Медицина • 10 Сәуір, 2020

Қатерлі ісікпен ауыратындарға коронавирус қаншалықты қауіпті?

424 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Коронавирустың таралу аумағы ұлғайған сайын оның адамнан адамға жұғу қауіпі де артып келеді. Әсіресе, санитарлық талаптардың сақталмауы мен карантин ережесінің бұзылуы салдарынан инфекция белгісі анықталған тұрғындар саны азаймай отыр.

Қатерлі ісікпен ауыратындарға коронавирус қаншалықты қауіпті?

Өкінішке қарай, еліміз бойынша дерт жұқтырған адам саны күн сайын өсіп барады. Қуаныштысы, дертті жеңгендер тізімінің көбейгені көңілге медеу. Осы жерде мамандардың қауіпті індеттен сақтану жайында айтқан ақыл-кеңесін бұлжытпай орындаудың маңызы зор екенін естен шығармауымыз керек. Өйткені,  вирус шеңгеліне іліккен адамның денсаулығы үшін күресу отандық медицина саласына тым қатал сын мен жанқиярлық жұмыс болып отыр.

Жалпы, кез келген дерттің адам денсаулығына тигізетін зардабы ауыр. Ал бұл індеттің сау адамның өзіне жұғу қауіпі жоғары екендігін ескерсек, денсаулығында кінәраты бар науқастар үшін екі есе ауыр сынақ болып тұрғаны түсінікті. Демек, коронавирус қауіпі онкологиялық дертке шалдыққандар үшін қаншалықты қауіпті екенін бағамдауға болар.

- Қатерлі ісік дертімен ауыратын науқастар үшін бір қиын кезең өтіп жатыр. Онсыз да жаны қиналып жүрген адамдарға коронавирус инфекциясы екі есе қауіпті болып тұр. Өйткені, жұқпалы аурудың барлық түрі ең алдымен иммунитеті төмен адамға үйірсек келеді, ал денсаулығында кінараты бар науқастың ағзасы коронавируспен күресуге тіптен қабілетсіз. Сондықтан біз үшін де, пациенттер үшін де онкологиялық ем алып, дәрі қабылдау барысында сақтық шарасын арттыру ең басты міндет болып тұр, - дейді Алматы қаласындағы аймақтық онкология диспансері директорының орынбасары Рәш Шалбаева.

Мегаполисте орналасқан диспансер Алматы облысының оңтүстік аумағында орналасқан аудан тұрғындарының денсаулығына жауапты. Қазір диспансерде жұқпалы індеттің алдын алу мен сақтану шарасы өте жоғары деңгейде жүргізілуде. Аурухана аумағында карантин жарияланған, емделуші науқастардың денсаулығын қадағалау ерекше тәртіп бойынша жүзе асып жатыр екен. Алматы қаласының карантинге жабылуына орай жақын маңдағы аудандарда тұратын науқастардың диспансерге келуі қиындаған болатын. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының шешімімен бұл мәселе жолға қойылыпты. Яғни, диспансерлік ем-дом алуға мәжбүр пациенттерді аудандық ауруханалардың арнайы көлігі тасымалдап, қалаға жеткізеді. Сондай-ақ, дәрігер кеңесі мен басқа да көмекті қажет ететін онкологиялық науқастардың облыстағы кез келген ауруханаға алдын ала тіркелмей, кезексіз қабылдануына жағдай жасалған.

-  Облыс дәрігерлерінің кәсіби міндеттерін жауапкершілікпен атқаруы аумақта жұқпалы індеттің өршуіне тосқауыл болып тұр десек, жаңылпаспын. Адам денсаулығы үшін күресте біздің онкологиялық диспансердің мамандары да аянбай еңбек етуде. Карантин басталғалы бері біздің жұмысымыз төтенше жағдайда жалғасуда. Дәрігерлер мен орта медициналық қызметкерлердің дені қала маңындағы аудандардан келіп жұмыс істейтін еді. Қазіргі жағдайға байланысты олар қаладағы жатақханада жатыр. Карантиннің алғашқы күндерінен бері қаншама қызметкер отбасынан алыстап қалды, олар да бір үйдің отағасы, отанасы, келіні дегендей, жеке өмірге құқылы еді. Бірақ, олар өз қызметі мен науқастар алдындағы жауапкершілікке сай уақытпен санаспай жұмыс істеуді, төтенше жағдай кезінде туындаған қиыншылыққа мойымай еңбек етуді таңдады. Дәрігерлердің бұл ерлігі бағалануы тиіс. Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің үндеуінде бұл жайында өте жақсы айтты. Әрине, біздің мамандарымыз жұқпалы індетпен ауырған науқастармен бетпе-бет келіп жатқан жоқ, дегенмен бұл ортақ күрес. Мұнда ант берген ақ халатты жандардың барлығында бір ғана мақсат бар, ол індеттің таралуына жол бермеу және адам өмірін сақтап қалу, - дейді Рәш Шәріпбайқызы.

Өкінішке қарай, облыс аумағында қатерлі ісікке шалдыққандар науқастар саны жыл сайын көбейіп келеді. Қазір облыстың оңтүстік аудандарында тұратын адамдардың арасында 8 900 науқас диспансерлік есепке алынған екен. Өткен жылы 1 700 адамнан дерттің алғашқы белгісі анықталған. Ал былтыр асқынған ауру 703 адамның өмірін жалмаса, жыл басынан бері 213 науқас о дүниелік болған. Сараланған дерек бойынша онкологиялық есепке алынған науқастар арасында сүт безінің қатерлі ісігі көш бастаса, одан кейінгі орында өкпе рагы тұр екен. Осы өкпеде пайда болған ісіктен көз жұматындар саны жоғары көрінеді.

- Қатерлі ісік – адам өміріне қауіпті болғанымен, бұл ажал үкімі емес. Науқастар осыны есте сақтауы керек. Дерттің алғашқы кезеңінде дәрігерге қаралып, асқындырмай ем алған адамның құлан таза айғып кетуіне толық мүмкіндік бар. Сол үшін де адамдар жиі тексеруден өтіп тұруы тиіс. Ал онколог дәрігерлер қатерлі ісіктен емдеу үшін аянып отырған жоқ. Қазір бұған барлық жағдай жасалған. Әрине, проблема да шығып жатады. Көп жағдайда ота жасалатын науқастар қиналады. Қазіргі жүйе бойынша хиругиялық ем-дом шарасы медициналық есепке алу порталы арқылы жасалатыны белгілі. Науқастар кезек күтіп қалатын жағдай болады. Бірақ, біз бұған қарамастан дерттің салмағын жеңілдетуге күш саламыз. Дәрі-дәрмекпен қамтуда кідіріс жоқ, мамандар жеткілікті, медициналық құрылғылар бар, - дейді Алматы қаласындағы аймақтық онкология диспансері директорының орынбасары Рәш Шалбаева.