Сұхбат • 09 Сәуір, 2020

Жарылқап Бейсенбайұлы: Сана сілкінсе – алынбайтын асу жоқ

1251 рет
көрсетілді
48 мин
оқу үшін

Аға, өткен Наурыз мейрамы күні өзіңіз тұңғыш бас редакторы болған «Ана тілі» газетіне 30 жыл толды. Сұхбатымызды да осы қазақ баспасөзіне жасындай жарқылдаған еркіндіктің лебін ала келген «Ана тіліне» қатысты әңгімеден бастасақ деймін. Әлбетте, газеттің ұйымдастырылу тарихы, оған өзіңіздің «Лениншіл жастан» (бүгінгі «Жас Алаш»)  қалай бас редактор болғаныңыз туралы бұған дейінгі сұхбаттарыңызда айтқаныңызды білеміз. Бізді қызықтыратыны, осындай газеттің жарық көруіне, тіпті дүниеге келуіне десек те болар, қандай алғышарттар ықпал етті? Сол кезең қарсаңындағы қазақ баспасөзіне, жалпы ақпараттық-идеологиялық кеңістіктегі ахуалға тоқталып өтсеңіз.

Жарылқап Бейсенбайұлы: Сана  сілкінсе – алынбайтын  асу  жоқ

– Иә, өз басым еңбек жолымның бастапқы кезеңінде талай қаламгердің талабын шыңдаған осы жастар газетінің тәлім-тәрбиесін көргендердің бірі болғанымды әрдайым мақтан тұтамын. Бұл құтты ұстаханаға 1969 жылы ҚазМУ-дің (қазіргі Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ) филология факультетінің бесінші курсында оқып жүргенімде келіп, 1989 жылдың соңында ғана, «Ана тiлi» апталығының ашылуына байланысты «әзер кетіппін». Біз «Жас Алаштың» ең бiр дүрiлдеген, таралымы 300 мыңнан асқан шағында қызмет еттік. Ол уақ – алпысыншы жылдарда Шерхан Мұртаза сынды ұлы редактордың кезінен бастау алған дүбiрлi жұрналшылық өнер бәйгесiн, сергек санаткер Сейдахмет Бердiқұлұлындай ұлы редактор одан әрi өрiстетiп әкеткен, газеттің әртүрлi тосын өрiстерге еркiн шыға алатын қабілет-қарымы, қилы-қилы iзденiстерге баратын бұла мiнезi, шығармашылық тұрғыдағы озық үрдiстері мен жаңашыл талпыныстары молынан байқалған кезең болатын. Жұрналшылықтың сан қилы ізденістеріне мүмкіндік әперетін осы басылымда  талай шығармашылық жобаларым жүзеге асты. Шоқандай ұлы тұлғаның ізін қайталаған сапарнамалық экспедициялар ұйымдастыруға мүмкіндік алдым. Кітаптарым жарық көрді.

Коммунистік билік үстемдік құрған әмiргершiлiк заманның қатаң қадағаланатын қыруар шектеулеріне қарамастан, жастар газеті ұлт пен тіл тағдырына қатысты қайсыбір түйткіл мәселе болмасын, әйтеуір бір ретін тауып оқырман санасына жеткізудің жолдарын қарастыратын. Алайда отаршылдық құрсаудың қалам еркіндігіне тұсау салған қатал қысымы оған үнемі ырық бере қоймайтын. Ұлттық мәселелерді сөз ету, қазақ тілінің қамын жеу – «интернационалистік тәрбиеге қайшы, ұлтшылдық пиғыл белгісі» боп саналған, төл тарихыңның тереңіне үңілу, өткеніңді білуге ұмтылу – «қазақ халқын нағыз өркениетке жеткізген сәбет өкіметінің ұлы жеңістеріне шәк келтіру», орыс, кеңес отаршылдығы кезіндегі нәубеттерді қозғау, ұлтымызды қынадай қырған аштық зұлматын, Алаш арыстарын сөз ету – «аса ауыр қылмысқа» баланған зілмауыр заманның сансыз тосқауылы аяғыңды қия бастырмайтын. Ол кезеңдегі жалпы ақпараттық-идеологиялық кеңістіктің, әсіресе қазақ баспасөзіне қатысты ахуалдың жай-күйі осылай еді.

Тіпті Наурыз мейрамының өзі де тыйым салынған тақырыпқа жататын. Үстем партия оған діни мереке ретінде қара таңба іліп қойған. Сонда да жастар газеті жылда осы күні арнаулы «Көктем нөмірін» үзбей шығарып тұрды. Мұндайда сол санда наурыз сөзінің көп қайталанып кетпеуі де кәдімгідей қадағаланар еді. Өйткені, бір жылдары соған орай жоғары жақтан «діншілдіктерің ұстап бара ма?» деген сыңайдағы зілді ескерту айтылғаны да есте.

Шығармашылық тұрғыда басқалардан өзін еркіндеу сезінетін жастар газетінің басындағы жағдаят осындай болғанда, сол кездегі республикалық, облыстық партия басылымдарына қатысты тосқауылдардың қандай сорақы деңгейде болғаны өз-өзінен шамаланар еді. Осы тектес қатаң тыйымдардың өзі жұрналшыларды нені жазу, нені жазбау керектігі жөніндегі дағдыларға  көндігуге, екі шоқып, бір қарауға бейіл ішкі редакторлық сүзгіге ырықсыз мойынсұнуға мәжбүр етер еді. Алда-жалда артық-ауыс дүниелер кетіп бара жатса, ең соңғы елек – қырағы көз цензура қалт жібермей, қағып тастайды.

Коммунистік биліктің ұлт тақырыбы мәселесін ерекше бақылауда ұстағаны  мәлім. Ол бойынша да «кінәлілерді» табу, тамырынан қырқып, жазалап отыру шаралары өте-мөте қатігездікпен атқарылды. Сексенінші жылдардың ортасындағы қайта құру дүмпуімен басталған демократиялық жылымық баспасөзге біршама еркіндік әкелгендей болғанмен, оның әсері Қазақстанда әуелі көп біліне қойған жоқ. Сол кездерде Мәскеуден шығатын «Огонек» жұрналы, редакциямызға арнайы жаздырылып алынатын Латвия комсомолының органы «Советская молодежь» газетінің беттеріндегі неше қилы сең бұзар материалдарды оқи отырып, ондай дүниелерді Қазақстан мысалында жариялау мүмкін еместігін өкінішпен мойындайтынбыз.

Сөз болып отырған жылдары қазақ тарихы мен руханиятының қастерлі қойнауларына батыл барлау жасаған басылымдардың бірі – Ақселеу Сейдімбек жетекшілік еткен «Білім және еңбек» жұрналы еді. Дегенмен, көп ұзамай ол да қызыл көздердің құрығына ілінді. Бас редакторды 86-жылғы Желтоқсан көтерілісінен кейін басталған қаралау науқанына ұшыратып, жұмыстан босатты. Онымен қоймай, «қазақ ұлтшылдығын дайындаушылардың» бірі ретінде үш әріп мекемесі тарапынан жүріс-тұрысы аңдуға алынып, істі қыла жаздады...

Дегенмен, империяның күйреуі қарсаңында, Мәскеу тарапынан заман райына орай амалсыздан мұрсат берілген жариялылық пен сөз бостандығының әсері біртіндеп Қазақстан идеологиясына да өз ықпалын тигізе бастағаны байқалған еді. Шерхан Мұртаза басқарған «Қазақ әдебиеті» газетінің ел мен тіл еңсесін көтеруде бел шеше қимыл көрсеткені, Нұрмахан Оразбектің Қарағанды облыстық «Орталық Қазақстан» газетіне редактор болып келгеннен кейін, бірінші беттің тас төбесіндегі «Барлық елдердің пролетарлары, бірігіңдер!» деген компартияның бұлжымас ұрансөзін қазақтың «Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ» деген мәтелімен алмастырғаны да осы кезең. Билік тарапынан елдің бетін бері қарату үшін Наурыз мейрамына рұқсат берілді. Жаңаша ойлау саясатының қозғау салуы нәтижесінде 1988-89 жылдары ұлт тарихындағы аса елеулі оқиға  – Алаш арыстары ақталып, еңбектері көп таралыммен басыла бастады. 1989 жылдың қыркүйек айында қазақ тіліне мемлекеттік мәртебе берілді. Артынша халықтың зор қолдауымен «Қазақ тілі» қоғамы құрылды...

Ұлт көкірегіне үміт ұялатқан осы дүбірлі уақыт жалында «Қазақ тілі» қоғамының үні ретінде «Ана тілі» газеті дүниеге келген.  Мен ол кезде «Жас Алаштың» жауапты хатшысымын. Бір күні таныс жұрналшы жігіт хабарласып: «Қазақ тілі» қоғамының басшылығы редакторлыққа адам іздеп жатыр, оң жамбасыңа келетін шаруа ғой, алдарынан өтіп көрмейсің бе?» деген ұсынысын білдірді. Ойлап қарасам, аптасына бір рет шығатын бұл газетті ел сүйетін басылымға айналдырудың реті әбден келетін сияқты көрінді. Газет қозғауға тиіс тіл мәртебесін арттыру мәселесі – ел рухын көтерумен сабақтас тақырып. Коммунистік биліктің бұйдасына байланған  басқа ресми басылымдардай емес, қоғамдық ұйымның үні ретіндегі бұл тәуелсіз апталықта тілдің өткір мәселелерін сөз ете отырып, отарланған ұлт басындағы қор жағдайды да қаймықпай айтуға, бұрын жабық боп келген тақырыптарды бүкпесiз ашуға, тұм­ша­ланған тарихымыздың ақтаңдақ тұстарын қаузауға, ел санасын оятататын дүние­лердi де жариялауға болады гой, дегендей уәжге берілгенбіз...

«Қазақ тілі» қоғамының басшылары – академик Әбдуәли Қайдар мен оның орынбасары Өмірзақ Айтбайұлы да бұл пікірімізге құлақ асқан болуы керек, 1990 жылдың ақпан айының ортасында біраз үміткерлердің арасынан мені редакторлыққа бекіткендерін хабарлады. Газетті қалай шығаруды өз еркіме беріп, редакцияны Тіл білімі институтының мәжіліс залына жайғастырды. Төл жаңа жылымыз – 22 наурыз күні апталықтың алғашқы нөмірінің тұсауын кеспекке уағдаластық...     

Әуелгі сандарынан-ақ қазақ баспасөзінде бұрын барланбаған тақырыптарды, ұлттың жоғын жоқтап, мұңын мұңдайтын, санасын сілкінтетін мәселелерді батыл қозғауымен ғана емес, дағдылы қалыптан бөлектеу жұрналшылық машықтарды да ала келуімен ерекшеленген апталық жұртшылық назарына бірден ілікті. Беделі күннен-күнге өскен газетке жазылу барысының қарқынды жүргені сонша, бір-екі айдың ішінде-ақ өз жалақымызды өзіміз тауып, баспахана, қағаз, тасымал шығынын да қиналмай жаба алатын жағдайға қол жеткіздік. Нәбәрі тоғыз ай уақыттан кейін, 1991 жылдың 1 қаңтары күні «Ана тілі» 110 163 данамен тарады... 
 

Сол кездегі редакция құрамына қарасақ, кадр табу газет қағазын іздеуден қиын болмаған сияқты. Кілең мықтыларды жинапсыз, сонымен қатар жаңа есімдерді де жарыққа шығардыңыз...

 – Әуелгілердің қатарында жастар газетінде әр жылдар бірге қызмет еткен, жұрналшылық қарымы өзіме жақсы таныс жігіттерге қолқа салдым. «Қазақ әдебиетінде» істейтін белгілі әдебиет сыншысы Бақыт Сарбалаұлы, секретариат секілді жауапты буынның майталман шебері Ертай Айғалиұлы, «Жас Алаштың» бөлім меңгерушсі Қонысбек Ботбай газеттің бағдары мен мақсатын білгеннен кейін бірден келісті. Жаңа есімдер дегенде, әуелі сол алғашқылардың сапында қызметке алынған Тіл білімі институтында кіші ғылыми қызметкер боп жүрген Ғарифолла Әнес пен Аманқос Мектеп сияқты жігіттер еске түседі. Ғарифолланың бұрын да азын-аулақ жазып тұратынынан хабарым бар-тұғын. Қаламгерлік иірімдерге икемділігі байқалатын. «Ана тілінің» бағыт-бағдарын түйсінгеннен кейін Аманқос екеуі түрктану мәселелері мен Алаш арыстарының ауыр тағдыр-талайына, мұраларына қатысты тақырыптарды біліктілікпен қаузап алып кетті.

Газет қызметкерлері кәсіби жұрналшылар ғана емес, әртүрлі басылымдарда мақалалары жарық көрген немесе редакцияға материалдарын жолдаған авторлар арасынан да іріктелді. Байбота Серікбайұлындай дарынды ақынымыз, тарихтың тереңінен інжу терген зерделі зерттеуші де екен. Бірер мақаласы жарық көргеннен кейін қызметке шақырып едік, ел назарын үйірер талай материалды төкті де тастады. Бірде мектепте мұғалім боп істейтін Болат Шарахымбай деген жігіт орыс мектептерінде қазақ тілі сабағының қалай өтіп жүргені жөнінде жазған проблемалық мақаласын өз қолымен алып келді. Авторды сәл кідірте тұрып, дереу материалмен танысудың нәтижесінде, қолтаңбасының ширақтығы ап-анық көрініп тұрған ұстаз бірден жұмысқа шақырылды. Кіші ғылыми қызметкерлердің шамалы нәпақасымен жүрген Дихан Қамзабекұлы, Шәмшәдин Керім, Амантай Шәріп секілді  болашақ әдебиетші ғалымдар апталыққа жарты жалақылы жұмысқа алынып (қаламақысы да бар), осы құттыханада жазу қолтаңбаларын қалыптастыру, материалдарды қорыту мен дайындаудың үлкен мектебінен өтті. Моңғолиядан көшіп келген дәрігер Абай Мауқараұлы бірер мақаласы жарияланған соң газетке келу туралы ұсынысымызға қуана келісіп, мамандығын түпкілікті түрде қаламгерлікке ауыстырды. Газет талабына лайық дүниелері арқылы көрініп жұмысқа алынғандардың қатарына бүгінде белгілі жұрналшы дәрежесіне көтерілген Сәкен Сыбанбай мен корректорлықтан келген  Раушан Төленқызын да қосуға болады. 

«Ана тілі» газет-жұрнал саласында бұрыннан қызмет істеген біраз жігіттердің жаңа қырларын ашуға септесті. Мақсат Тәжмұрат,  Мақсот Ізімұлы, Сағатбек Медеубекұлы, БақтиярТайжандар әлі күнге дейін апталық қабырғасында өткерген сол күндерін қаламгерлік қызметтерінің бір биігі ретінде әр кез еске алады. Жасы үлкен ағамыз, кезінде «Егемен Қазақстанда» бас редактордың орынбасары, «Сұхбат» экономикалық апталығының бас редакторы лауазымдарын атқарған қарымды қаламгер  Сабыржан Шүкірұлын да «Ана тіліне» өзіміз тарттық. 1996 жылдың жазында қаржы тапшылығы салдарынан «Сұхбат» газеті жабылып қалғаннан кейін, Сәкеңнің еш жерге өз аяғымен барып жұмыс іздей қоймай, үйінде жатқанын естідім. Арнайы телефон соғып: «Егер қомсынбасаңыз, «Ана тілінде» қызмет етуге қалайсыз? Құп көрсеңіз, Сіздің күнде редакцияға келіп тұруыңызды да қажет деп таппаймыз. Мақалаларыңызды үйде отырып-ақ жазуыңызға рұқсат береміз», – дедім. Ағамыз бірден келісімін берді. Бірақ еңбек тәртібінің ережесіне әбден үйреніп қалған Сәкең үйде жұмыс істегенді жөн деп таппай, редакцияға күнделікті келіп, елмен бірге хат қорытып, материал дайындаумен етене айналысқанды мақұл көрді. Майталман жұрналшы сол келгеннен апталықта он жылдай табан аудармай қызмет етіп, өзінің өткір мақалаларымен қазақ тілінің қамын жеген, ана тіліміздің дертіне дауа іздеген әйгілі қайраткерлердің бірі ретінде танылды.

Сондай-ақ газетке 1994 жылы келген Марат Қабанбай мен Жұматай Сабыржанұлы сынды қос саңлақтың шығармашылығын «Ана тіліне» дейінгі және кейінгі кезең деп екіге бөлер едім. Марат оған дейін балалар жазушысы ретінде көпке әйгіленген, прозалық кітаптары шет тілдерге де аударылған көрнекті қаламгер болатын. Бірыңғай шығармашылық жұмысқа кеткен оған тоқсаныншы жылдардың кералаң шағы жайсыз тиді. Кезінде жастар газетінде бірге істеген, содан бері дос-жаран боп араласып жүрген адамның басындағы қысылтаяң жағдайынан жақсы хабардар болғаннан кейін, қызметке шақырып едім, қарсылық білдірмеді. Содан «Ана тілінің» қабырғасында қайта түлеген Марат шығармашылығының жұлдызы жарқырай жанып, ол өз дарынына әбден лайық «қазақ серкесөзінің Қабанбайы» атанды.

Жұматай Сабыржанұлы да солай. Торғай облысы тараған соң Ақмола қаласына көшіп келген, кейінгі істеген жұмыстарында көп береке болмай, өз сөзімен айтқанда «еш жер жолатпай қойған жұқсызды» апталықта өткірлігі мен көркемдігі қатар үйлескен бірер мақаласы жарық көргеннен кейін, жүзбе-жүз танысып жатпай-ақ сыртынан жұмысқа алдық. Алдында ғана Ақмоланың астана болатыны шешіліп қойылған. Болашақ елордада бір тілшіміздің жүргені дұрыс дедік. Содан былай Жұматайдың теріскей қазағының мүддесін қозғаған, әділетсіздік пен түрлі келеңсіздіктерге келгенде тигенін тіліп түсетін, ашық күнде найзағай ойнататын орай да борай мақалалары үздіксіз шыға бастады.

 Сіздің журналистік-редакторлық қызметіңіздің мәні мен маңызы жағынан «Ана тілінен» бір кем түспейтін белесі Қазақ ақпарат агенттігі дер едік. Мұнда да іс жүзінде жаңа редакцияның, тіпті тұтас бір салалық бағыттың негізін қаладыңыз. Бәсекеге қабілетті қазақша ақпарат тарату ісін жолға қоюда қандай кедергілерді еңсеруге тура келді?

– 1997 жылдың соңында Ақпарат және қо­ғам­дық келісім министрі Алтынбек Сәрсенбайұлы министрліктің Алматыдағы филиалында қабылдауға шақырып жатыр деген соң, алдына жеткем. Бұл кезде газет «Қазақ тілі» қоғамының үні емес, мемлекет тарапынан қаржыландыратын басылымдардың қатарына қосылған. Яки министрліктің тікелей қарамағындамыз. Алтынбек ініміз әңгімені төтесінен қойды. «Сізді қайта құрылып жатқан Қазақ ақпарат агенттігінің (бұрынғы ҚазТАГ) қазақ редакциясының бас редакторы қызметіне тағайындағанды жөн көріп отырмыз», – деді. ҚазТАГ-тың қазақша материалдарының негізінен орысшадан аударылып шығатынын бұрыннан білемін ғой, тосын ұсынысқа аңтарылған қалпы: «Мен  аудармашы емеспін ғой», – деппін. «Мәселе сонда боп тұр, Сіз ол жерге тікелей қазақша ақпарат дайындайтын мүлдем жаңа редакцияны ашу үшін барасыз. Одан әрі агенттікпен бірге Астанаға көшесіздер», – деді жас министр. «Ана тілін» қимай, уәжімді айтып-ақ жатырмын. «Өзім сегіз жылдай мәпелеген перзентім ғой, әрі бұған дейін көрген-білгенім газеттің маңы, осы салаға бейімделгенмін, орнымда отыра берейін» дегендей сылтауларды көлденең тартқаныммен, Алтынбек көнетін сыңай танытпады. «ҚазТАГ-тың қазақшасы әлі күнге дейін аудармамен отыр. Баяғы компартияның кезіндегі сияқты, орыс тілінің жетегінде келеді. Соған намысыңыз келмей ме? Өзіңіз ұлт пен тіл мүддесі үшін күресіп жүрген жоқсыз ба?!», – деді. Осы сөзден кейін сылқ етпеске шара қалмады. Әрі қасарыса берсем, алдағы уақытта «Ана тілін» қаржыландыру жағына қауіп төнуі, одан басқа да бөгесіндер мен тосқауылдардың туындауы мүмкін-ау деген ойдың бір сәт басымда жүгіріп өткені де рас...

Агенттікте аз уақыт ішінде қазақ редакциясының сүйегі қаланды. Әуелгі сипаттары «Ана тілінде» жүргенде көрініс берген ұлт тіліндегі ақпараттық стилдің жатық үрдісін қалыптастыру мақсатын ұстандық. Ол жұмыс агенттік 2000 жылдың басынан елордаға көшіп келгеннен кейін одан әрі қарқын алды. Университеттерді енді бітірген үрпекбас түлектердің топшыларының қалай қатайғанын, солардың бірі болған Айбын, өзің де жақсы білесің. Өзіңмен қатар және сендерге ілесе ҚазАқпаратқа жұмысқа келген Ернұр Ақанбай, Қанат Тоқабай, Марлан Жиенбай, Арман Асқар, Руслан Ғаббас, Гүлмира Әлиакпар сияқты жастар көп ұзамай-ақ шашасына шаң жұқтырмайтын жүрдек ақпаратшылар қатарынан табылды емес пе. Бүгіндері олардың біразы соңдарынан шәкірт ерткен майталман жүйріктерге, жетекші мамандарға, бас редакторларға айналып отыр. 

«ҚазАқпаратта» жүрген кезеңнің көңіл тоғайтар бір сәті ретінде, 2004 жылдың сәуір айының өзінде-ақ мемлекеттік тілдегі жаңалықтарды елімізде тұңғыш рет латын қарпімен таратуды жүзеге асырғанымызды айтар едім.  Бұл идеяның өмірге келуіне – атажұрттың әр хабарына сусап, ынтығып отырған шет елдердегі қандастарымызға Қазақстан жаңалықтарын қалай жеткізсек екен деген жанашырлық мүдде түрткі болған-ды. Қытайдағы қалың қазақ төте араб жазуын, ал Еуропа, Түркиядағы қандастарымыз латыншаны пайдаланатындықтан, біз қолданып жүрген кирилл әрпін танымайды. Іргедегі Өзбекстан да бірден латыншаға көшіп кеткендіктен, ол елдегі қазақтың кейінгі толқыны өз-өзінен латын қарпінде сауат аша бастады. Яки бұрынғы кирилл әріпті сайтымызға қоса, шеттегі қандастарымыз үшін Қазақстан хабарларын латыншамен дереу жеткізіп тұрудың да тиімді болары анық. Осы мақсатқа орай, қазақ редакциясы өз бастамасымен қолға алған, қазақ тілінің дамуына қырын қарайтын кей басшысымақтардың іштей қарсылық жасап, тосқауыл қойғысы келгеніне қарамастан, мемлекеттік тілдегі жаңалықтарды автоматты түрде тікелей латынша әріпке ауыстыратын арнайы бағдарлама жасатып, 2004 жылғы 14 сәуірен латынша сайтты толыққанды қалыпта іске қоса алды.

Латыншаға өту – әсіресе бүгінгі күні ел назарындағы елеулі мәселелердің қатарында саналып отырғандықтан, сол кезде «ҚазАқпараттың» қай латыншаны таңдағанын білу де қызықты болар. Біз бұл тұрғыда соған дейін дайындалып үлгерген, 1993 жылы әуелі «Ана тілі», кейіннен «Егемен Қазақстан» газеттерінде жарияланған академик Ә. Қайдардың нұсқасын (бір-екі әрпіне ғана өзгеріс енгізу арқылы) негізге алғанды жөн көргенбіз. Агенттікте жүзеге асырылған бұл латынша соңыра мамандар арасында «ҚазАқпараттық нұсқа» деген атпен танылып кетті. Аталмыш бастама дүниеге келісімен, қазақ тілді оқырмандарымыздың саны күрт артып, латын қаріпті жаңалықтар желісі әлемге тарыдай шашылып кеткен барша қазақ жұртшылығы іздеп оқитын сайтқа айналды. Ақпарат құралдары бұл айтулы жаңалықты: «ҚазАқпарат» хабарларын латын әрпімен тарата бастап, сірескен сеңді бұзды», – деп сүйіншілеп алып кетті. «Шеттегі 5 миллионға жуық қазаққа жасалған зор құрмет», «мемлекеттік тіл аясын кеңейтуге мол үлес қосатын жоба», «интернет жүйесінде қазақ тіліндегі хабарлардың әлемге ортақ әріппен таралуы, сөз жоқ, сырттағы қазақтар үшін үлкен жәрдем», «бұл әлем қазақтары ғана емес, ортақ тіл мен ортақ түсініктегі түрк тілдес бауырларымыз үшін де қажетті бастама, латын әліпбиі олардың қазақшаны үйренуіне де молынан жәрдем берері анық», деген жоғары бағаларға ие болды. Бұл жаңалықты алғаш қуана қабылдап, шексіз ризашылығын білдіргендердің бірі – шеттегі қазақтардың көрнекті өкілі, «Азаттық» радиосын талай жыл басқарған қаламгер Хасан Өралтай еді. Мұны ана бір жылдары, Хасекеңнің өзі де осы «Егемен Қазақстан» бетінде арнайы атап өтті.     

«ҚазАқпараттың» мемлекеттік тіл аясын кеңейту мүддесін көздеген игі бастамасы латынша жобадан кейін де әрі қарай сабақтаса жалғасты. 2009 жылдың қазан айында агенттіктің қазақ тіліндегі материалдары әлемге төте араб жазуымен де таратыла бастады. Қытайдағы 2 миллионға жуық, Иран мен Ауғанстандағы әлденеше мыңдаған қазақты атажұрт жаңалықтарымен аңсата қауыштырған бұл бастама да өз мақсатына жетті. «ҚазАқпараттың» ана тіліндегі оқырмандар санын күрт арттырған төте жазу жобасы, соңыра одан әрі дамытылып, сол төте жазумен шығатын «Қазақ руханияты» атты әдеби, мәдени, елтану порталын ашуға ұласты.

Мақтады деп сөкпеңіз, бірақ ізбасар інілеріңіздің өзі әлі күнге компьютерді жатырқап жүргенде, Сіз 2000 жылдардың басында-ақ ҚазААГ-тың ақпараттарын компьютерде жылдам өңдеп, түзетіп отырғаныңызға куәміз. Қазір әлеуметтік желінің заманы, алайда сізді байқай алмай жүрміз. Әлеуметтік желіге шығу ойыңызда жоқ па?  

 Бұрын мәшіңке басуды жақсы меңгергеніммен, газеттер ол кезде әлі компьютерлік техникаға көше қоймаған еді ғой. ҚазАқпаратқа келгенімде, оның толығымен заманауи жүйеге бейімделіп қойғанын көргесін, сәл тосырқаушылық болғаны рас. Жұмыс үдерісіне тез ілесу үшін компьютерді жылдам үйренуге тура келді. Әуелгі кезде мәтін жазу, редакциялау, сайтқа жіберу тәсілдерін ғана игеру жеткілікті болғанымен, интернет мүмкіндіктерінің күннен күнге кеңейе түсуі, біртін-біртін мені де ғаламтор әлемінің түпсіз қойнауларында жинақталған аса қымбат қазыналарға қол жеткізудің терең иірімдеріне үйіріп алып кетті.

Бұл әуелден ғылыми ізденістерге жақындау жүрген өз басыма тіптен тиімді болды. Кітапханаларға бармай-ақ интернетте орналастырылған   ғылыми әдебиеттердің қыруар қорына жетудің мол мүмкіндіктері ашылды. Электронды кітаптардың арасында елімізден еш табыла қоймайтын, тек Мәскеу мен Петербордың байырғы ғылыми ордалары мен кітапханаларының сирек әдебиет қоймаларында ғана сақталып қалуы ықтимал, қасқалдақтың қанындай құнды мұралар да жетерлік. Әрі ғаламтор ұсынар ол артықшылықтардың аясы жылдан-жылға артумен келеді. Бұдан бірер жыл бұрын табылуы тіптен қиын кітаптардың, бүгінгі күні жүктеп алуға оп-оңай дайын тұрғанын көргенде тіптен риза боласың. Қалағаныңды көшір де, сақтап қоя бер. Кейінгі кезеңдерде жазылған зерттеу еңбектерімнің дені әртүрлі тақырыптар бойынша жүйе-жүйесімен жинақталған сол ғылыми әдебиеттердің арқасында жазылды. Қазіргі күні менің компьютерімнің жинақтауыш жадында түпнұсқадан pdf және djvu ж. т. б. форматтар арқылы жүктеліп алныған, кем дегенде екі мыңнан астам өзіме қажетті ғылыми әдебиет сақтаулы тұр. Және олардың саны алдағы уақытта одан әрі өсе берері анық. Осы арқылы Ресейдің ғылыми орталықтары, кітапханалары мен әртүрлі қорларының зерттеушілер үшін аса қолайлы жағдайлар жасап отырғанын аңғару қиын емес. Алайда біздің елімізде шығатын кітаптардың электрондық нұсқаларын пайдалану ісінде мұндай колжетімділіктің көңілдегідей болмай тұрғаны байқалар еді. Бізде жүктеп алатын әдебиеттер саны көп емес. Қазақша кітаптарының көбі тек сол сайттың өзінде ғана парақтап оқу (3d танысу) форматына бейімделіп жасалғандықтан, пайдалануға қолайсыздық тудырады. Жүктеп алуға келмейді. Мұндай үлгіні интернет ұстамайтын жерде парақтап оқу да мүмкін емес...

Әлеуметтік желіде неге белсенді емеспін дегенге келсек, ол төңіректі байқастап көргенмін. Фейсбук желісі – қатысушылар өздерінің жаңалықтарын, пікірлері мен жазғандарын ортаға жайып салып отыратын, бірінің айтқанына екіншісі үн қосып немесе өз уәжін айтып, мақтауы мен даттауы қатар өріліп жататын ашық көзқарас алаңы екен. Уақытты көп жейтін сияқты.  Бір адамның бөлісу парақтарынан екіншісіне қызыға ауысып отыра берер болсаң, бар күнің сонымен де кетуі мүмкін бе деп қалдым. Содан соң өзіме аса қажеті жоқ-ау деп шештім. Онсыз да бұқаралық ақпарат құралдарында жарық көрген дүниелерді ғаламтордан шолып шығудың өзіне бірер сағат кетеді. Жиналып қалған әдебиеттерді (әлгі жүктеп алған кітаптарды) оқуға, бірдеңелерді түртінектеуге тіптен уақыт қалмайтын болғасын, ағайын-туған, дос-жаранмен хабарласып тұруға тиімділеу деп тапқан уатсап желісімен ғана шектелгенді мақұл көрдім.

  Иә, көзіқарақты оқырман сіздің ғалымдық қырыңызды да жақсы біледі. Шоқанды зерттеуден басталған ізденіс сізді біртіндеп арғы түрк ақиқатына дейін жетеледі. Бірнеше кітабыңыз шықты. Қазір немен айналысып жатырсыз?

 Шоқантану тақырыбымен талай жылдан бері айналысып келе жатқан соң, бүгінгі сұхбатты пайдалана отырып, кейінгі кездері Шоқанның өміріне, өліміне қатысты нешетүрлі қауесет сөздердің көбейіп кеткеніне де тоқталғым келеді. Биылғы жылы туғанына 185 жыл толғалы отырған Шоқанның, ғылыми деректер бойынша, 1865 жылы өкпе дерті – туберкулезден қайтыс болғаны анық. Алайда ұлы ғалымымыздың қазасына қатысты қаншама дәйектер, құжаттар, естеліктер бар бола тұра, оның өлімі туралы «әдейі уланған», «оққа ұшқан» дегендей сан-саққа жүгіртушілік, тіпті ол 1865 жылдан  кейін де өмір сүрген дейтін алыпқашпа әңгімелердің ауық-ауық қайталанып тұруы саябырсыр емес.

Мұндайда кей адамдардың, сол заман дереккөздерінде, Шоқанның жан досы, әйгілі саяхатшы, шығыстанушы ғалым Григорий Потанин және басқа  замандастары қалдырған естеліктерде, оның бойында құрт ауруының белгілері бұрыннан бар болғанына қатысты жазылған айғақты дәйектерге ден қоймайтындығын аңғару қиын емес. Потаниннің жазуынша, Шоқан Омбы кадет  корпусының суық казармаларында алты жыл тұрған кездің өзінде-ақ, денсаулығын әлсіретіп алған, өкпе дертінің нышандары сол шақтан байқалған. «Ол  жаз  сайын   ауылына  барып, қымыз ішіп, жас ет жеп, оңалып  қайтып  жүрсе  де, кадет корпусын өкпе туберкулезі (чахотка) белгілерімен бітірді... Петербордың дымқыл ауа райы оның онсыз да әлсіз денсаулығын төмендеткені сонша, дәрігерлер оны дереу емделмесең болмайды, деп туған  жеріне  қуғандай  етіп жіберді», – дейді Потанин өз естелігінде (Ш. Уәлиханов. Шығармалар жинағы. 1985. 5 т. А.: ҚСЭ, 363-б.). Шоқанмен  Петерборда, Омбыда тығыз  аралас-құралас  болған  ғалым Н. Ядринцевтің де айтары  осындай. 1863 жылдың қысында Омбыда Шоқанмен әлденеше мәрте кездескен ол: «Шоқанның денсаулығының әлсіздігі,   өкпесінің  дертті (чахоточный) екені  анық аңғарылатын. Соған  қарамастан ол тағы  да  Петерборға баруға  жиналып  жүрді», – деп жазады (Ш. Уәлиханов. Шығармалар  жинағы. 1984. 1 т. А.: ҚСЭ, 98-б).

Алтынемелдің күнгейіндегі аға сұлтан Тезек Нұралиннің ауылын қыс кезінде мекен еткен Шоқанның 1864 жылғы 1 желтоқсанда Алматыдағы генерал Колпаковскийге жазған хатының соңында, ол өзінің науқасы жайынан да хабардар етеді. «Менің кеудем ауырып жүр. Істеген жақсылығыңыз болсын маған құстыратын бір майдәрі немесе кеудемдегі іріңді босататын (тек сүлік емес) және тер шығаратын бірдеңе беріп жібере алмас па екенсіз», – деп көмек сұрайды (Ш. Уәлиханов. Шығармалар жинағы. А.: ҚСЭ,1985. 5 т. 166 б.) Ал 1865 жылғы ақпанның 19-ы күні жазған хатында (Шоқанның әзір бізге белгілі жазбаларының ішіндегі ең соңғысы) оның халінің нашарлай түскені тіптен анық байқалады. Ол соның алдында ғана Семей облысының әскери губернаторы қызметіне ауысқан Колпаковскийге: «Сіз кеткен кезде маған суық тиіп жүр еді: көкірегім мен тамағым ауыратын. Тамағыма назар аудармай, көкірегіме ем жасағам, енді көкірегім жазылған сияқты болғанымен, жұтқыншағымның ауырғаны сонша, асты әзер жұтамын, дауысым тіптен шықпай қалды. Верныйға жетуге жолдың ауырлығы мен жайлы көліктің жоқтығы мүмкіндік бермегендіктен, мен өзімді, қазақтың құшнаш-емшісінің қолына тапсырдым. Оның не дәрі ішкізіп жатқанын бір құдайдың өзі білсін. Әйтеуір қол қусырып өлгеннен гөрі осы дұрыс», – деп науқасының өршіген жайынан хабардар етеді (Сонда. 174 б.). Дәрігерлердің пайымдауынша, бұл нышандардың бәрі туберкулез ауруының белгілеріне жатады. Зерттеушілер оның соңғы хаттарының әлсіз қолмен қинала жазылғанына назар аударады. Онда Шоқанға тән әдеттегі жорға қолтаңбаның ізі әзер аңғарылады екен (Чокан Валиханов и современность. А.: Ғылым, 1988.  316-б.).

Ол кезде емі жоқ туберкулез дертінің талай адамды жалмағаны белгілі. Ұлы Абайдың дарынды қос баласы Әбдірахман мен Мағауия да жап-жас шақтарында осы құрт ауруынан көз жұмған еді ғой. Жалпы Шоқан ғұмырын зерттеуге талпыныс танытқан талай адам әуелгіде аңғармай ұрынып қала беретін жылы қате көрсетілген екі құжат бар. Олар – Шоқан Уәлихановтың 1961-1972 жылдары жарық көрген алғашқы бес томдық шығармалар жинағының 1968 жылы шыққан 4-ші томының 444-446 беттеріндегі «Түркістан генерал-губернаторының әскери министрге баянаты» және «Бас штаб бастығының әскери министрге хабарламасы» деп аталған қос құжат. Алғашқысының жазылған уақыты 1865 жылдың 11 ақпаны, кейінгісі 1865 жылдың 7 сәуірі деп қате көрсетілген. Олардың мазмұнына қарағанда, «штабс-ротмистр Уәлихановтың Жетісу облысы қазақтары арасында аймақ шырқын бұзатын сөздерді таратып жүргені, бұл іске оның қайнағасы, полковник Тезек Нұралиннің де қатысы барлығы… осы тектес зиянды әрекеттері үшін оларды жауапқа тарту қажеттігі, штабс-ротмистр Уәлихановты Қазақ даласында қалдырса, елге көп залалы тиюі мүмкін екенін ескере отырып, оны империяның ішкері жағындағы кавалерия полкіне ауыстырған жөн болатыны» төндіре айтылады.
Академиялық жинақта жариялан­ған дәл осы екі құжат – Шоқан ғұмы­­ры­ның соңғы жылына, оның өліміне қатысты талай қауесеттің дүниеге келуіне түрткі болған ­басты кілтипанға саяды. Құжаттарда жазылған бұл жайттардың өз кезінде көп жұртты, тіпті шоқантануға бейіл берген біраз адамды иландырғаны сонша, олардың тарапынан да: «Осындай белсенді әрекетте жүрген адамды қалай науқас деп айтарсың, патша өкіметінің Шоқанды құртуға тырысқаны анық, яки әдейі қастандық жасалған, у берілген, атылған» деген,  немесе «ол 1865  қайтыс болған жоқ, одан кейін де өмір сүрген» делінетін сан-саққа жүгірген жалған жорамалдарға жол беріліп қалады.

Ал мәселенің анығына келсек, бұл екі құжат 1865 жылы емес, одан төрт жыл кейін – 1869 жылға қатысты деректерге саяды. Шоқанның төртінші томы (1968 ж.) дайындалып жатқанда «1869» деген санның көне құжаттарда көмескі боп көрінген соңғы «9» таңбасы техникалық (немесе басқаша) себептерге байланысты «5» санына абайсызда ауысып кеткен.
Әрі бұл  құжаттардағы «штабс-ротмистр Уәлиханов» деп жазылған адам – Шоқан емес. Ол Шоқанның Уәлихан атасынан барып қосылатын туысы – Ғази (Сұлтанғазы) Болатұлы Уәлиханов. (Шоқан 1864 жылдың жазынан бастап ротмистр шенінде). Ғази да ағасы Шоқан сияқты Омбы кадет корпусында оқыған. 1859 жылы корнет шенімен бітірген соң, Омбыда, Тобылда, Петерборда, Алматыда атты әскер бөлімдерінде қызмет еткен. 1864 жылдың мамырында поручик Ғази Уәлиханов полковник Черняев басқарған Әулиеата жорығына қазақ милициясының командирі ретінде қатысқан. Маусым айының соңында Әулиеатадан Шоқанмен бірге оралып, Алатау округінің бастығы, генерал Колпаковскийдің қарамағында қызметін жалғастырған. Аға сұлтан Тезек Нұралин ауылында тұрақтап қалған немере ағасы Шоқанға жолығып кетіп жүрген. Сол сапарларының бірінде ол Шоқанның келіншегі Айсарының сіңлісі Қарашашпен танысып, кейін оған үйленіп, ол да Тезек төренің күйеу баласы атанады. 1867 жылы штабс-ротмистр шенін алып, доғарысқа шығуға сұранып, содан екі жыл бұрын қайтыс болған немере ағасы Шоқан сияқты аға сұлтан Тезектің ауылында тұрақтап қалады.

Орыс билігі Қашқар аймағындағы Жетішәр, Құлжа өңіріндегі ­Тараншы сұлтандығы сияқты мұсылман хандықтарында өршіген көтерілістер ықпалына қазақтардың да еріп кет­пеуін қатты қадағалаған алпысыншы жылдардың соңында, Ғази Уәлиханов пен оның қайнағасы Тезек төренің де күдікке ұшыраған жайттары болыпты. Жоғарыда сөз болған қос құжатта айтылғандай, екеуіне: «Жетішәр билеушісі Жақыпбекпен байланыс орнатты, қарамағындағы елді Құлжаға көшіріп әкетуге үгіттеді, жергілікті халық арасында тиыштықты бұзатын зиянды әңгімелер таратты», деген айыптар тағылып, олар абақтыға шамалы уақыт жатып та шыққан көрінеді... Кейіннен Ғази ретін тауып Петерборға қызметке ауысып, сол жақта атты әскер полковнигі, генерал шеніне дейін өсіп, 1909 жылы империя астанасында дүниеден озған.  Бір қызығы, Шоқанның 1968 жылы шыққан 4-ші томындағы жылы қате көрсетілген бұл деректер өз кезінде көзі қарақты зерттеушілердің дәлелдеуі арқасында түзетілген де болатын. Сол себепті Шоқанның шығармалар жинағының 1984-1985 жылдарда жарық көрген екінші академиялық ба­сылымына (жауапты редакторы Ә. Марғұлан) Ғази Уәлихановқа қатыс­ты бұл қате құжаттар енген жоқ.  Алайда алғашқы бес томдыққа абайсызда жылы шатасып кіріп кеткен осы қос қате дерекпен ғана танысу мүмкіндігін алған (яғни, оның кейіннен түзетіл­генін білмейтін) шоқантануға қызы­ғатын кей жұрт  әлі де оны Шо­қанға қатысты шын ақиқат ретінде қабылдап, кәдімгідей сеніп қап жүр.  Ұлы ғалымымыздың өлімін сан-саққа жүгіртушілік,  ол 1865 жылдан  кейін де өмір сүрген делінетін алыпқашпа әңгіме осылайша оқта-текте қайталанудан танбай келеді...

Мұндайда тіпті сол жылдарға қатысты ғылыми деректерде, 1865 жылы Қазақ даласы  мен Түркістан өлкесін басқарудың жаңа жүйесін жобалау жөніндегі Дала комиссиясына қатысқан белгілі тұлғалардың Омбыда генерал-губернатормен кездесу кезінде Шоқанның өмірден тым ерте кеткенін қамыға отырып еске алғаны, атақонысы Сырымбетке келгенде әкесі Шыңғыс пен анасы Зейнептің басына түскен ауыр қайғыларына ортақтасып басу білдіргені, күзде Алтынемел өңіріне жеткенде, Шоқанның мұңлы жесірі Айсарының отауына арнайы бас сұғып көңіл айтқаны, Қоянкөздегі Шоқанның саз кесектен тұрғызылған бейітінің басына барып рухына тағзым еткені (полковник Гейнстің 1865 жылғы күнделігі), сол жылдың қысында жарық көрген Орыс география­лық қоғамы­ның жылдық есебінде» оның туберку­лез­ден көз жұмғаны туралы екі қазана­ма мақала жария­ланғаны (автор­лары Остен-Сакен, Ядринцев) қаперге алына да бермейді (Ш. Уәлиханов. Шығармалар жинағы. 1985. 5 т. 255, 263, 272-279-б)...

Қазір немен айналысудамын дегенге келсек, бірер жылдан бері Жошы ұлысының (Ұлық ұлыс, Алтын Орда) тарихына қатысты зерттеулерді қаузап жүрген жайым бар. Ертістен Дунайға дейінгі алып кеңістікті жалпағынан жайлаған бұл Ұлық ұлыстың дамуында қолдарына басты билік тұтқаларын ұстаған беклербектердің (ханнан кейінгі екінші лауазым, бектердің бегі, ұлықбек) атқарған қызметтері айрықша елеулі болғаны мәлім. Әдетте Алтын Орда құрамындағы қуатты иеліктердің ұлысбектері, әлеуетті түрк тайпалары көсемдерінің арасынан іріктеліп таңдалған бұл мансап иелері ханның ең сенімді серігі, мемлекеттің басты тірегі ретінде танылды. Беклербектерге ұлысты басқарудың күллі тетігі ғана емес, әскердің бас қолбасшылығы мен сыртқы істерге қатысты күрделі мәселелер де тікелей жүктелді. Түрк беклербектері арасында  Өзбек  пен  оның баласы Жәнібек хан билік құрған, яки Жошы ұлысының күш-қуаты кенересінен асып-тасыған кезеңдерінде Құтлықтемір, Исабек, Нағанай сияқты тарихи тұлғалардың есімдері айрықша мәшһүр болды. Одан кейінгі уақыттарда Мамай мен Едіге  беклербектердің ұлыбилік замандары дәуірледі. Әрқайсысы ірі-ірі түрк тайпаларының көсемдері болған бұл тұлғалар мен олардың ұрпақтарына қатысты деректердің  қазақтың этникалық тарихымен сабақтасып жатқан тұстары өте мол.

Алтын Орданың Бердібек хан билігінен (1357-59) кейін белең алған  (нар мойыны Бердібекте кесілген) әуелгі дағдарыс кезінен Ұлық ұлыстың ыдырауы басталды. Сонда Жошы ұлысынан алғаш бөлініп шығып тәуелсіздік алған иеліктердің бірі Хорезм ұлысы еді. (Бұл өңір өз заманында Шыңғысхан әулетімен әуелден құдандал жұрт қоңырат бектерінің еншісіне берілген аймақ болатын. Сол себептен де осы тайпадан шыққан Құтлықтемір (1335 ж. көз жұмды), одан соң Нағанай (шамамен 1360 ж. көз жұмды) бастапқыда осы иеліктің ұлысбектері қызметін атқарды. Беклербектік лауазымдарының ара-арасында Хорезмдегі билікке де ауысып оралып отырды).  Бердібек дүниеден өткен сол 1359 жылы, Ұлық ұлыстың  басынан бақ тая бастағанын байқаған Нағанай, өз балалары Құсайынсопы, Жүсіпсопымен бірге, Хорезм аймағы мен Сырдарияның төменгі алабын қоса қамтыған байтақ өңірді (астанасы Үргеніш, қазіргі Көнеүргеніш шәһары) өз әулеттеріне бағынышты дербес мемлекет етіп жариялады. Бұл ұлыс 1388 жылға дейін өмір сүріп, одан соң Ақсақ Темір империясының құрамына өтті. Он алтыншы ғасырдың басында Хорезм ұлысының билігіне Шибан ұрпақтары келді. Жүз жыл шамасынан кейін мемлекет астанасы Хиуа шаһарына ауысуына байланысты, бұл ел тарихи деректерде Хиуа хандығы деп атала бастады. Шибан әулетінен кейін 18 ғасырдың басында билік жергілікті түрк тайпабасыларының (инақтардың) қолына өтті. Осы кезеңде олардың өздері хан тұқымдары болмағандықтан, таққа Шыңғысхан ұрпақтары, қазақ сұлтандарын арнайы шақырып, солардың атынан өз биліктерін жүргізіп отырды. 1760 жылдардан бастап Хиуа хандығының билігіне қайтадан Нағанай ұрпақтарының келу үрдісі байқалды. 19 ғасырдың басынан олар өздеріне хандық лауазымды заңдастырып алу арқылы, бір орталыққа біріккен қабырғалы мемлекетбасыларына айналды. Содан 1920 жылға дейін ғұмыр кешкен Хиуа хандығын үзбей биледі...

Жошы ұлысының құрамына енген түрк тайпалары көсемдерінің Алтын Орда билігіне белсене араласқанын, олар дербес билік жүргізген өңірлердегі этникалық үдерістердің қазақ халқының тарихымен тығыз сабақтастықта өрілгенін айқын дәйектейтін осындай тақырыптарды қаузаудың өзі де қызғылықты емес пе. Қазір Ұлық ұлыс заманының осы қырларына қатысты жинақталған қыруар ғылыми әдебиетті қорыту, зерделеу аяқталып біткен сияқты. Енді тапжылмай отыру ғана қалып тұрғандай.

Биыл Жошы ұлысының 750 жылдығы. Осыған орай Ұлық ұлыстың тәуелсіздік алуының бастауында тұрған тарихи Талас құрылтайының өткен жері туралы да ойымды ортаға салсам деймін. Аталмыш құрылтайдың нәтижесінде Шыңғысхан құрған біртұтас Еке Моғұл ұлысының (Ұлы Моңғол империясы) ыдырап, оның құрамына енген Жошы ұлысы ғана емес, Шағатай, Өкетай, Төле, Құлагу ұлыстарының да өз билігі өзінде болар дербес мемлекеттерге айналғаны мәлім. Рашид ад-диннің «Жамиғ ат-тауарих» жинағында аталмыш құрылтайды ұйымдастыруға бас болған Жошы, Шағатай, Өкетай әулеттерінің ханзадалары 1269 жылдың көктемінде «Талас пен Кенжектің көкорай шалғынында жиналды» деп жазылған. Қазіргі зерттеушілер бұл жерді бірде Қырғызстан жерінде немесе Қазақстан мен Қырғызстан аумағындағы Талас бойының бір жазығында өтті дегенді айтады. Махмұт Қашқари өзінің «Түрк сөздігінде» (1072−1074 жж.) «Кенжек, Кенжек сеңгірТараз маңындағы шәһардың аты, ол жер қыпшақтармен шекарада» деп түсініктеме берген. Ал сеңгір сөзін – «тау биігі», «дуалдың шеті» деп ұғындырады. 19 ғасырдың басындағы хиуалық тарихшы Мунистың  жазбаларында сеңгір сөзі «бекініс» деген мағынада қолданылған. Яғни Кенжек сеңгір – Кенжек бекінісі деген тіркес.

ммм

Талас жазығы. 1970 жыл. Кенеп, майлы бояу. Авторы Ә.Қастеев

Қазақтың белгілі археологтары К.Байпақов пен М.Елеуов әртүрлі деректер мен археологиялық қазба нәтижелерін зерделеу арқылы, Кенжек шәһарын Талас өзенінің төменгі ағысындағы Талас жазығында орналасқан Шаруашылық деп аталып кеткен мекендегі көне қала (ҮІІ-ХІҮ ғ.) жұртымен қисынды түрде сабақтастыра алды. Осы маңызды дәйекті ескере келе, әйгілі құрылтай өткен, яки Жошы ұлысы тәуелсіздігін алған жерді, бүгіндері Жамбыл облысы Талас ауданы аумағындағы әйгілі Талас жазығы деп нақтыласақ жөн болады. Және бір назар аударарлық жайт, табиғаты әсем осы жазық атақты суретшіміз Әбілхан Қастеевтің де қылқаламына шабыт бергенін қаперге саламыз. Әбекеңнің 1970 жылы майлы бояумен салған «Талас жазығы» деп аталған кең тынысты ғажайып туындысында дәл осы тарихи жер бейнеленген. Қазақтың Қастеевтей аса әйгілі суретшісі Талас жеріне шығармашылық сапармен келген кезде, оған қолқабыс жасап, жергілікті әкімшілік тарапынан қасында жүріп жан-жақты көмек көрсеткен азамат Досмұрат Шахзадаевтың айтуынша, панорамалы туындының арғы фонында сол Шаруашылық мекені (көне Кенжек қаласы жұрты) орналасқан маңай сағымдала сұлбаланады...

– Сүбелі сұхбатыңыз үшін көп рахмет!

 

Әңгімелескен Айбын ШАҒАЛАҚ,

«Egemen Qazaqstan»