Саясат • 10 Сәуір, 2020

Игіліктің бастауы – халықты ынтымаққа үндеу

37 рет көрсетілді

Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Бірлесе білген ел бәрін жеңеді» атты мақаласында елдің кемел келешегін көздеген келелі ойларымен бөлісіп, халықты бірлікке шақырды.

Елбасы «Халыққа қызмет етуден өзге, менің басқа тағдырым жоқ», деген болатын. Оның осы сөздерімен үндесіп жатқан істері бүкіл Қазақстанға шексіз қызмет етуінің жоғары дәлелі. Жаһандық деңгейде пандемия жарияланып отырған аса қиын шақта Елбасымыз ұлт саулығы, оның бүгіні мен келешегі жайында ерекше алаңдаушылық білдіріп, бұл жолы да халқымен бірге екенін дәлелдеді. Расында да, бүгін коронавирус індеті әлем жұртшылығын тығырыққа тіреп отыр. Еліміз бойынша кәсіпорындар, зауыттар, шағын және орта кәсіпкерлік қызметтері мәжбүрлі түрде тоқтатылды. Мұнайдың бағасы да бұрын-соңды болмаған ең төменгі бағаға дейін құлдырады. Өзге елдермен шекаралар жабылып, сауда-экономикалық қарым-қатынас тыйылды. Әлем елдерінде жұмыссыздық деңгейі артып келеді.

Әлем мемлекеттерімен қатар елі­міздің де басына сын сағатты сәтте Елбасы халық арасындағы ынтымақ-бірлікке, достыққа ерекше зор мән беріп отыр. Өйткені жұрт көңілі уайым мен алаң­даушылыққа салынған осы сәтті өз мүддесі үшін пайдаланғысы келетін аран­датушылар жоқ емес. Сол себептен Елбасы халықты арзан, азғырынды әңгі­мелерге еруден аулақ болуға, кері­сінше ғылым-біліммен айналысуға, әрбір адамды өз отбасына, ата-анасына, ба­лаларына, туған-тысқандарына қам­қор болуға, олардың өмірі мен ден­сау­лығын қорғауға шақырды.

Елбасы тәуелсіздік жылдары денсаулық сақтау саласын дамыту ба­ғытында жүзеге асырылған ауқымды жұмыстардың арқасында барлық өңірде бұрын болмаған жүздеген заманауи аурухана мен емхана салынғанын, елордада әлемдік деңгейдегі ең озық тех­никалармен жарақталған аса ірі ғылыми-медициналық орталықтардың ашылғанын, оның мамандарының әлем­нің ең дамыған елдерінде тәжі­ри­беден өткенін, «Болашақ» бағдарламасы аясында оқығанын айтты. Осылай алдын ала қамданудың нәтижесінде ұлт денсаулығына қатер төнген бүгінгідей қиыншылық заманда жұқпалы дерттің дәл диагностикасын жасау, оның алдын алу, науқасты емдеу сияқты тиісті шараларды дәрігерлеріміздің жоғары кәсіби деңгейде атқарып жатқанын мәлімдеді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тарапынан қалыптасқан ахуалға барабар шаралар қабылданып отыр. Бұл шаралар коронавирус індетінің тара­луын болдырмауға, ауыр экономикалық жағдайда халықтың аса мұқтаж топтарына, уақытша жұмыссыз отырған азамат­тарға, көп балалы отбасыларға, кәсіп­керлерге, ауыл шаруашылығы сала­сына алуан түрлі көмектердің көрсетілуіне бағытталған.

Елбасы бүгінгі Қазақстанды Кеңес Одағы ыдыраған өткен ғасырдың 90-жыл­дарындағы Қазақстанмен салыстыруға болмайтынын айтты. «Бізде осындай қиындық туғанда ешкімге алақан жаймау үшін, ұрпақ қамы, ел болашағы үшін жинақталған Ұлттық қор мен алтын-валюта қорында 90 миллиард АҚШ доллары бар. Ретімен, үнемді пайдаланар болсақ, ол бүгін басымызға түскен тағдыр мен тарих сынынан еңсемізді тік ұстап өтуімізге мол мүмкіндік береді», деді. Осы тұста Елбасы Үкіметке, барлық жергілікті атқарушы органдарға соны үнемді, орнықты пайдалану қажеттігін, Nur Otan партиясы мүшелерінің де осы бір сауапты істің алдыңғы қатарынан табылуға тиіс екенін баса айтты.

Қазақстан өз тәуелсіздігін алған алғашқы кезеңде Елбасымыздың прагматикалық тұрғыдан қабылдаған дұрыс шешімдерінің арқасында еліміз сұраныс пен ұсынысқа негізделген нарықтық экономиканы қалыптастыруға күш жұмсады. Қазақстан үшін жоспарлы экономикадан нарыққа көшудің өзіндік қиыншылықтары болды. Соған қарамастан, біз көштен қалмай, бой түзедік, үнемі алға қарай ұмтылдық. Жылдар өте нарықтық экономика елімізде ірі, орта және шағын бизнестің дамуына негіз болды.

Өз мақаласында Елбасы қазақтың зиялы қауымын халықты ынтымаққа шақыруға, өскелең ұрпақты ізгілікке тәрбиелеуге, ал жастарды Отанға шексіз қызмет етуге үндеді.

Елбасы: «Кәсіпкерлерге де арнайы айтарым бар: сіздер тәуелсіздіктің арқасында өз істеріңізді қалыптастырып, аяқтарыңызға нық тұрдыңыздар, мол дәулетке кенелдіңіздер. Енді «Мен еліме не беремін?» дейтін кездеріңіз де келді», деді. Айта кетуіміз қажет, Елбасы коронавирусқа байланысты бұдан ілгерідегі халыққа жолдаған үндеуінде: «Осындай қиын шақта елге көмектескісі келетін және жәрдем бере алатын адамдардың қаржысы жинақталатын» республикалық қор құруды ұсынды».

Бүгінде Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің басшылығымен облыста дағдарысты еңсеру, халықтың өмірі мен денсаулығын сақтауға бағытталған екпінді шаралар қабылданып, жүзеге асырылуда. Елбасымыздың республикалық қор құру тұрғысындағы ұсынысын жүзеге асыру аясында Түркістан облыстық мәслихатының депутаттары облыс аумағындағы барша іскер азаматтарға, кәсіпкерлерге, ірі кәсіпорындар басшыларына үндеу жариялап, ел басына осындай күн туғанда аянып қалмастан, қатерлі індетті жеңуде иық тіресіп, бар күш-жігерді бір арнаға тоғыстырып, қолдан келген көмекті көрсетуде шетте қалмауға шақырды. Осы Үндеу қызу қолдау тапты.

Түркістан облыстық мәслихатының депутаттары аталған республикалық қорға 147,5 млн теңге аударды. Сонымен қатар облыстық мәслихат депутаттары аз қамтамасыз етілген отбасыларға азық-түлік, гигиеналық құралдар түрінде
8,5 млн теңгенің көмегін көрсетті. Аталған республикалық қорға депутаттар тарапынан алдағы уақытта тағы да қаражат аударылатын болады.

Сондай-ақ бүгінгі таңда жүргізіліп отырған «Біз біргеміз!» акциясына да
Nur Otan партиясының Түркістан об­лыстық мәслихатындағы фракция­сының мүшелері белсенді түрде атсалысуда. Бүгінде кәсіпкерлердің қорға аударған қаражаты мен заттай көмектері арқылы Түркістан облысы бойынша 2 мыңнан астам отбасына 60 тоннадай азық-түлік, гигиеналық заттар топтамасы жеткізілді. Оны партия өкілдері, Jas Otan жастар қанатының мүшелері мен ерікті жастар жүзеге асыруда.

Бұл жердегі мақсат – көмекке зәру, жүріп-тұруы қиын тұрғындарды үйінен шығармай, көмекті жеткізу. Олардың қатарында тыл ардагерлері, жалғызбасты қариялар, мүмкіндігі шектеулі жандар және әлеуметтік жағдайы өте төмен көп балалы отбасылар бар. Аталған тұрғындардың тізімін облыстық жұмыс­пен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы мен аудан, қала әкімдіктері бекітті. Сондай-ақ ерікті түрде мемлекеттік қызметкерлер де бір күндік жалақыларын аударды.

Түркістан облыстық мәслихатының депутаттары тек қаржылай, заттай көмек­тесіп қана қоймай, халық арасында са­нитарлық-гигиеналық, дезинфекциялық шараларды қатаң ұстану тұрғысында түсіндіру жұмыстарын кеңінен жүргізуде.

Төтенше жағдай кезінде жұмыссыз қалған азаматтарға қолдау ретінде ең төменгі жалақы мөлшерінде (42500 теңге) әлеуметтік төлемдер туралы Түркістан облыстық мәслихаты депутаттары барлық аудан, қалаларда түсіндіру, насихаттау жұмыстарын жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп тұрақты түрде атқаруда.

Мемлекет уақытша қиындықтан шығу үшін қолдан келгеннің бәрін жасап отыр және жасайды да. Сын сағатта мен барша қазақстандықтарды дана халқымызға тән биік парасаттылығымызбен байсалдылық танытып, уақытша қиындықтарға берілместен, болаттай бекем болуға, күш-жігеріміз бен бірлігімізді бір арнаға тоғыстырып, дағдарысты абыроймен еңсеруге шақырамын!     

 

Қайрат БАЛАБИЕВ,

Түркістан облыстық мәслихатының хатшысы

 

Соңғы жаңалықтар

Асыл ағаны ардақтайық

Руханият • Бүгін, 07:49

Ақжайықтың Абайы

Руханият • Бүгін, 07:40

Карантин талабы күшейе ме?

Аймақтар • Бүгін, 07:36

Интернетпен қаншалықты қамтыламыз?

Технология • Бүгін, 07:32

Әлемді ойын арқылы басқару

Қоғам • Бүгін, 07:29

Аргентинаның алтын баласы

Спорт • Бүгін, 07:15

Коронавирусты таратпаудың қамы

Аймақтар • Бүгін, 07:07

Ұқсас жаңалықтар