргі күні долы жел­дің салдарынан болған ақау­лар қалпына келтірілуде. Бұл жұмысқа қалалық электр же­лі­сі кәсіпорнының онға жуық техникасы мен 25 маман жұмылдырылған. Көк­ше­тау қаласында қалалық ком­муналдық қызмет, қала­лық төтенше жағдайлар басқар­ма­сы төтеннен келген тосын жайдың зардаптарын жоюға жұмыл­дырылды.

Жедел жәрдем қызметіне 8 адам жүгінген. Орталықтағы көшелердің бірінде аялдама павильоны құлап, 1942 жылы туған ер адамды басып қалған. Кеуде сүйегіне зақым келген зардап шегушіге медициналық қызмет көрсетілген. Темір жол вокзалы маңындағы аялдама 1976 жылғы әйелдің үстіне құлаған. Жолаушы әйел бірнеше дене жарақатын алған. Дауыл құлатқан шатырлар мен аялдама қаңқалары бірнеше адамды мертіктіріп, әлденеше автокөлікке зақым келтірген.

Бурабай ауданының Ұрым­қай ауылында қайғылы оқиға орын алды. Жергілікті ауыл шаруашылығы құры­лы­мы­ның жұмысшысы құлаған шатырдың астында қалып, көз жұмды.

Қазір облыс аумағында кешегі дауылдың кесапаты жо­йы­лып, қалпына кел­ті­рілуде. Бір айта кетерлігі, көп қабатты тұрғын үйлердің ша­тырлары соңғы жылдары ғана салынған. Тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шы­лы­ғының тұрғын үйлерді жаңғыр­ту бағдарламасы бо­­йынша. Қала тұрғындарының сапа­сыз жұмыс істеген құры­лыс­шы­лар­ға өкпесі қара қазандай. 

 

Ақмола облысы