Аймақтар • 10 Сәуір, 2020

Еріктілердің елеулі ісі

188 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Көкшетауда коронавирус індетіне қарсы шаралар күшейе түсті. Бұл маңызды іске еңбек ұжымдары, қала тұрғындары және еріктілер белсене атсалысуда.

Еріктілердің елеулі ісі

Қазақстан Республикасының ІІМ қарасты Көкшетау техникалық институтының оқытушылары мен қызметкерлері арнайы жоспар құрып, екі аптадан бері тұрғын үй аулаларында, сауда орындарында, көше бойлары мен аялдамаларда, басқа да көпшілік орындарында дезинфекциялық жұмыстарды жүргізуде.

Біз облыстық көпбейінді аурухана аумағында залалсыздандыру ісімен айналысып жатқан ақ комбинизонды жиырма кісінің ортасында жүрген институт бастығы, азаматтық қорғау полковнигі Сырым Шәріпхановты сөзге тарттық.

–Бұл біздің азаматтық және кәсіби тұрғыдағы парызымыз,–дейді ол. Карантиндік режимге байланысты, еліміздің барлық өңірінен келген  курсанттар үйлеріне қайтарылып, онлайн-дәрістер алуда. Сондықтан, жоғары басшылықтың келісімімен, институтта кезекшіліктен және сабақтан босатылған офицерлер мен сержанттардан іріктелген ерікті жасақ құрылды. Екі звеноға бөлінген құрылымдарды подполковник Азат Құсайынов пен майор Султан Арифджанов басқарады.

1

Бұл бастаманы Көкшетау әкімдігі қолдап, қорғаныс киімдерін, дезинфекциялық заттар мен арнайы құралдар бөлді. Жұмыс барысындағылар иыққа асатын бір құралдың дәрі-дәрмегі 700 шаршы метрге жететінін және 200 метр сайын толықтырылып отырылатынын айтады. Кешегі күні институт еріктілері 42 мың шаршы метр аумақты залалсыздандырған. Мұның өзі 10 шашыратқыш құралдың жүктемесі толығымен атқарылғанын білдіреді.

2

Институттың азаматтық қорғаныс және әскери дайындық кафедрасы бастығының міндетін атқарушы Сұлтан Арифжановтан төмендегідей мәліметтерді алдық: «Жұмыс кестесі бойынша біз 2 сәуірден бастап бес күн қатарынан «Орталық», «Алтын Плаза», «Жібек жолы» базарларында, Н.Назарбаев, Абылай хан даңғылдары мен Ақан сері, Е.Әуелбеков көшелерінің бойындағы нысандарда, Науан хазірет атындағы орталық мешіт, сауда орталықтарында, азық-түлік қоймаларында, спорттық нысандарда, мектептер аумағында «Диахлор қоспасы» сұйығымен өңдеумен айналыстық. Осы есепті мерзімде 14,5 тоннадан астам дәрі жұмсалып, 249,3 мың шаршы метр алаң талапқа сай өңделді» дейді С.Арифджанов.

4

Институт еріктілері бұл жұмыс жалғаса беретінін және кез келген уақытта алғы шептен көрінуге дайын екендіктірін білдірді.

 

Көкшетау қаласы