Өкінішке орай, қазіргі күні құрылып отырған одақтың мән-мағынасы мен қыр-сыры, еліміз үшін маңызы қарапайым халықтың көпшілік бөлігіне жете таныс емес. Осының салдарынан ел ішінде әртүрлі әңгімелер қозғалуда, дақпырттар таратылуда. Осы жағдайды кейбір саяси топтардың тиімділікпен пайдалануға тырысатындығы сезіліп отыр.
Сондықтан Кеден одағына байланысты қазіргі күні халық ішіне кеңінен тарала бастаған кейбір күмәнді сауалдарға жауап бере кетуді жөн көрдік. Бұл жауаптар мемлекеттік органдардың берген түсіндірмелері мен экономикалық сарапшылардың пікірлерінен құрылғандығын алдын ала айта кетпекпіз.
Бірінші дақпырт. Кеден одағы комиссиясының өкілеттілігі ұлттық үкіметтердің өкілеттігінен жоғары болып отыр. Бұл жағдай алдағы уақытта Қазақстанға Ресей ықпалын күшейте түсетін болады. Бірте-бірте Ресейдің шылауында қаламыз.
Осы дақпыртқа байланысты төмендегідей жағдайды айтуға болады. Кеден одағы комиссиясының құрылуы үш мемлекеттің арасында жасалынған келісім-шарттарға негізделген. Ол шарттарда комиссияның жұмыс істеу қағидаттары көрсетілген. Олар:
Кеден одағына бірікккен елдердің жекелеген мемлекеттік органдары бұрын өздері атқарып келген кейбір өкілеттік түрлерін Кеден одағы комиссиясына ерікті түрде тапсырады;
комиссия үш елдің ұлттық мүдделерін ескере отырып, өзара тиімді жағдайларды қамтамасыз етуге міндетті болып табылады;
комиссияда қабылданған шешімдер экономикалық тұрғыдан негізді болуға тиіс. Мұнда саяси басымдықтарға жол берілмейді;
комиссия ашық, жариялы түрде жұмыс істеуі тиіс.
Осылардан көріп отырғанымыздай, комиссияның қызмет аясы нақты белгіленген және ұлттық мемлекеттік мүдде тұрғысынан қарастырғанда ол шектеулі болып табылады. Комиссия мемлекет пен Үкімет басшыларының алдын ала бірлесіп қабылдаған шешімдеріне сәйкес әрекет етіп, соларды жүзеге асырады.
Оның үстіне комиссия мүшелері бір-бір дауысқа ғана ие. Осыған сәйкес шешім дауыстардың басымдығымен ғана қабылданады. Мәселен, Беларусь пен Қазақстан тарабы белгілі бір мәселе жөнінде бір пікірде болса, онда Ресейдің ұсынысы қабылданбайды.
Осы ретте Кеден одағын құру барысында Ресейге дауыстардың 57 пайызы, Қазақстанға 21,5 пайызы, Беларуське 21,5 пайызы бөлінгендігін еске алайық. Мұндай дауыс құқығының ерекшеліктері комиссия мен оның хатшылығын қаржыландыру және хатшылықтағы қызметтерді бөлуге қатысты ғана қолданылатындығын айтуымыз керек. Сөйтіп, Кеден одағына қатысты негізгі мәселелер бойынша әрбір мемлекеттің мүддесі ескеріліп отыр. Арада даулы мәселелер пайда болатын болса, оны одақтың жоғарғы органы –мемлекеттер және үкіметтер басшыларының кеңесі шешетін болады.
Екінші дақпырт. Кеден одағына қатысты шешімдер жабық жағдайда қабылданып жатыр. Қазақстан азаматтары онымен таныс емес.
Бұл дақпыртқа қатысты айтарымыз, Кеден одағын құрудың нормативтік базалары әрбір елдің үкіметтерінде бірнеше рет талқыланып, онда қабылданған шешімдер бұқаралық ақпарат құралдары арқылы халыққа жеткізілген болатын. Аталған мәселеге байланысты Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Өмірзақ Шөкеев пен Қаржы министрі Болат Жәмішев және басқа да мемлекеттік органдар басшылары журналистерге сұхбаттар берді.
Сонымен қатар Кеден одағының негізін қалайтын халықаралық құжаттардың барлығы еліміздің заңына сәйкес Қазақстан Республикасының Парламентінде ратификацияланды. Ол мәселелерді талқылауға депутаттар мен қоғам өкілдері белсене қатысты. Мәселен, қазіргі күні Қазақстан Парламентінде 18-ге тарта халықаралық келісім ратификацияланды. Енді 16 келісім осындай сүзгіден өтетін болады. Жалпы, одақты құруға қатысты барлық келісімдер “Егемен Қазақстан” және “Казахстанская правда” газеттерінде жарияланады.
Үшінші дақпырт. Бірыңғай кедендік тарифтің қабылдануы үшінші елдерден келетін тауарларды шектеу қаупін туғызады. Алдағы уақытта тауарларды тек Ресей мен Беларусьтен ғана сатып алатын боламыз.
Осы дақпыртқа қатысты төмендегідей деректер келтірмекпіз.
Кеден одағы құрылғанға дейін біздің елімізге сырттан келетін шетелдік тауарлардың 32,6 пайызы Ресей мен Беларусьтің үлесіне тиіп келген еді. Ал қалған тауарлардың басым бөлігі Еуропалық одақ елдері мен Қытайдан тасымалданды. Яғни, одақ құрылғанға дейінгі кездің өзінде біздің елімізге Ресей мен Беларусь тауарларының импорттық ықпалы күшті болды.
Сонымен қатар, біз жоғарыда алдын ала жасалынған келісімге сәйкес Қазақстанның бірқатар тауарлар түрі бойынша бірыңғай кедендік тарифке кезең-кезеңімен бірте-бірте қосылатындығын айттық. Мәселен, дәрі-дәрмектер бойынша бізге беріліп отырған өтпелі кезең бес жылдық мерзімді құрайды. Демек, қазіргі күні Қазақстанға Еуропалық одақтан келіп жатқан дәрі-дәрмектер қымбаттауға тиісті емес. Оларға қолданылып келген баж салығының ставкалары қазақстандық тұтынушылар үшін қолайлы қалпында сақталады. Бұл жеңілдіктер елімізге Еуропаның дамыған мемлекеттерінен жеткізілетін көптеген күрделі құрал-жабдықтарға да қатысты болып отыр.
Төртінші дақпырт. Кеден одағының құрылуы басқа елдерден келетін инвестициялар үшін шектеу тудырады.
Бұл дақпыртқа қатысты айтарымыз, қазіргі күні әлемдік жағдай бойынша инвестициялардың келуі көбінесе елдің ішіндегі бизнеске жасалған қолайлы ахуалға (атап айтсақ, кәсіпорындарды тіркеу, қызмет түрлеріне лицензиялар беру, шаруашылық субъектілерінің қызметіне мемлекеттік органдардың араласу мүмкіндігін шектеу жағдайларына) байланысты болып келеді. Бұл мәселеде инвестиция үшін туды-рылатын салық жеңілдіктері мен ел ішінде тиісті инфрақұрылымдардың, білікті кадрлардың болуы да әсер етеді.
Міне, осының барлығы Қазақстанда бар деп айта аламыз. Мұны Бүкіләлемдік банктің елімізге берген рейтингтік бағалау көрсеткіші де дәлелдеп отыр. Мәселен, осы бағалау бойынша Қазақстан қазір 183 елдің ішінде 63-орында тұрса, Ресей – 120-орында.
Үкімет қазір бизнестің алдындағы әкімшілік кедергілерді азайту мәселесіне барынша белсенді кірісіп отыр. Демек, халықаралық ұйымдардың біздің елге беретін рейтингтік көрсеткіштері одан әрі жақсара түсетіндігіне сенімдіміз.
Мұның сыртында еліміздің 2020 жылға дейінгі үдемелі индустрияландыру жөніндегі стратегиясы бизнеске қолайлы жағдай туғызудың, шетелдерден инвестициялардың келуіне жол ашудың қосымша мүмкіндіктерін қарастырып отыр.
Жалпы айтатын болсақ, Қазақстан дүние жүзі елдерінің арасында өзінің табиғи ресурстарының молдығымен, экономикалық даму әлеуетінің ерекше зорлығымен көзге түсе бастады. Бұл фактор шетелдік инвесторларды біздің елімізге қызықтырмай қоймайды. Демек, Қазақстанның Ресеймен және Беларусьпен бірігіп Кеден одағын құруы үшінші елдерден келетін инвестицияларға шектеу болмайды.
Бесінші дақпырт. Қазақстандықтар еуропалық мемлекеттердің, Жапонияның жеңіл автокөліктеріне құмар. Ал Ресей автоөнеркәсібі шығаратын көліктер тұтынушыларды көп қанағаттандыра бермейді. Мұндай жағдайда автокөлік тұтынушылары ұтылатын болады.
Бұл дақпырт бойынша мынадай деректерді келтіруге болады.
Қазіргі күні Ресейде бірлескен кәсіпорындар құру нәтижесінде америкалық, еуропалық және жапониялық компаниялардың көптеген алдыңғы қатарлы көліктері шығарыла бастады. Олардың қатарында Toyota Camry, Nіssan Teana, Ford Focus, Mondeo, Hyundaі Accent, Hyundaі Sonata, Hyundaі Santa Fe, Volkswagen Passat, Skoda Octavіa, Fabіa, Jetta, Tіguan, BMW: 3,5, X3, Kіa, Renault Logan, SsangYong: Rexton, Kyron, Actіon; Doblo Panorama, Opel секілді әртүрлі маркалар бар.
Ресейде соңғы кездері шетелдік көліктерді шығару барған сайын жақсара түсуде. Мәселен, 2009 жылы шығарылған барлық автокөліктердің 46,9 пайызын шетелдік брендтер құрады. Үстіміздегі жылдың қаңтар айының өзінде 41,8 мың дана жеңіл көлік шығарылды. Бұл өткен жылдың осы мерзіміндегіден 2,3 есе артық. Соның ішінде жоғарыда шығарылған жеңіл көліктердің 26,3 мыңын шетелдік брендтер құрап, 2009 жылдың осы мерзіміндегі көрсеткіштен 46,9 пайызға артып түсті.
Алтыншы дақпырт. Кеден одағының құрылуы біздің отандық кәсіпкерлер үшін едәуір ауыртпалықтар әкелетін болады. Олардың бәсекелестік қабілеті төмен. Мұндай жағдайда отандық рынокқа Ресей мен Беларусьтің өнеркәсіптік өнімдері қаптап келе бастайды.
Бұл дақпыртқа байланысты айтарымыз, қазіргі уақытта жаһандану үдерісінің күшеюіне байланысты ешбір ел өз шекарасының аумағында тұйықталып өмір сүру жағдайынан қалып барады. Кәсіпкерлік бәсекелестіктің өзі жаһандық мәнге ие болып отыр. Алдағы уақытта кім жаһандық бәсекелестікке қабілетті болмақ, соның ғана жолы болады.
Қазақстанның Ресей және Беларусь елдерімен бірігіп Кеден одағын құруы бір есептен алғанда осы жаһандық кәсіпкерлік бәсекеге бірте-бірте әзірлену жолы болып табылады. Бұл үш ел өз уақыты келгенде Бүкіләлемдік сауда ұйымына қосылатындығы анық. Міне, осы кезде қазақстандық кәсіпкерлер көп ұтылмауы үшін ең алдымен үш ел арасындағы бәсекелестік сынынан өтіп, шыңдалуы қажет.
Қазақстан мемлекетінің басшылығы осы уақытқа дейін отандық кәсіпкерлікті дамыту бағытында көптеген істерді тындырды. Оларға қолайлы жағдай туғызуға үнемі ұмтылыс танытып келеді. Отандық кәсіпкерліктің қалыптаса бастағанына да жиырма жылға тарта уақыт болды. Бұл аз мерзім емес. Енді олардан шын мәнінде пісіп-қатып, ширап алдыға ұмтылу талап етіледі.
Тіпті табиғаттың өз даму заңдылығы бойынша да балапан мәңгілік балапан күйінде қала бермейтіндігі анық. Ол да қанат қатайтып, зеңгір көкке қарай шарқ ұруы қажет. Бұл өмір заңдылығы. Сондықтан қырандар балапаны қара қанаттанып жетілген тұста оны ұясынан алып шығып көк зеңгірінен төменге қарай тастап жібереді екен.
Сол секілді бәсекелестіктің заңы да Қазақстан кәсіпкерлерінен шыңдалуды талап етіп отыр. Олардың алдында осыдан басқа жол жоқ. Сондықтан кәсіпкерлер Ресей, Беларусь кәсіпкерлерімен тайталасқа дайын болуы үшін өздерінің технологиялық жарақтандырылуын, білікті кадрлармен қамтамасыз етілуін және өз беттерімен үш елдің ортақ рыногын зерттеп, меңгере білу мәселесін күшейтуі қажет.
Оның үстіне үш елдің Кеден одағына бірігіп, алдымыздан 170 миллион халқы бар үлкен рыноктың ашылуы қазақстандық кәсіпкерлер үшін табыс табудың үлкен мүмкіндіктерін беретіндігі анық. Мәселен, Қазақстан осы уақытқа дейін малға бай елдердің бірінен саналып келгендіктен шетелдерге, тіпті қасымыздағы Ресейге ет экспорттау мәселесі үлкен қиындықтарға түсті. Қазақстанның осы уақытқа дейін Ресейге жылма жыл экспорттап келген етінің жалпы көлемі 1 мың тоннаға да жетпеді. Енді Кеден одағының пайда болуы бұл елге ет экспорттау мәселесін анағұрлым жақсарта түсетіндігі анық. Қазақстан Үкіметі таяудағы үш жылдың ішінде оның көлемін жылына 60 мың тоннаға дейін жеткізуді көздеп отыр.
Сонымен бәсекеге қабілетті кәсіпкерлер үшін Кедендік одақтың құрылуына байланысты пайда болған үш елдің алып рыногына шығу үшін алдынан жарқын жол ашылады, ал бәсекелестікке қабілетсіз кәсіпкерлер еліміздің ішкі рыногы аясында бірте-бірте тұйықталып қала беретін болады.
Кедендік тарифтік жӘне тарифтік емес реттеулер
Кедендік одақтың кедендік тарифтік реттеулерінің негізгі элементі Бірыңғай кедендік тариф болып табылады. Ол үстіміздегі жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енді. Осыған байланысты аталған үш ел үшінші бір елдермен сауда қарым-қатынасында бұдан былайғы уақыттары ақылдаса отырып, бірыңғай сыртқы сауда саясатын жүзеге асыратын болады.
Одақ құрылған кезде Беларусь, Қазақстан және Ресей елдерінде осыған дейін жұмыс істеп келген импорттық кедендік баж салығының 40 пайызы бір-бірімен сәйкес келді. Сөйтіп, одақтың құрылуына байланысты үш мемлекеттің алдында кедендік баж салығының 60 пайызын біріздендіру мәселесі туындады. Осы мәселені реттеуде мемлекеттер төмендегідей өлшемдерді басшылыққа ала отырып жұмыс істеді.
Біріншіден, белгілі бір өнім туралы әңгіме қозғалған кезде ол өнімнің ел ішінде өзіндік өндірісінің болуы есепке алынады. Егер ондай өндіріс түрі болмаған жағдайда елдегі тұтынушылар мүддесін қорғаудың мүмкіндіктері барынша қарастырылады. Баж салығы осы мәселеге сәйкес реттеледі.
Екіншіден, импорттың құрылымына мән беріледі. Егер импорттың негізгі үлес салмағы ТМД аясындағы елдерге түсетін болса немесе ол тауар көп жылдардан бері қарастырылып отырған елге импортталмай келген болса, онда ол тауардың кедендік баж салығы ставкасын өзгерту соншама бір ауыртпалық әкелмейді деп табылады. Осындай жағдайда баж салығының неғұрлым жоғары ставкасы белгіленеді.
Үшіншіден, бірыңғай кедендік тарифті реттеу барысында отандық бизнес өкілдерімен белгілі бір тауарлардың ставкасын өзгерту жөнінде талқылаулар жүргізілді.
Бірыңғай тарифті белгілеу кезінде төрт жүзге тарта импорттық тауарлардың кедендік баж салығы ставкаларының неғұрлым төмен белгілеу құқығын өзінде қалдырды. Осы үшін Қазақстанға бірнеше жылдарды қамтитын өтпелі кезең белгіленді. Бұл өтпелі кезең тек дәрі-дәрмектерге ғана қатысты емес. Мәселен, мұнай-химия саласын, алюминий өндірісін, сондай-ақ шетелдік капиталдың қатысуымен құрылатын басқа да күрделі өндіріс түрлерін дамыту жөнінде Қазақстанның өзіндік жобалары бар. Бұл жобалардың жүзеге асуы алдыңғы қатарлы шетелдік жоғары технологияларды қажет етеді. Міне, осы технологияларға қатысты құрал-жабдықтар үшін де өтпелі кезең белгіленіп отыр. Бұл тауарлар біздің елімізге бұрынғысынша жеңілдікті кедендік баж ставкалары арқылы жеткізілетін болады.
Сондай-ақ Қазақстан жағы қант шикізаттарын жеткізуге қатысты да онжылдық мерзіммен жеңілдікке ие болып отыр. Мұндай тауарлар саны егер санамалап көрсете берсек, едәуір.
Кеден одағы туралы тақырыпты бұдан әрі де жалғастыра беруге болады. Өйткені, осы одақтың аясында қазіргі қабылданып жатқан құжаттардың әрбірі еліміз үшін ерекше маңызды. Мәселен, Кеден одағының Кедендік кодексін алайық. Ол 8 тараудан, 50 бөлімнен, 372 баптан тұрады. Бұл мәселе жөніндегі әңгімелеуді кейінге қалдырамыз.
Сұңғат ӘЛІПБАЙ.