Аймақтар • 10 Сәуір, 2020

Еңбек еткенге елеулі қолдау

350 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Әлемді алаңдатқан індет ке­зінде біздің облыста да жүз­деген адамға жұмыс­сыз қалу қаупі туындап отыр. Міне, осындай қы­сыл­­таяң кезде облыс орта­лығындағы «Новопэк» ком­паниясы жаңа жұмыс орын­дарын ашып, елге елеулі көмек көрсетуде.

Еңбек еткенге елеулі қолдау

Мемлекет басшысы айтқан «Біз біргеміз!» сөзінің астарын­да­ғы атан түйеге жүк боларлық мол мағына жалпақ жұрттың бойындағы сенімді нығайта түсуде. Бекем бірлікке не жетсін, шіркін! Облыс орталығындағы «Новопэк» компаниясының дәл осы шақта шаруасын ыңғай­лап, өз жұмысшыларымен қоса жұмыссыз қалғандарға да қайырымы тиіп жатуы жылы сөзге әбден лайықты іс. Кә­сіп­орын өндіріс көлемін кеңейту арқы­лы тағы да 100 адамды жұ­мыс­қа алмақ.

– Өз жұмысшыларымыздың ішінде баспанасыз жүргендерді жаңа жатақханамызға орна­лас­тыр­мақшымыз. Кәсіпорынның 500 жұмысшысына сәл де болса демеу боларлық азық-түлік себеті табыс етілді. Алдағы уа­қыт­­та жалақыны да тәп-тәуір кө­бейт­пекпіз, – дейді ком­па­ния­ның бас директоры Рүстем Усманов.

Жаңа жұмысқа орналасқан тігін цехының операторы алдымен тәжірибеден өткізіледі. Бірінші айда оған 60 мың теңге жалақы төленеді. Екінші айда істеген жұмысына еңбекақыға қосымша 30 мың теңге төлеу қарастырылған. Үшінші айда өз табысына 15 мың теңге үстемеленеді. Одан әрі атқарған жұмысына сәйкес жалақы алады. Жалақы мөлшері 80 мың теңгеден кем емес. Міне, осылайша әрбір мамандық бойынша тапқан табысының үстіне үстемеақы төлеу көзделіп отыр. Мәселен, тігіншілер алғашқы айдағы үйрену кезінде 60 мың теңге еңбекақы алады. Екінші айдан бастап атқарған жұмысына сәй­кес жалақы төленеді. Бұл жерге тіпті мамандығы жоқ адам­дар да қосалқы жұмысшы ре­тін­де жұмысқа орналаса алады. Еңбек­ақы­л­ары да тәп-тәуір. 90 мың теңге шамасында.

Кәсіпорын аумағында қауіп­сіз­дік шаралары мұқият қолға алын­ған.

 

КӨКШЕТАУ