Ең алдымен, бұл мақаланы 30 жыл бойы қалыптасқан дәстүрдің жалғасы ретінде қабылдадым. Өйткені Елбасы қандай қиын кезең болсын, халықпен кеңесіп, бір-біріне тірек болып келеді. Мұны Елбасы мақаласында «Тәуелсіздік жылдары ел өмірінің ең қиын да күрделі кезеңдерінде мен кез келген мәселені қадірменді отандастарыммен бірге бүкпесіз, ашық талқыға салып, туған халқыммен үнемі ой бөлісіп келемін» деп өзі де атап өтті.
Тұңғыш Президент жер-жаһанды қауіпті індет жайлаған қазіргі сын сағатта да ауыртпалықты халықтың сабырлығының, ерік-жігерінің арқасында аман-есен жеңетінімізге сендіреді. Мұндай сенімділікке негіз де жоқ емес. Еңселі ел болып іргемізді бекіткен осы күнге дейін елдігіміз бен бірлігіміз сыналған талай дағдарысқа тап келдік. Елбасының көшбасшылығымен қандай қиындық болсын, бәрін еңсеріп, елдің тұтастығы мен тұрақтылығына сызат түсірмедік.
Әрине бұл мақаланың зауалды шақтан нақты жүйелі жұмыспен жол тауып шығуды нұсқайтын көреген кеңеске құрылғанын ұғынып отырмыз. Мұның бір мысалы, Елбасы Ұлттық қорымыз бүгінімізге ғана емес, ертеңімізге деген сенімімізді күшейте түсетінін айтты. Ұлттық қор тұрғанда әлеуметтік саясатты толықтай жүзеге асыруымызға мүмкіндігіміз бар. Бірақ қорымыз ортайып қалмас үшін оны толтырып отыруды да естен шығармайық. Бұл ретте экономиканы дамыту басты назардан түспеуі тиіс.
Елбасы дағдарыс қысқан уақытта жедел түрде ұтымды шешім қабылдап, тиімді реформалар жүргізуге болатынын қанша мәрте дәлелдеп көрсетті. Сол сияқты дәл осы кезде қарапайым маска мен дезинфекция құралдарының тапшылығы сезілгенде, біздің кәсіпкерлер нақты іске кірісіп, осындай өнімдерді өздері де шығара бастады. Сондықтан бірлігіміз бар жерде тірлігіміз де тиянақты болып, барлық қиындықты жеңіп шығамыз!
Бейбіт Мамраев,
Мәжіліс депутаты