Қазақстан • 09 Сәуір, 2020

Онлайн оқырманымыз 100 мыңнан асты

332 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Газетіміздің egemen.kz сайтының оқырмандар қатары осыдан 3-4 жыл бұрынғы деңгеймен салыстырғанда елу есеге дейін артып, бүгінде 100 мыңдық межеден асып жығылды.

Онлайн оқырманымыз 100 мыңнан асты

Әлемді жайлаған коронавирус пандемиясына байланысты біздің ел де Президент Жарлығымен Төтенше жағдай енгізіп, барша халқымыз карантиндік оқшаулануға көшкен кезде індетпен күрестің алдыңғы шебінде дәрігерлермен қатар журналистер қауымы да жүргені белгілі. Өйткені, осындай жауапты кезеңде жұртшылықты сенімді дереккөздер арқылы хабардар етумен бірге, оқшауланып үйде отырған халықты талғам-тілегіне сай рухани-мәдени, тарихи-танымдық ақпараттармен, сүбелі материалдармен қамтамасыз ету де аса маңызды.

Осы орайда, «Egemen Qazaqstan» газеті тілшілерін онлайн жұмыс тәртібіне көшіріп қана қоймай, қалың оқырманның мүддесін ескеріп, жұмыс қарқынын да күшейтті. Сайттағы материалдар мазмұнын жан-жақты, сан-салалы материалдармен байытып, түрлі сараптамалар мен өңірлерден берілетін күнделікті жаңалықтар легін үш есеге дейін ұлғайтты. Сондай-ақ әлеуметтік желідегі – Facebook, Instagram, Telegram, Twitter, Вконтакте аккаунттарының контентін көбейтіп, YouTube желісіндегі «Egemen TV» арнасынан ұсынылып жүрген «Сөз туралы сөз», «Өрнек» сынды жобалар қатарын «Поэзия бұрышы», «Балаларға базарлық» сияқты жаңа дүниелермен толықтырып, домбыра үйренуге арналған видеосабақтарын да ұсынды. Нәтижесінде, газетіміздің тұрақты оқырмандарынан бөлек, оның онлайн оқырмандарының қатары да күрт өсті.  

Бұл соңғы 4 жыл көлемінде ұзақ мерзімді даму стратегиясын жүзеге асырып келе жатқан «Egemen Qazaqstan» газетіне деген қалың көпшіліктің жоғары бағасы деп білеміз.  Сондықтан «Егемен» оқырман үшін пайдалы контент легін жалғастыра береді.