Аймақтар • 10 Сәуір, 2020

Өнім бағасы көтерілмейді

268 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Биылғы 2020 жылдың 3 сәуір күні республикамыздың Сауда және интеграция, Ұлттық экономика және Ауыл шаруашылығы министрліктері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік түрлерінің шекті бағаларын бекіту туралы ортақ шешімге келгені мәлім.

Өнім бағасы көтерілмейді

Соған сәйкес белгіленген тоғыз ұстаным өнімді өндіретін, әрі оны бөлшек саудаға шығарып сататын тұлғалардың ұдайы назарында болуға тиіс. Сондай-ақ үкіметтік деңгейде қабылданған құжатта әлеуметтік маңызы бар тауарлар бекітілген бағадан жоғары сатылатын болса, бұған жол бергендер жүз айлық есептік көрсеткіш (АЕК) немесе 265 000 тенге шамасында айыппұл төлейтіні де анық айтылған. Әрі мұндай жағдай тағы да қайталанса –айыппұл көлемі 200 АЕК ге дейін көтерілетіні көрсетілген.

Қазіргі күні Ақтөбе аймағында осы талаптар орындалып отыр ма? Бұл сауалға жауап қайтару үшін облыс орталығындағы бірқатар кәсіпорындарда болып, бүгінгі қам-қарекеттермен танысқан едік. Бұл ретте ең алдымен көңілге түйген жағымды жәйт қазіргі төтенше жағдайда да күнделікті қажетті азық-түлік тауарлар өндіретін бірқатар жергілікті кәсіпорындардың сақтандыру мен қауіпсіздік шараларын сақтай отырып, жұмыс жасап жатқандығы. Өйтпесе тағы да болмайды емес пе?! Әр күні қажет өнімдер тұтынушыларға уақытында жетпесе, әр түрлі түсінбестіктер туындамасына кім кепіл?

Солардың бірі «Жаңа Әлжан ұн зауытына» бас сұқаннымызда бұл кәсіпорынның қазіргі жай-күйі қалыпты екенін аңғардық. Мұндағы ұн және макарон өнімдері қоры жеткілікті екен. Зауыт басшысы Бекнұр Бейісовтың айтуынша алдағы жылдың астығы жиналатын кезге дейін бидай қорынан да тапшылық болмайды. Сондықтан бағаны көтеруге ешқандай негіз жоқ. Төтенше жағдай кездің өзінде күніне 500 тонна өнім шығарып жүрміз деді ол бұдан әрі. Сондай-ақ өсімдік майының 13 түрі мен шұжық өңдейтін қос кәсіпорын да тәуліктік режим бойынша жұмыс жасап жүргеніне көз жеткіздік. Бұған қоса өндіріс орнының бірінің қоры 1300 тонна құс етімен толысыпты. Аталған құрылымдар жылына 40 мың тонна өнім шығаратыны да жақсы көрсеткіш екені анық. Алдағы айларда облыс тұрғындарын қажетті өнімдермен қамтуға толық мүмкіндігіміз бар. Өнім бағаларын көтеру жөніндегі мәселе ойымызға келген жоқ дейді кәсіпорын жетекшілері.

Тұрғындардың күнделікті тұтынатын тағамдарының бірі –сүт. Осы орайда өңірде күніне 35 тонна сүт өнімдерін тұрақты түрде шығарып жүрген «Айс плюс» ЖШС сүтті қайта өңдеу зауыты ауызға бірінші ілігеді. Мұнда 2015 жылдан бері баға өзгермей, бірқалыпты түрде келе жатқаны атап айтуға тұрарлық іс. Әйьсе де кәсіпорын басшысы Қуаныш Есжанов биылғы наурыз айының басында зауыт өнімі бағасында сәл өзгеріс пен құбылу болғанын жасырмай айтып берді. Бұл жерде бар гәп өнімнің өзінде емес, оның қаптамасында болып шығыпты. Оның басты себебі Ресейден сатып алынатын тетра қорап пен полипропилен атты биржалық материалдың бағасы қымбаттап кеткендігі. Яғни ресейлік жабдықтаушылар оны жоғары бағамен ұсынып отыр екен. Дегенмен әлеуметтік маңызы бар өнімнің үш түрінің бағасы өзгермей, сол күйінде тұр дейді кәсіпорын басшысы. Ас атасы –нан. Бұл ретте күніне 11-15 тонна нан өнімдерін шығаратын «Атамекен-нан» ЖШС-ның өнімдеріне тұрғындар тарапынан сұраныс қашан да мол екеніне куә бола аламыз. Облыс орталығының тұрғындарына ғана емес, сонымен бірге Қарғалы, Алға, Мәртөк, Қобда және Мұғалжар аудандарының тұтынушыларын да нанмен қамтып отырған «Атамекеннің» мүмкіндігі мол екені талас туғызбайды. Қазіргі кезде осында өндірілген бірінші сұрыпты нанға деген тұрғындар сұранысы көбірек екені айқын көрінуде. Бұл өнім түрі дүкендерде 85 тенгеден сатылып жүргені салыстырмалы түрде өңірдегі төмен баға екенін айтқанымыз жөн.

Жылдың қай мезгілінде де  дәрумендерге бай көкөніс түрдері тұрғындар дастарханынан үзілмесе, оның ағзаға тигізер оң әсері аз боламйтыны хақ. Осы орайда өңірдегі көкөніс сақтау қоймаларында өткен жылы өндірілген жергілікті бау-бақша өнімдерімен толық қамтылғанын білдік. Соның бірі жылына 5 мың тонна өнім сақтай алатын «Пригородный» ЖШС-да болған кезімізде оның сыйымдылығын тағы да екі есеге дейін көтеру көзделгеніне көз жеткіздік. Сонымен бірге бүгінгі күні облыста Түркістан өңірінен  жаңа көкөніс өнімдерін жеткізу жөнінде іс-қимыл жоспары жасалған. Бұл үшін көтерме сауда базарларын санитарлық-дезинфекциялық талаптарға сәйкестеніру шаралары басталып та кетіпті.

-Біздің қазіргі басты міндетіміздің бірі тұрғындардың әлеуметтік маңызы бар азық-түлік түрлерімен толықтай қамтамасыз ету. Және бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу. Бұл үшін облыста күн сайын мониторингтік бақылаулар жүргізу қолға алынған. Оны бәсекелестікті дамыту және қорғау департаментінің мамандары мен сарапшылары жүргізеді, -деді «Egemen.kz» тілшісіне Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин.