Коронавирустың таралуын болдырмау жөніндегі өңірлік жедел штабтың хабарлауынша, арнайы жиынға шақыру алдында әскери міндетті азаматтардың барлығы зерттелген. Ал, шақырылушылар Атырау облысының Қорғаныс істері жөніндегі департаментінде медициналық комиссия арқылы іріктелген. Жиынға қатысушы әскери қызметшілер мамандықтары мен тәжірибесіне орай үш топқа бөлінген.
Бірінші топ – аурухана бөлімі. Екінші топта радиациялық, химиялық және биологиялық қорғаныс взводы бар. Үшінші топқа атқыштар взводы кіреді. Әскери қызметке шақырылушылардың негізгі міндеттеріне коронавирустың таралуын болдырмау жөніндегі жедел штабтың жұмысына қатысу, блокпосттарда қызмет ету, қала аумақтарын дезинфекциялау, инфекция ошақтары бар объектілерді күзету және медициналық көмек көрсету кіреді.
Жиын 10 сәуір-10 мамыр аралығында өтеді деп күтілуде. Алайда, өңірде қалыптасқан жағдайларға сәйкес оның мерзімі үш айға дейін созылуы мүмкін. Арнайы жиын кезінде шақырылған азаматтар ҚР Қарулы Күштерінің әскери қызметшісі мәртебесін алады. Олар «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Заңға сәйкес барлық әлеуметтік жеңілдіктер қолданылады. Атап айтқанда, медициналық көмек, киіммен және тамақпен қамтамасыз етіледі.
Сонымен қатар, арнайы жиынның барысында әскери қызметке жарамды адамдардың жұмыс орны мен лауазымы сақталады. Оларға орташа жалақы төленеді. Ал, жұмыс істемейтін адамдарға мемлекет есебінен ең төменгі жалақы мөлшері, яғни, 42 500 теңге төленетін болады.
Жұмасат ҒАЗИЗ