Аймақтар • 10 Сәуір, 2020

108 мың оқушы қашықтан оқиды

267 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысы мектептеріндегі 14 мыңнан астам мұ­ғалім­нің 98,9%-ы компьютерлік құрылғы, смартфонмен қамтыл­ған. Қашықтан оқыту жоспарланып отырған IV тоқсан қарса­ңында 601 мұғалімге уақытша пайдалануға компьютер берілді.

108 мың оқушы қашықтан оқиды

Облыстық білім басқарма­сының 4 басшысы Айымгүл Тіржанова өңірдегі 390 мектепте 108 мыңнан астам оқушы бар екенін, оқу жылының қоры­тын­ды, төртінші тоқсанын қашық­тан оқытуға дайындық пысық­талғанын хабарлады.

– Оқушылар үшін қашық­тан оқыту түрлі форматта жүргізіледі. Бірін­ші «Ел арна», «Балапан» те­леар­наларында және «Қазақ ра­диосы» толқынында сабақтар бері­леді. Осы сабақтарды көріп, тың­дап болған соң мұғалім түсін­діріл­ген жаңа тақырыптар бойынша оқу­шылармен кері байланыс ор­на­тады. Кері байланыс электрон­ды жур­нал болған жағдайда ғана орна­ты­лады. Электронды журнал бол­маған жағдайда мұғалімдер өз­дері­нің уақытша журналында оқу­шы­лардың оқу үлгерімін белгі­леп отырады, – дейді А.Тіржанова.

Елімізде «Bilіm Media Group», «Күнделік», «Мектеп онлайн», «Дарын онлайн» интернет плат­формалары мұғалімдер мен оқу­шыларға тегін қызмет ұсы­нып отыр. Мұнда әр пән бойын­ша бір­неше мыңнан астам бейне­сабақ орналастырылған. Осы ресурстарды пайдаланып, мұғалім оқушыларға тиісті тапсырма беріп, оқушымен кері байланыс жасайды және сабақтың қалай өткенін қорытындылап отырады.

«Сонымен қатар ұялы байланыс мүмкіндігін пайдаланып, уатсап, телеграмм басқа да чаттар, электронды пошталар арқылы оқыту ұйымдастырылады» дейді басқарма басшысы.

Қашықтан оқытуға көшуге байланысты білім ұйымдарының балансында тұрған компьютерлер педагогтар мен мұқтаж ата-аналарға уақытша пайдалану үшін берілсе, үнемделген қаржыдан компьютер, ноутбук, планшет сатып алу да көзделген.

– Барлық аудандық және қалалық білім бөлімдерінің мәлі­меті бойынша, облыстағы оқушы­лардың 91,5%-ында компью­терлік құрылғы, смартфон бар. Олардың 86,9%-ы интернетке шыға алады. Ал 9288 оқушының компьютері жоқ еді, қазіргі таңда олардың 2554-іне мектептердегі компьютер уақытша пайдалануға берілді, – дейді А.Тіржанова.

Өңір халқының тең жарымы тұратын Орал қаласында 50342 оқушы бар. Олардың ішінде аз қамтылған және көп балалы отбасының балаларына мектеп тарапынан 779 компьютер, 116 ноутбук берілген. Сонымен қатар демеушілер арқылы кейбір отбасыларға интернет өткізіліп, 7 смартфон, 9 компьютер, 7 теледидар, 21 планшет, 34 модем, 4 флешка, 2 роутер алынды. Орал қаласында 244 оқушының интернет желісіне қосылуы үшін қаржылай қолдау көрсетілген.

– Елімізде төтенше жағдайға байланысты оқытудың жаңа түрі енгізіліп отыр. Сондықтан мұғалімнің жұмысы көбейді. Бұл кезеңде оқушылар мен ата-аналар да өз үлесін қосуы қажет. Осы үштік бірлесе жұмыс істесе ғана қашықтан оқыту нәтижелі болады, – дейді облыстық білім басқармасының басшысы.

 

Батыс Қазақстан облысы