Руханият • 10 Сәуір, 2020

Екі спортшымыз алдыңғы лекте

124 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Жуырда шахматшылардың әлемдік рейтингі қайта жаңар­тылғаны белгілі. Бір кереметі, қазақтың екі шахматшы қызы – Динара Сәдуақасова мен Жансая Әбдімәлік дүние жүзінің ең үздік ойыншылары санатында. Бұл жағдай барша қазақстандық жан­күйерлерді қуантып отыр.

Екі спортшымыз алдыңғы лекте

Қазақстанның шахмат­шы қыздары арасында ең үз­дік нәтиже 23 жастағы Динара Сә­дуақасоваға тиесілі. Қоржы­нында 2500 ұпайы бар аруымыз ФИДЕ рейтингінде 12-орынды олжалауда. Кезінде 14, 17, 18 және 20 жастағылар арасында әлем чемпионы атанған ол былтыр жазда жерлестеріміздің арасынан алғашқы болып әйелдердің Азия біріншілігінде топ жарды. Динараның басқа да толып жатқан атақтары тағы бар.

20 жастағы Жансая Әбді­мә­ліктің де жүріп өткен жо­лы барша қазақстандық жанкүйер­лердің көз алдында. Балауса шағынан-ақ дара талантымен оқшауланған ол көптеген биік белестерді бағындырды. Түрлі жас ерекшеліктері бо­йын­ша өткен әлемдік және құр­лықтық додаларда бас жүл­дені олжалаған қандасымыз 2015 жылы Ресейдің Ханты-Ман­сийск қаласында өткен 20 жасқа дейінгі шахматшылардың әлем біріншілігінде қола медаль­ды иеленіп, төрткүл дүние жұрт­шылығын тамсандырған болатын. Ол кезде Жансая әлі 15 жасқа да толмаған еді. Кейін­нен де үлкен табыстарға қол жет­кізген қазақ қызы бұл күндері әлем­дік рейтингте 2778 ұпаймен 16-орынға табан тіреді. Сонымен қатар Әбдімәліктің 20 жасқа дейінгі шахматшылар арасында әлем­дік рейтингте көш бастап тұрғанын да айта кету абзал.

Міне, екі шахматшымыздың бүгінгі таңдағы табысы барша қазақстандықтарды там­­сандырып отыр. Алдағы уа­қытта осы сұлуларымыз әлемдік тәж үшін таласып жатса, еш таң­­данбаймыз. Сонымен қатар 16 жасар Бибісара Асаубаеваның да алар асулары алда деген ойдамыз. Қазіргі кезде ол үздіктер тізі­мінде 100-орынды иеленуде.

Әйелдердің әлемдік рейтин­гіне көз жүгіртсек, бүгінгі таңда Хоу Инфаньға тең келер ешкім жоқ. 26 жастағы қытай қызы әйелдер арасында төрт рет (2010, 2011, 2013, 2016) әлем чемпионы атанса, командалық сайыста үш мәрте (2007, 2009, 2011) бас жүлдені олжалады.

Екінші орында – Хампи Ко­неру. 32 жастағы Үндістан өкі­лінің мықтылар санатында жүр­геніне талай жылдың жүзі болды. Ал үшінші орынды ресейлік Александра Горячкина иеленуде. 21 жастағы Орынбор өңірінің тумасы былтыр үміткерлер тур­нирінде топ жарып, Цзюй Вэньцзюньмен әлем чемпионы атағы үшін таласу құқығына ие болған еді. Бірақ бұл тартыс қы­тайлық шахматшының пайдасына шешілді.

Сондай-ақ «ТОП-10» ойын­шының қатарына Цзюй Вэнь­цзюнь (Қытай), Катерина Лаг­но (Ресей), Мария мен Анна Музычук (Украина), Нана Дзаг­нидзе (Грузия), Доновалли На­риао (Үндістан) және Тань Чжунъи (Қытай) сынды мық­тылар енді.

Бүгінгі таңда «ТОП-50» шах­матшының санатында Қытайдың – 10, Ресейдің – 9, Грузияның – 5, Украинаның – 4, АҚШ-тың – 3, Үндістан, Қазақстан, Франция, Польша, Испанияның – 2, Иран, Германия, Швеция, Болгария, Түркия, Әзербайжан, Румыния, Моңғолия және Беларусьтың бір-бірден өкілі бар.

Ерлердің әлемдік рейтингінде Ресей шахматшыларының қар­қыны өте күшті. Қазіргі кезде көр­шілес мемлекеттің 14 өкілі «ТОП-50» ойыншының санатына еркін еніп отыр. Сондай-ақ АҚШ пен Қытайдың – 6, Үндістанның – 3, Әзербайжан, Мажарстан, Польша, Испания, Англияның – 2, Норвегия, Франция, Армения, Нидерланд, Болгария, Иран, Чехия, Вьетнам, Украина, Мы­сыр және Грузияның бір-бір өрені үздіктер тізімінде бар.

Сол үздіктер арасында 29 жастағы норвегиялық Магнус Карлсенге тең келер ешкім жоқ. Ол бұл күндері ФИДЕ рей­тингінде жеке-дара көш бас­тап тұр. 2013 жылы әлем чемпио­ны атағын жеңіп алған Скан­динавияның саңлағы сол кезден бері алтын тәжді ешкімге берген емес.

Екінші орында – Фабиано Каруана. Италияда дүниеге келіп, кейіннен АҚШ-қа қоныс аударған 27 жастағы жігіт 2018 жылы үміткерлер турнирінде топ жарып, әлем чемпионы атағы үшін таласу құқығына ие болған еді. Алайда шешуші сында ол Магнус Карлсенге есе жіберді.

Үшінші орынға 27 жастағы қытайлық Дин Лижень жайғасса, Ян Непомнящий (Ресей), Максим Вашье-Лаграв (Франция), Алек­сандр Грищук (Ресей), Левон Аронян (Армения), Уэсли Со (АҚШ), Теймур Раджабов (Әзер­байжан) және Аниш Гири (Ни­дерланд) сынды саңлақтар озық ондықтың қатарында.

Қазақстанның шахматшылары арасында ең үздік көрсеткіш Ринат Жұмабаевқа тиесілі. 30 жастағы шымкенттік спортшы әлемдік рейтингте 90-орынды қанағат тұтып отыр. Өкінішке қарай, «ойлылар ойынын» серік еткен өзге ойыншыларымыздың қарқыны әзірге бәсең.